Астана тұрғыны желіде танысқан жігітке 90 млн теңге аударған
Елорда тұрғыны әлеуметтік желі арқылы танысқан жігітке 90 миллион теңгеден аса ақша аударып, алданып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Ер адам жәбірленушімен әлеуметтік желіде хат алмасу барысында оны ұнатып қалғанын жеткізген. Сондай-ақ өзін банкроттық сатыда тұрған зауыт директорымын деп таныстырып, шындыққа жанаспайтын мәліметтерді, соның ішінде жақын туыстарының қайтыс болғанын хабарлап әрі қолма-қол ақшаға өте мұқтаж екенін айтып сендірген. Өз кезегінде жәбірленуші белгілі бір уақыт аралығында оған онлайн-банктік аударымдар арқылы әр түрлі сомада ақша аударып отырған. Осындай қылмыстық іс-әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленушіге 91,6 млн. теңге сомасында аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген. Залал өтелмеген.
Ер адамның іс-әрекеттері алаяқтық, яғни ақпараттық технологияларды қолдана отырып бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде ұрлау ретінде сараланды.
Апелляциялық шағымында сотталған адам тағайындалған жазаны жеңілдетуді, асырауында кәмелетке толмаған 5 баланың бар екенін, зайыбының жұмыс істемейтінін, сондай-ақ денсаулық жағдайын ескеруді сұрады. Алайда сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды.