Астанада 12 000 көрермен ел Әнұранын орындады
Астанада өткен концерт кезінде 12 000 көрермен Қазақстанның Әнұранын орындады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің ресми мәліметінше, ретро-фестиваль барысында «Барыс Арена» спорт кешенінде бір мезгілде 12 000 адам Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады. Бұл жарқын әрі шабыттандыратын оқиға барлық жастағы көрерменді бір арнада тоғыстырып, бірлік пен патриотизмнің символына айналды.
Ел үшін мақтаныш пен ортақ күш қатысушылардың жүрегінде ұзақ уақыт сақталатын мерекенің ұмытылмас атмосферасын құрды.
Естеріңізге сала кетейік, Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан астанасының орталық көшелеріндегі LED-экрандарында, ҚТЖ, ЭКСПО ғимараттарының медиа қасбеттерінде және айналма дөңгелегінде Мемлекеттік тудың бейнесі пайда болды.
Астанада концерттер, көрмелер, конкурстар, спорттық турнирлер және т. б. жиыны 50-ден астам мерекелік іс-шара өтеді.