Жаңалықтар

«Жібек жолы» балетінің премьерасы өтеді

Би мен музыка, стильдер мен мәдениеттердің өзара алмасу жолы
«Жібек жолы» балетінің премьерасы өтеді
Фото: astanaballet.com 13.06.2022 16:05 2799

18-19 маусымда «Астана Балет» театрында хореограф Мукарам Авахри қойған «Жібек жолы» балетінің премьерасы өтеді. Либретто авторы танымал ақын әрі сценарист Бақыт Қайырбеков. Бұл туралы El.kz сайты  «Астана Балет» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазір ақтық дайындық шаралары өтуде. Әртістердің репетиция кестесі өте тығыз. Репетиция өтетін балет залы сахнаға айналған дерсің. Сөз жоқ, премьераға дейінгі соңғы күндер зор жауапкершілікті талап етеді. Әртістер жаңа балеттің әр сахнасын әлсін-әлсін қайталап отырады. Енді аз күннің ішінде сахна шымылдығы ашылып, Арман Амар мен Ренат Ғайсиннің ғажайып музыкасына қойылған, жібектің пайда болуы мен оның ұлы жолын би тілімен суреттейтін балетті тамашалай аласыз. Осындай балет қою идеясын көтерген театрымыздың арт-менеджері Әсел Исабаева.

«Жібек жолы» жобасымен жұмыс істеу барысында мен жібектің өзі жайлы көп нәрсе білдім. Мені әрдайым жаңа жобаның тақырыбы қызықтырады, өйткені, өзімді білемін ғой. Ізденуіме түрткі болатын, жаңа бейнелерді жасауға, тың мәлімет іздеуге негіз болатын – болашақ жобаның тақырыбы. Мен бұл қызықты процесті хореографпен тандемсіз елестете алмаймын. Либреттоны жай ғана әңгіме ретінде жазу мүмкін емес. Бұған сенбеймін. Мукарамның жұмысын және оның көркем құралдарды іздеудегі табандылығын, шығармашылық табиғатына адалдығын білгендіктен, мен оған құлай сендім. Себебі, ол түпкі ойының сахнада қалай көрініс табатынын нақты біледі. Сөйтіп, маған да сенім дарытады. Шығармашылық дегеніміз осы, дәлірек айтқанда, тең шығармашылық. Дәл осы өзгергіштік оны күнделікті күйбең еңбектен ерекшелендіреді. Себебі, мұнда штамп болмайды. Қанша дегенмен, «мәңгілік» дүние жасауды армандаймыз ғой», - деді, либретто авторы Бақыт Қайырбеков.

Асқар Ысқақовтың бірегей сценографиясы және Әсел Шалабаева мен Дина Буксикованың ғажайып костюмдерін театрдың көркемдік-өндірістік цехтері жасап жатыр. Хореографтың көркем ойын визуалды әсерлер арқылы жеткізуге бейнесуретші Нұрлан Керей күш салуда.

«Костюмдерді жасау бойынша жұмыс ерекше бағытта жүріп жатыр. Балет костюміне қойылатын стандартқа ұқсамайды, эксперимент пен қарапайымдылық көп. Кино суретшілері саналатын Дина екеуімізді бұл жобаға Мукарам сондықтан шақырған болар. Бізге, өз кезегінде, біршама қиын. Себебі, көлемді тарихи фильмде қабылданған артық бөлшектерсіз, күрделі детальдарсыз «костюм жасамай-ақ костюм жасау» міндеті тұр. Мен минимализм деп айтпаймын, керісінше киімдегі ақпараттылық аз, өйткені, негізгі ақпарат бишінің қимылымен жеткізіледі. Біз костюм жасауға қажетті метафораларға қатысты әлі де ізденіс үстіндеміз. Біздің ойымызша, Жібектің нәзік табиғатын, оның түрлі елдерге сапарын суреттеуіміз керек. Мұнда да бір қиындық туындады. Себебі, нақты бөлшектерсіз киімнің этникалық тамырын танытуымыз керек. Болмашы нюанспен мұны жеткізу де оңай емес. Біз 220 костюм жиынтығын жасауды жоспарлап отырмыз, бұл, шамамен, 750 атау. Бұл ауқымды әрі өте қызықты жоба!», - деген ойымен бөлісті, костюм суретшісі Әсел Шалабаева.

Осы тақырыпқа балет қою идеясын «Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау қоры» жүзеге асырып жатыр. Бас серіктес - «Самұрық-Қазына» АҚ. 

Премьера Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға