Жаңалықтар

Астана Операда «Күлбике» заманауи балеті көрсетіледі

Астана Операда «Күлбике» заманауи балеті көрсетіледі
Фото: gov.kz 14.01.2023 10:12 1613

Атақты неміс хореографы Раймондо Ребектің қойылымындағы «Күлбике» заманауи балеті «Астана Операда» 17-18 қаңтарда көрсетіледі, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Театрдың симфониялық оркестрінің орындауындағы Сергей Прокофьевтің ғажайып музыкасына балет труппасының өнері көрермендерге сөзбен айтып жеткізуге келмейтін эмоциялар сыйлайды. 

«Күлбике» елордалық театрдың репертуарында өткен жылдың соңында пайда болып, көрермендердің зор қызығушылығын оятты. Өз спектакльдеріне деген ерекше көзқарасы арқылы танымал Раймондо Ребектің басты тілегі көпшілік ұнататын ертегіні заманға қарай сәйкестендіру болатын. Қойылым тобы оқиға өрбитін жағдай мен кезеңді өзгертіп қана қойған жоқ, басты кейіпкерлердің мінездері мен ынталарын да қайта қарады. Енді Күлбике – киім тігуге жаңадан қадам басқан дизайнер, ал Ханзада – композитор, және екеуі де өз-өздерін көрсетуге және өздерінің дарындарын танытуға тырысады.

Бала кезден таныс хикаяға деген өзгеше көзқарас спектакльді безендіру ісін түбегейлі қарап шығуды талап етті. Декорацияларды жасау барысы қалай жүргізілгені туралы театрдың кез келген өндірістік цехында айтып бере алады, бұл цехтарды директордың орынбасары Виктор Караре басқарады. Десек те, жұмыстың алғашқы кезеңдері әрдайым «Астана Операның» сценографиялық жобалар мен қойылым жұмыстарын іске асыру департаментінен басталады. Малика Төлегенова жаңа үлгідегі көне ертегіге арналған туфли-күйменің жасалу сырларын ашып берді.

– Кез келген спектакльдің дайындығы эскиздерден басталады, ол эскиздерді бізге суретші-сценографтар береді. Дайын туфли – бұл осынау жұмыстың ең соңғы кезеңі, шарықтау шегі. Алайда бұйымды жасау үшін оны зерттеп, жобалап, барлық өлшемдерді, жүктемелерді есептеп, оны неден жасауды және ол қалай жұмыс істейтінін түсіну қажет.

Туфли – орныққан декорация емес, ол – қозғалыс құралы. Шын мәнінде, ол күйме емес, «жүргізуші» басқарып отыратын арнайы қол механизмі бар көлік.

Күлбикенің қозғалыс құралы сахнадан шығып кетпесі және басқа декорацияларға соқтықпасы үшін оның қозғалыс траекториясын ескеру, сондай-ақ артистерді қарапайым, бірақ өте ерекше аппаратты меңгеруге үйрету қажет болды,-дейді Малика Төлегенова. 

Суретшінің эскизде салған туфлиінің сырт бейнесін жасау да күрделі тапсырмалардың бірі болған. Ол үшін шыны пластиктен жасалып, қажетті түске боялған негіз бен металл каркасқа полиуретаннан өрнектер салынды.

«Күлбике» балетінің түрлі дәуір элементтеріне ұқсаған реквизиті өте қызықты. Дөңгелекпен қозғалатын көйлектерге түс алмастыратын жарықдиодты гирляндаларды қолдану ғажайып әсер береді. Ертегіде жіңішке ағаш тақтайдан жасалған алтын түстес магнитофон, ескі фотоаппарат, тәж түріндегі құлаққап бар. Театр мамандары патша сарайында қысылмай қоюға болатын нағыз функционалды жиһаз жасап шығарды.

Үй іші Күлбикеге жууға тастайтын тау-тау киім де арнайы жобаланған конструкцияға тігілген маталардың қалдықтарынан жасалды. Ол құрылысты жоғары көтеретін баулар арқылы өзара байланысқан, диаметрлері әртүрлі металл дөңгелектердің көмегімен көрермендердің көз алдында ұлғаяды.

Театр репертуары – тірі ағза, спектакльдің әрбір жаңа көрсетілімі басқасына ұқсамайды. Дебюттердің нәтижесінде қойылым дамып, түрі өзгереді, жаңа бояулармен толығады. Сондықтан қазан айында балет жұлдыздары Бақтияр Адамжан мен Әйгерім Бекетаеваның қатысуымен өткен премьерада болып үлгерсеңіз де, жаңа Күлбике мен Ханзадамен танысуға мүмкіндігіңіз бар. Спектакльдің түрлі күндері аттары аталған артистермен қатар, сахнаға Күлбике мен Ханзаданы орындауға болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар Шұғыла Әдепхан мен Ғалымжан Нұрмұхамет шығады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға