Жаңалықтар

Астана автобустарына WI-FI жүйесi орнатылды

Елорда автобустарына тегiн WI-FI жүйесi орнатылды.
03.07.2015 08:46 4903

Астанада қоғамдық автобустарды тегiн интернетпен жабдықтау бойынша WI-FI Bus Astana жобасының тұсауы кесiлдi. Жоба аясында қаладағы 400 автобусқа тегiн WI-FI жүйесi орнатылды.

Аталған жобаны Астана әкiмдiгi, Beeline ұялы байланыс операторы, «Астана LRT» компаниясы және Астана Innovations инновациялық даму операторы қолға алып отыр. Жалпы WI-FI Bus жобасы Қазақстанда 2013 жылы басталған болатын.

Астана автобустарына WI-FI жүйесi орнатылды

Beeline Қазақстан компаниясының атқарушы директоры Тарас Пархоменконың айтуынша, қазiргi уақытта WI-FI Bus жобасы 9 қалада жүзеге асырылуда. «Интернеттiң жылдамдығы секундына 1,5-нан 10 мегабиттi құрайды. Бүгiн бiрнеше сағаттың iшiнде автобустардағы интернеттi 300 астам адам пайдаланған және 2,5 гб трафик жүктедi», – дейдi ол.

 Астана автобустарына WI-FI жүйесi орнатылды

– Астана күні қарсаңында әкімдік басшылығының тапсырмасымен «Wi-Fi Bus» жобасын іске қосамыз. Елбасы Астананы әлемнің 50 ақылды қаласының қатарына енгізу жөнінде тапсырма берді, осыған байланысты ақылды қала бірінші кезекте қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасауда. Бүгінгі таңда халықтың заманауи өмір сүру үрдісі кез-келген жерде жоғары жылдамдықты мобильді интернетті қажет етеді. Осы жағдайды есепке ала отырып, қала әкімдігі жүйелі түрде қаланың қоғамдық орындарында инернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша шараларды қолға алды, - деді  «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Әлтайыр Уызбаев.

 Астана автобустарына WI-FI жүйесi орнатылды

«Астана LRT» компаниясының басшысы Талғат Арданның атап көрсеткенiндей, бүгiнде 100 автобус интернетпен жабдықталса, түстен кейiн олардың саны 400-ге жеткен. Болашақта қоғамдық көлікті пайдаланушылар қатарын 45 пайызға көтеру жоспарланып отыр.

«2017 жылға қарай қоғамдық көлікпен жүрушілер қатарын арттырып, күн сайын 1,1 млн жолаушыларды тасымалдау қолға алынады. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін қалалық әкімшілік пен транспорт басқармасымен бірлескен жоспар жасалып, талапқа сай келмейтін ескі автобустар қатардан шығарылуда»,- деді «Астана LRT» компаниясының басшысы Талғат Ардан.

Шаһардың транспорт кешенін модернизациялау мақсатында жабық түрдегі 55 аялдама ашылады деп күтілуде. Компания басшысының айтуынша, сарыарқа жеріне жыл маусымының төрт мезгілі де тән болғандықтан,  қаладағы аялдамалардың конструкциясы талапқа сай келе бермейді. Мәселен, қыста суық, жазда ыстық болатындығы ескеріліп, алдағы уақытта 55 жабық аялдамалар қолданысқа берілетін болады. Мұндай үлгідегі аялдамалардың жалпы санын 82-ге жеткізілмек. Сонымен қатар аялдамаларда арнайы табло ілініп, онда маршруттың келу уақыты мен нөмірі көрсетіліп тұрады. 

Астана автобустарына WI-FI жүйесi орнатылды

Аталған жоба елордада «ақылды қала» тұжырымдамасын енгізудің тағы бір кезеңі болып табылады. «Астана LRT» басқарма төрағасы Талғат Арданның айтуынша, WiFi Bus жобасы Астанада елорданың көлік жүйесін кешенді түрде жаңғырту аясында жүзеге асырылуда.

Жолаушылар тасымалын диспетчерлеудің жаңа форматы енгізіледі. Жаңа стандартқа сай қозғалыс кестесі арнайы бағдарламалық өнімдердің көмегімен құрылатын болады.  Шілде айында қазіргі заманғы call-орталық құрылады. Сол арқылы қалалық қоғамдық көліктердегі кейбір келеңсіздіктер бойынша халықпен тікелей әрі тез байланыс жасауға болады. Сондай-ақ, жаңа форматтағы көліктік бақылау стандарттары енгізілмек. Заңнамаға өзгерістер енгізілгендіктен қоғамдық көлікте тегін жүрген жолаушы жауапкершілікке тартылатын болады. 

Жаңашылдықтың бәрі елордалық қоғамдық көліктерде көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталып отыр. Жақын арада жолаушылар тасымалының барлық бағдарлары 2017 жылы EXPO-2017 көрмесі аясында толық іске асырылатын  жылдам теміржол көліктерінің жұмысымен сәйкестендіріледі.

Айта кетейік, «Wi-Fi Bus» жобасы 2013 жылы қолға алынды. Содан бері еліміздің 8 қаласында (Қостанай, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Петропавл, Түркістан, Орал және Алматы) 200 жуық автобус Wi-Fi желісімен қамтылды. Жаңа қондырғы әрбір жолаушының соңғы аялдамаға дейін ғаламтор әлемінде еш кедергісіз отыруына мүмкіндік береді.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға