САЯХАТ
Астана-Ташкент-Самарқан
Мен көрген Өзбекстан
Биылғы демалысты жылдағыдай жоспарламадым. Шынымды айтсам жұмыстан жібермей қала ма деген күдік болған еді. Сөйтіп 1 жыл күткен демалыс та келді. Айналдырғаны екі апта. Демалып үлгеріп қалу керек. Алдын ала виза алған жоқ едім. Сөйтіп демалатын жер аясы да тарыла түсті. Отандық туризмді дамытуға үлес қоспады деп сөкпеңіздер. Түрлі елдер тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрі мен қазіргі тынысын көруге мүмкіндік беретін саяхаттан артық ештеңе жоқ. Соңғы кезде Еуропадан гөрі Азия елдеріне қызығушылық артқан тәрізді. Өзбекстан Сыртқы Істер министрі Абдулазиз Камиловтың биыл 6 ай ішінде елге 2,2 млн шетелдік турист келгенін мәлімдеген болатын. Жақсыны көрмекке деген, тарттым Өзбекстанға.
Ташкен барам десеңіз, көліктің барлық түрлері бар. Астанадан автобус та, пойыз да, самолет те қатынайды. Уақыт аз. Жаз ыстық. Сондықтан әуе қатынасын таңдадым. Uzbekistan Airways арқылы Ташкентке барып-келу - 60 мың теңге. Енді көрген түйгенім туралы қысқаша жазайын.

Ташкент қаласындағы Өзбекстан қонақүйі
Валюта. Сауда-саттық өзбек сомымен жасалады. Кей таксистер теңгемен алуға да қарсы емес. Ақшаның аты ақша ғой. Дегенмен жұмсайтын ақшаңызды Қазақстаннан алдын ала ауыстырып шығыңыз. Қазақстанда 1 теңге 23 сом болды. Ташкент әуежайында 20 сом еді. Оны арзансып қалаға келіп едім, банктерде 1 теңгеме 10 сом беретінін айтты. Ал сатып алу 25 сом. Базарларда валютаны заңсыз айырбастаушылар бар. Бірақ ұстап алса, жаза қатаң екенін ескертті жергілікті жұрт. Картаға келер болсақ, visa, master card арқылы төлем қабылдайтын жер сирек. Негізінен жергілікті карталарды ғана қабылдайды. Банкоматтан шығарам десеңіз, барлығы бірдей қызмет көрсетпейді. Бірнеше банкомат картамды мүлдем оқымады. Жергілікті халықтың кеңесімен Orient Finans Bank бөлімшесіне барып шешіп алдым.
Хостелдер. Саяхаттап жүргендерге ыңғайлысы хостел дер едім. Өзбекстан хостелдері жақсы дамыған, еуропалықтардан кем емес. Хостелдердегі жатын орын бірнешеге бөлінеді: отбасылық жұптарға арналған, тек ерлер, тек әйелдер жататын бөлме және ортақ бөлме. Хостел қонақтары түрлі елдерден келген саяхатшылар, біраз уақыттан соң бір отбасыдай бір-біріне бауыр басып кетеді. Хостел иелері таңғы асыңызды дайындап береді, жалпы өзіңізді үйде сезінуіңіз үшін бар мүмкіндікті жасайды. Мен болған барлық хостелдерде wi-fi болды, интернет сапасы да жақсы. Тек сим карта алу машақат екен. Ұлттық мобильді оператордың бас кеңсесіне бару керек. Ақыры сим карта алмай кеттім. Tripadvisor-да қаланы картасымен қоса жүктеп алуға болады. Оның үстіне жергілікті халық әрқашан көмек беруге әзір.
Ташкент метросы
Көлік. Самарқанда таксиге отырып жатып қауіпсіздік белдігін тақпақшы болғанда, таксист қолын бір сілтеп «Бу нима учин керәк? Тақпайақ қойың» дегені есімде. 2,5 миллион тұрғыны бар. Көліктер ешқайда асығып бір бірімен жарыспайды. Жолда Chevrolet, Ravon маркалы көліктер өте көп. Себебі бұл машиналар Өзбекстанда құрастырылады. Ташкенттің өзінде қалың көлік кептелісін байқамадым. Иә, Өзбекстанда ең арзан не десе көлікпен жүру ақысы дер едім. Саудалассаңыз 3 шақырымдай жерге 250 теңгеге жеткізеді. Ташкентте автобус, метро жүреді. Жол ақысы 1200 сом. 60 теңгедей. Самарқан қаласында трамваймен жүрдім. Оның да ақысы осындай. Айтпақшы, Ташкенттен Самарқанға пойызға билетті тым болмаса 1 күн бұрын алу керек. Жедел пойыз билеті шамамен 3000 теңгеге шықты.
Қоғамдық тәртіп. Шынымды айтсам, Өзбекстанда тұмшаланып жүретін адамдар көп деп ойлағам. Кезінде елді шулатқан Хизб ут-Тахрир Өзбекстанда кеңінен қанат жайды емес пе. Елде жүргенде шекарада мобильді телефондағы суреттерді тексереді екен дегенді естіп, дінге қатысы болуы мүмкін-ау деген суреттерді өшіріп тастағам. Алайда ешқандай тексеріс болмады. Шекарашылар өте сыпайы жандар екен. Әуежай биік темір шарбақпен қоршалған. Тек қолында билеті барлар ғана әуежай аймағына кіреді. Әуежай ғимаратынан шыққанда қызық көрінеді. Жақындарын күтіп алатын адамдардың барлығы темір шарбақтың ар жағынан қаумалап қарап тұрады. Білмеймін неге екенін, бірақ маған осы картина Үндістанды еске салды. Теміржол вокзалына кірерде де дәл осындай жағдай. Тек билетпен ғана кіресіз. Бөтен адамды вокзал аумағына кіргізбейді. Шай-су алғыңыз келсе вокзал ішінде бірнеше дүкен, сауда автоматтары бар. Тәртіп пен тазалық! Мадақ!
Өзбекстанда палаудың 300 астам түрі бар деседі...
Тағамдар. Бұл пункттің болмауы мүмкін емес, әлбетте. Өзбекстанда палау пісіретін адамды ошпаз дейді. Аспазға қатысы жоқ. Палауды мұнда «ош» деп атайды. Палауды негізінен далада үлкен қазанда ер адамдар жасайды. Палау қазанды әдетте түске қарай сағат 12-де ашады. Түстен кейін келсеңіз дәмді палаудан құр қалуыңыз мүмкін. Себебі палауды күніне бір рет жасайды. Бұл конвейермен жасалатын тағам емес, мәдени, қажет десеңіз рухани ритуал. Өзбек палауы ЮНЕСКО-ның материалды емес мәдени мұраларының тізіміне енген. TripAdvisor-дан Ташкентегі ең дәмді палау «Плов центрде» дегенді оқып алып сонда тарттым. Сонша мақталған палаудың дәмін татып, «осы да палау ма? Астаналық кейбір мейрамханалар палауды бұдан артық жасайды» деген едім. Бірақ кейін жарнама көп болса, сапа нашарлайтынын түсіндім. Сондықтан Ташкенттегі must see туралы App-тан емес, жергілікті халықтан сұраған жөн. Палауға қайтып оралайық. Өзбекстанның әр өңіріндегі палау әртүрлі. Хиуа палауы, Бұқара палауы Ташкентте жасалатын палауға мүлдем ұқсамайды. Маған Самарқанның палауы ерекше ұнады. Мұндай палауды ешқашан ешқайда жеп көрмеген екенмін. Палаудың еті мол, балбырап піскен. Артық майы жоқ. Күрішін қасықтап алсаңыз, қасықта күріш дәндері жеке-жеке қалады. Мүлдем жабыспайды. Құрамдық жағын алсақ, бөдене жұмыртқасы, барбарис, мейіз, нут басқа да маған таныс емес дәмдер қосылған. Порциясы мол. Бастысы церемония. Палауханаға барғанда алдымен бір шайнек көк шай, тандыр нан, көк шөп пен қаймақ, қияр-қызанақ салатын әкеліп берді. Бірнеше адам келсе даяшы міндетті түрде «палауды жеке ыдысқа салайын бә әлде ортақ табаққа ма?» деп сұрайды. Себебі өзбек халқы палауды ортақ табақтан жейді. Мұның өз сыры бар. Бір табақтан палау жеу жақындастыра түседі деген мағына бар. Палаумен қоса жергілікті ас мәзірінен кәуәп, самса, шалап (біздің ұлттық шалаптан өзгеше), тандыр нан және нағыз органикалық жеміс-жидектер алуды ұсынамын. Жеміс-жидектерді Ташкентте Чор-Су базарынан алыңыз. Мұнда уылжыған жеміс-жидектерді дәмін татып көре аласыз. Мен осы жерден өмірімде бірінші рет жаңа піскен інжірді көрдім. Сосын қызанақтардың неге көкніс емес, жидекке жататынын түсінгендеймін. Мұндай дәмді қызанақ көрмеппін. Сыртқы түрі тура біздікіндей, бірақ дәмі алмадан тәтті қызанақты да Ташкенттен таба аласыз.
Сауда-саттық. Саудаласу экономикалық емес, коммуникациялық сипатқа ие. Такси ұстаңыз, базарда, дүкенде сауда жасаңыз, тіпті мұражайларға барыңыз, саудаласу керек. Тіпті стоматологияда саудаласуға болатынын кейін білдім. (Айтпақшы, стоматологиялық, косметологиялық қызметтер өте арзан, әрі сапалы). Саудаласу процесі өте жұмсақ формада жүреді. Сатушы бастапқы айтқан бағасынан кемінде 50% түседі. Бірақ ренішсіз, қалжың, күлкі араластырып, алған тауарыңды ризашылықпен береді. Самарқан көшелерін аралап жүріп Hugo Boss, Dolce & Gabbana, Brioni бутиктерін көзім шалды. Жоқ, жалпы жергілікті халықтың, оның ішінде жоғары тап өкілдерінің киіну талғамына шек келтірмеймін. Бірақ Brioni-дің бір костюмі шамамен 3 мың еуродай. Ал бір еуро 9 100 сом болса, бір ғана костюм-шалбар сатып алу үшін дүкенге шамамен 27 300 000 000 (жиырма жеті миллиард үш жүз миллион) сом әкелу керек. Өзбекстандағы номиналы ең ірі купюра 50 мың сом болғанның өзінде дүкенге бір сөмке ақшамен келу керек болар. Осы оймен бутикке кірдім. Арзанқол дүние сатпайтынын дүкен интерьерінен, былғары диванға жайғасып әңгіме айтып отырған клиенттерден аңғаруға болады. Алайда сөреде итальян шеберлерінің коллекциялары емес, түрік тігін фабрикаларының костюмдері тұр. Сатушы ашық айтты: «Самарқанда Brioni костюмдерін алуға қаражаты жететін адам сирек. Ақшасы болса да дәл біздің бутиктен алмайды. Бізде ұсынылған костюмдер сапасы өте жақсы. Түркияның ең жақсы фабрикаларынан алдыртамыз. Бағалары да қолжетімді 3 миллион сомның костюмдерін алатындар баршылық». Есесіне жергілікті модельерлер дүкендері көп. Бір айтарлығы Өзбекстанда ұлттық киім, атрибуттары өте үйлесімді. Біздегі қошқар мүйіз штампы бар киімдер емес. Егер Өзбекстаннан базарлық алам десеңіз, базарға барыңыз. Өзбек ұлттық нақышындағы қыш ыдыстар, тақия, кебіс немесе желбегейлер, магниткалар, шебер қолынан шыққан қылыш, өрік-мейіз дейсіз бе, түр-түрі самсап тұр.
Тарихи жерлер. Өзбекстанда ЮНЕСКО бүкіләлемдік мұрасына енгізілген 5 нысан бар. Олар Ишан-Қала уәлаяты, Бұхара қаласының тарихи орталығы, Шахрисабз қаласының тарихи орталығы, Самарқандағы Регистан, Батыс Тянь-Шаньдағы Шатқал қорығы. Сонымен қатар, бұл тізімге енбеген көне ғимараттар, сәулетімен менмұндалап тұрған мешіттер қаншама. Оларға ағылған туристерде сан жоқ. Мойнында бірнеше фотоаппараттарын асынып алып, ескі мавзолейлердің әр тасын суретке түсіріп жүрген шетелдік туристерге қызықтым. Бұл суреттердің әрқайсын әлемнің әр түкпіріндегі адам көріп, ертең тура осы елге, қалаға жол тартады ғой. Ал өзбектер бұл тарихи мұражайды әрлеп, өңдеп, құлаған жерін қалпына келтіріп, жыр қылып айтуда. Шын мәнісінде Ұлықбек обсерваториясынан қалғаны шамалы. Бірақ обсерватория тұрған жерге музей салып, қалған ізін көзінің қарашығындай сақтап отыр. Самарқан қаласында зәулім ғимарат сала алмайды деймісіз, оларға бетон-шыны аралас зәулім ғимараттардан гөрі XIV — XV ғасырдағы өркениет куәсі Регистон ұлылығы артығырақ. Шындап келгенде Әмір Темірдің өзбектерге қатысы даулы мәселе. Бірақ Әмір Темірдің өмір сүрген, тұрған, жатқан жерлерінің барлығын тарихқа жазып, асыл мұраларына айналдырып отыр. Осы жерде гидтердің жұмысын атап өткім келеді. Мұражайға билет алсаңыз да, бұл гидтің қызмет көрсетуін білдірмейді. Гид осы жердің тарихын айтуы үшін қосымша ақы төлейсіз. Бірақ гид айтса, әр тасын, әр сызатын сағаттап әңгімелеп, бұл әлемдегі ең киелі жер, бұл жерде дүниедегі ең ұлы адамның болғанына сендіреді.
Адамдар. Сапарымның басында самолетке отырып жатқанда іштей өкінгенімді мойындаймын. «Жұрттар болса Еуропаға, өркениетке барады ал мен... Көріп жүрміз ғой өзбектерді... Оның үстіне қазір қазақпын десең құшақ жайып қарсы алмайтыны түсінікті». Таныстарымнан естігем, шекарада тіміскілеп, мобильді телефондағы суреттерге дейін ақтаратынын. Самолеттен түскенімде күн батыпты. Қараңғылық үрейді одан сайын үдете түседі емес пе. Именіп шекарашы постына келдім. Шекара қызметі паспортына штампын қойып, күлімсіреп «Хуш келибсіз» деген соң жылып қалдым. Booking-тен броньдаған хостелім қаланың шеткері ауданында орналасқан екен. Оған жеткізген таксист хостелге қоңырау шалып, күтіп алуын тапсырды. Ал өзі мен дуалға кірмейінше күтіп тұрды. Қарапайым ғана қауіпсіздік ишарасы, бірақ ризашылық сезімі үдей түсті. ТМД елдеріне баруым бірінші емес, посткеңестік менталитет пе, бірақ өзге елдерден мұндай қонақжайлықты байқамадым. Тіпті өз елімізде мұндай қонақжайлық жоқ-ау. Самарқан қаласында жергілікті халықтан ең дәмді палау «геофизикте» екенін естіп такси ұстадым. Геофизик деген аудан ба, тұрғын үй кешені ме өзім де білмедім. Таксист бірден ұғып құйғыта жөнелді. Орталықтан өттік, Ұлықбек обсерваториясын артқа тастадық. Қаланың сырт жағы сияқты. Келіскен ақымыз 5 мың сом, біздікімен бар болғаны 250 теңгедей. Машина ішіндегі термометр сыртта 53ºC көрсетеді. Салонда шансонның қияли әуені ұрып тұр. Таксист жігітке ұрлана қарап қоямын, түрмеде отырып шыққан бәле болды ма екен. Міне жақындап қалдық деп еді, барған жерімізде құрылыс жүріп жатыр екен. Жолдың шетінде «Біз СТО-ға жаққа көшіп кеттік. Рахмет» деп жазылыпты. Қандай СТО? Қай ауданда? Бағыты қайда? Көп сөйлемейтін тұйық ағам құрлысшылардан жол сұрауға кетті. Олар иығын қиқаң еткізіп, қолдарын сілтеді. Енді көшеден өткен жүргіншілерден сұрап жатыр. Машинаға отырып Самарқанның шаңды көшелерін айналып бір екі қабатты ғимараттың алдына әкеліп, сіз іздеген ош осында деді. Артық тиын да сұрамады. Геофизик деген өзім ғой, сол жерде тастап кетуіне де болар еді. Риза болмақ түгіл, осыған дейін ойлап келген ойларымнан ұялдым.
