Астана полицейлері қабір басында телефон ұрлаған азаматты ұстады
Астанада зират басында зейнеткердің телефоны қолды болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жетпіс жастағы әже ұрлық фактісі бойынша полицияға арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, түскі уақытта туыстарының зиратын тазалап жүргенде байланыс құралын жоғалтып алған. Зейнеткер қоқыс тастауға кеткен уақытты пайдаланған қаскөй қабір басында қалған күртешеден телефонды алып кеткен.
Сарыарқа аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында бұрын сотты болған 34 жастағы ер адамды ұрлық қылмысына күдікті деп ұстады.
Аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ер адам сатып үлгерген телефонды полицейлер арызданушыға аман-есен қайтарып берді. Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.