Жаңалықтар

Астана саммиті табысты болады деп санаймын – сарапшы

Жер шары халқының 60% - дан астамы тұратын және планетарлық жалпы ішкі өнімнің 40% - ы өндірілетін Азия өңірінің экономикалық әлеуетін біріктіру мәселесі де маңызды болып тұр.
Астана саммиті табысты болады деп санаймын – сарапшы
Фото: жеке мұрағат 13.10.2022 16:41 1914

Бүгін Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтуде, деп хабарлайды El.kz

Ауқымды шара жөнінде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Ерболат Сейлехановтың пікірін сұраған едік.

– Ерболат Тұранұлы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осыған қатысты өтіп жатқан Астана саммитінің маңыздылығы неде?

– Жалпы биыл екі мерейтойлық дата қатар келіп тұр. Бірі Қазақстанның АӨСШК туралы бастама ұсынуының 30 жылдығы және АӨСШК бірінші саммитінің 20 жылдығы. Оған қатысушы 28 елдің, бақылаушы 9 елдің, АӨСШК серіктес 5 халықаралық ұйымның атынан 50-ге жуық делегация қатысуда. Саммитке 11 мемлекет басшысы, Вьетнамның вице-президенті және ҚХР төрағасының орынбасары келді. Көптеген елдер өз үкіметтерінің жоғарғы деңгейдегі министрлерін жіберді.

Сондай-ақ бұл саммитте аса маңызды құжат – АӨСШК-ны бұрын Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйым ретінде шартты түрде белгіленген халықаралық ұйымға трансформациялау туралы өтініштің қабылдануы болмақ.

– Тараптар өзара қарым-қатынаста қандай шаралар қабылдайды деп ойлайсыз?

– Сенім шараларының жаңартылған каталогы – қатысушылар арасында екіжақты және көпжақты негізде. Олардың қалауы бойынша сенімді нығайтуға мүмкіндік беретін бірегей саяси-дипломатиялық құрал қабылданатын болады. Яғни, тараптар өзара қарым-қатынаста қандай сенім шаралары оңтайлы екенін, олардың мүдделеріне қаншалықты жауап беретінін, қандай салаларда өзара тиімді ынтымақтастық болуы мүмкін немесе қажет екенін өздері анықтайды.

Былайша айтқанда, мәжбүрлеу жоқ, сенім шаралары таңдамалы. Сондықтан олар өз еркімен және теңдік қағидатын сақтай отырып қолданылады. Бұл ретте каталогты қолдану аясын кеңейту эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық сақтау және фармацевтика, ақпараттық технологиялар, терроризмге қарсы күрес сияқты ынтымақтастықтың жаңа басым салаларын қамтиды.

– Сонда бұл стратегияның басты мақсаты терроризіммен күресу ме?

– Бұл стратегияның басты мақсаты терроризмнің салдарымен күресу емес, оның себептерін жою. Қабылданатын құжаттар тізбесіне БҰҰ-ның терроризмге қарсы стратегиясын АӨСШК іске асыру жөніндегі жоспары кіреді. Яғни, халықаралық терроризмге қарсы күрес тұрғысынан бұл өте маңызды. Оның бірқатар ошақтары біздің континентте орналасқан. Азия елдерінің осы зұлымдыққа қарсы күрестегі күш-жігерін біріктіру қауіпсіз әрі тұрақты әлем құру міндетіне жауап беретіні анық. Менің ойымша, бұл стратегияның басты мақсаты терроризмнің салдарымен күресу емес, оның себептерін жою. Бұл көзқараста терроризмнің әлеуметтік-экономикалық көздеріне теңсіздікке, кедейлікке, әділетсіздікке көбірек көңіл бөлінеді. Болашақта осы жағымсыз құбылыстың қауіптілік дәрежесін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

– Яғни, қоғамға қауіпті құбылыстардың алдын ала отырып, АӨСШК елдерінің бұл мәселеге уақтылы жүгінгені орынды ғой?

– АӨСШК елдерінің бұл мәселеге уақтылы жүгінгені өте жақсы. Адамзат, оның ішінде Азия енген «цифрлық болашақтың» тәуекелдері мен қауіптерін азайтуға ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы қабылданатын мәлімдеме жіберілді. Киберқауіптер қазіргі жаһандық бәсекелестікте жаңа бит алаңына айналуда. Сондықтан бұл қауіптің алдын алу - адамзаттың өзекті міндеті.

– Сіздің ойыңызша саммит қорытындысы қандай болмақ?

– Пандемиядан кейінгі кезеңде АӨСШК ауқымында экономикалық ынтымақтастықты арттыру туралы әңгіме маңызды деп санаймын. Бұл пандемия кезінде бұзылған және дағдарыстық құбылыстардың өсуіне әкелген логистикалық және өндірістік тізбектерді қалпына келтіру және дамыту туралы ғана емес, сонымен қатар жер шары халқының 60% - дан астамы тұратын және планетарлық жалпы ішкі өнімнің 40% - ы өндірілетін Азия өңірінің экономикалық әлеуетін біріктіру мәселесі де маңызды болып тұр. Көлік, сауда, қаржы-инвестициялық ынтымақтастықтың қолда бар мәселелерін дәйекті шешу кезінде Азия әлемдік даму көшбасшыларына шыға алады деп ойлаймыз. Жалпы, қазіргі Астана саммиті АӨСШК-дегі Қазақстан төрағалығының табысты қорытындысы болды деп санаймын.

–Толымды сұқбатыңызға рақмет!



Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға