Жаңалықтар

Астана мен Токио екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Астана мен Токио екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Фото: СІМ-нің баспасөз қызметі 19.06.2024 00:32 889

Еліміздің сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Жапонияның Сыртқы істер министрлігі Еуропа істері бюросының Бас директоры Масаши Накагомэмен өткен келіссөздер барысында Қазақстан мен Жапония арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы кеңінен талқыланды, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Кездесуде тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың, сауда-экономикалық байланыстарды жандандырудың, сондай-ақ екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейтудің негізгі аспектілерін жан-жақты қарастырды.

Сонымен қатар, БҰҰ және МАГАТЭ сияқты көпжақты құрылымдар аясындағы үйлестірудің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды. Қос тарап «Орталық Азия + Жапония» Диалогының алдағы Бірінші Саммитінің маңыздылығын атап өтті.

Ә.Бақаев елдеріміз арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға ықпал етуге бағытталған жоғары деңгейдегі сапарларды ұйымдастырудың қажеттілігіне тоқталды.

Өз кезегінде, М.Накагомэ көлік, логистика, адам ресурстарын дамыту және «жасыл» экономика сияқты басым салалардағы өзара іс-қимылдың әлеуеті туралы хабардар етті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша сұхбаттастар Қазақстан мен Жапония арасындағы тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында сыртқы саяси ведомстволары деңгейінде тығыз диалогты жалғастыруға келісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға