Адамдар. Сапарымның басында самолетке отырып жатқанда іштей өкінгенімді мойындаймын. «Жұрттар болса Еуропаға, өркениетке барады ал мен... Көріп жүрміз ғой өзбектерді... Оның үстіне қазір қазақпын десең құшақ жайып қарсы алмайтыны түсінікті». Таныстарымнан естігем, шекарада тіміскілеп, мобильді телефондағы суреттерге дейін ақтаратынын. Самолеттен түскенімде күн батыпты. Қараңғылық үрейді одан сайын үдете түседі емес пе. Именіп шекарашы постына келдім. Шекара қызметі паспортына штампын қойып, күлімсіреп «Хуш келибсіз» деген соң жылып қалдым. Booking-тен броньдаған хостелім қаланың шеткері ауданында орналасқан екен. Оған жеткізген таксист хостелге қоңырау шалып, күтіп алуын тапсырды. Ал өзі мен дуалға кірмейінше күтіп тұрды. Қарапайым ғана қауіпсіздік ишарасы, бірақ ризашылық сезімі үдей түсті. ТМД елдеріне баруым бірінші емес, посткеңестік менталитет пе, бірақ өзге елдерден мұндай қонақжайлықты байқамадым. Тіпті өз елімізде мұндай қонақжайлық жоқ-ау. Самарқан қаласында жергілікті халықтан ең дәмді палау «геофизикте» екенін естіп такси ұстадым. Геофизик деген аудан ба, тұрғын үй кешені ме өзім де білмедім. Таксист бірден ұғып құйғыта жөнелді. Орталықтан өттік, Ұлықбек обсерваториясын артқа тастадық. Қаланың сырт жағы сияқты. Келіскен ақымыз 5 мың сом, біздікімен бар болғаны 250 теңгедей. Машина ішіндегі термометр сыртта 53ºC көрсетеді. Салонда шансонның қияли әуені ұрып тұр. Таксист жігітке ұрлана қарап қоямын, түрмеде отырып шыққан бәле болды ма екен. Міне жақындап қалдық деп еді, барған жерімізде құрылыс жүріп жатыр екен. Жолдың шетінде «Біз СТО-ға жаққа көшіп кеттік. Рахмет» деп жазылыпты. Қандай СТО? Қай ауданда? Бағыты қайда? Көп сөйлемейтін тұйық ағам құрлысшылардан жол сұрауға кетті. Олар иығын қиқаң еткізіп, қолдарын сілтеді. Енді көшеден өткен жүргіншілерден сұрап жатыр. Машинаға отырып Самарқанның шаңды көшелерін айналып бір екі қабатты ғимараттың алдына әкеліп, сіз іздеген ош осында деді. Артық тиын да сұрамады. Геофизик деген өзім ғой, сол жерде тастап кетуіне де болар еді. Риза болмақ түгіл, осыған дейін ойлап келген ойларымнан ұялдым.
***
Бала кезімде үйде КСРО халықтарының мәдениетіне қатысты бір энциклопедия жатушы еді. Ішінде қозы-лақ арасындағы моңғол бала, түркімен кілемдері, анар жинап жүрген сүйкімді өзбек қызы бар. Сол кітаптан көріп едім көкке оранған Өзбекстанды. Сонда ойлайтынмын Қазақстанда дәл сондай климат болса, біз де жасыл желекке оранған ел болар едік деп. Осы сапарда түсінгенім бұл елді құлпыртып отырған климаты, ауа-райы емес, еңбекқорлығы. Өзбекстан дегенде енді ойыма келетін ассоциация бұл – кетпен. Былай қарасаң күн күйдірген, аптаптан шыбын-шіркейі тозған, сары топырағы бұрқырап жатқан кәдімгі дала. Самарқан қаласынан Ташкентке дейін машинамен келдік. Жол бойы бір бос жатқан жерді байқамадым. Тек иен далада, иығына кетпен асып жүрген адамдарды байқайсыз. Қаз-қатар тізілген атыздар шақырымдарға созылады. Арасында сабаннан әлде брезент құрағынан тігілген шалаштарды көзіңіз шалады. Авто жолмен қатарласқан темір жол рельстері сәл әрірек орналасқан. Арасында бірнеше метр жер қалған. Тіпті сол жердің өзіне дақыл егіп, атыз жарып қойыпты. Біздің ауылдарда сиыр сауудың өзі сиреп барады. Дәл осылай дән егіп, терлеген қазақты көре аламын ба, білмеймін.
***
Тағы бір байқағаным Өзбекстанда шет тілдерін меңгеру бізден ілгері екен. Ежелгі қала ескерткіштерін аралап жүрсеңіз алдарыңыздан гидтер шығады, ағылшын, неміс, француз тілдерінде тарих шежірелерін судыратады. Қосымша ақыға әрине. Хостелде тауға барам деген ағылшын туристеріне жасы 50 асқан өзбек акә келді. Ағылшын тілін академиялық деңгейде білмесе де, еркін түсінісіп тұр. «3 days I work at school. I teach music to children. 2 days I'm a taxi man» деп қояды. Дәмханада бірге түстенген апайлар, жол сілтеп жіберген жастар, көшеде су сатқан сатушылар, айтқан жеріңе жеткізген таксистер «зиярат қабул болсун» деп шығарып салады. Осы сапардан өзіме ой түйдім. Өзбекстан маған жаңа әлемді көрсетті. Ол XII-XV ғасырларда салынып, бүгінгі күнге дейін салтанатын жоғалтпаған сарайлар, жеміс-жидегі сыңсыған бау-бақша емес. Жүзін күн қаққан, көздерінен мейірім төгілген, пейілі кең адамдары. Қазақстанда көрген, кездестірген өзбектер көп. Бірақ бір де біреуінің атын білмейді екенмін. Сұрамаған екенмін. Осы уақытқа дейін мен үшін бөгде әлем адамдары еді. Сол үстірт ойларым, ақылсыз сөздерім үшін қысыламын. Өзбекстанға 5 күндік сапарымда білгенім осы ғана. Бірақ көрерім, үйренерім әлі көп екені сөзсіз.