***
Бала кезімде үйде КСРО халықтарының мәдениетіне қатысты бір энциклопедия жатушы еді. Ішінде қозы-лақ арасындағы моңғол бала, түркімен кілемдері, анар жинап жүрген сүйкімді өзбек қызы бар. Сол кітаптан көріп едім көкке оранған Өзбекстанды. Сонда ойлайтынмын Қазақстанда дәл сондай климат болса, біз де жасыл желекке оранған ел болар едік деп. Осы сапарда түсінгенім бұл елді құлпыртып отырған климаты, ауа-райы емес, еңбекқорлығы. Өзбекстан дегенде енді ойыма келетін ассоциация бұл – кетпен. Былай қарасаң күн күйдірген, аптаптан шыбын-шіркейі тозған, сары топырағы бұрқырап жатқан кәдімгі дала. Самарқан қаласынан Ташкентке дейін машинамен келдік. Жол бойы бір бос жатқан жерді байқамадым. Тек иен далада, иығына кетпен асып жүрген адамдарды байқайсыз. Қаз-қатар тізілген атыздар шақырымдарға созылады. Арасында сабаннан әлде брезент құрағынан тігілген шалаштарды көзіңіз шалады. Авто жолмен қатарласқан темір жол рельстері сәл әрірек орналасқан. Арасында бірнеше метр жер қалған. Тіпті сол жердің өзіне дақыл егіп, атыз жарып қойыпты. Біздің ауылдарда сиыр сауудың өзі сиреп барады. Дәл осылай дән егіп, терлеген қазақты көре аламын ба, білмеймін.
***
Тағы бір байқағаным Өзбекстанда шет тілдерін меңгеру бізден ілгері екен. Ежелгі қала ескерткіштерін аралап жүрсеңіз алдарыңыздан гидтер шығады, ағылшын, неміс, француз тілдерінде тарих шежірелерін судыратады. Қосымша ақыға әрине. Хостелде тауға барам деген ағылшын туристеріне жасы 50 асқан өзбек акә келді. Ағылшын тілін академиялық деңгейде білмесе де, еркін түсінісіп тұр. «3 days I work at school. I teach music to children. 2 days I'm a taxi man» деп қояды. Дәмханада бірге түстенген апайлар, жол сілтеп жіберген жастар, көшеде су сатқан сатушылар, айтқан жеріңе жеткізген таксистер «зиярат қабул болсун» деп шығарып салады. Осы сапардан өзіме ой түйдім. Өзбекстан маған жаңа әлемді көрсетті. Ол XII-XV ғасырларда салынып, бүгінгі күнге дейін салтанатын жоғалтпаған сарайлар, жеміс-жидегі сыңсыған бау-бақша емес. Жүзін күн қаққан, көздерінен мейірім төгілген, пейілі кең адамдары. Қазақстанда көрген, кездестірген өзбектер көп. Бірақ бір де біреуінің атын білмейді екенмін. Сұрамаған екенмін. Осы уақытқа дейін мен үшін бөгде әлем адамдары еді. Сол үстірт ойларым, ақылсыз сөздерім үшін қысыламын. Өзбекстанға 5 күндік сапарымда білгенім осы ғана. Бірақ көрерім, үйренерім әлі көп екені сөзсіз.

АСТАНА-ТАШКЕНТ-САМАРКАН
Өзбекстанға сапар
Бұл материалда автордың жеке көзқарасы, пайымдары берілген. Сіз көрген Өзбекстаннан өзгеше болуы әбден мүмкін