Жаңалықтар

Елорда салық төлеушілеріне қайта тіркеуден өтудің қажеті жоқ

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді
Елорда салық төлеушілеріне қайта тіркеуден өтудің қажеті жоқ
Фото: massaget.kz 20.09.2022 18:05 906

Елорда атауының өзгеруі салық төлеушілердің тіркеу деректерін өзгертпейді, деп хабарлайды El.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, т иісінше, қайта тіркеуден өту қажет емес.

«Елорда атауын Нұр-Сұлтан қаласынан Астана қаласына өзгерту салық төлеушілердің: жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын жеке тұлғалардың және резидент емес заңды тұлғалардың тіркеу құжаттарын өзгертуге әкеп соқпайды. Елорданың бұрынғы атауы бар құжаттар да жарамды болады және мемлекеттік қызметті алу кезінде қолданылады.

Салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есепке алу үшін банк реквизиттері (БСН, мемлекеттік кірістер органдарының кодтары, ИИК, Қазынашылық комитетінің БИК, БСК, КНП) елорда атауының өзгеруіне байланысты өзгеріссіз, бұрынғыдай қалады», - деп жазды ведомстводан.

Тек мемлекеттік кірістер органдарының атаулары ғана өзгереді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті болып өзгереді, сәйкесінше Нұр-Сұлтан қаласының Алматы, Сарыарқа, Есіл, Байқоңыр аудандары Мемлекеттік кірістер басқармаларының атауы Астана қаласының Алматы, Сарыарқа, Есіл, Байқоңыр аудандары Мемлекеттік кірістер басқармалары болып өзгереді.

«Бұл ретте МКД және МКБ атауларын өзгерту салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу тәртібіне әсер етпейді. Төлем құжаттарындағы реквизиттерді толтыру кезінде МКД және МКБ атауын қолдап терудің қажеті жоқ.

Банктердің мобильді қосымшалары арқылы салықты төлеу кезінде мемлекеттік кірістер органдарының тізімінен тиісті Мемлекеттік кірістер басқармасын таңдау қажет. МКД және МКБ қайта тіркеуден өткенге дейін азаматтар төлем жасау кезінде тізімнен олардың ескі атауын таңдай алады», - деп түсіндірді комитеттен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға