Жаңалықтар

Астана көз алдымда есейді

Астана көз алдымда есейді
02.07.2018 02:48 2128

Түгел Сәдібек Түгелұлы – Астананың алғашқы баспасөз хатшысы, бас қаламыз бой көтерер тұста барлық тарихи оқиғалардың куәсі болып, қиындығы мен қызығына қаныққан журналист, жазушы, қоғам қайраткері. Астанада азамат ретінде қалыптасып, өз орнын тапқан ағамыз сүйікті қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жаңа астанамыздың салыну кезеңінен сыр шерткен болатын. 

Астана маған бәрін берді

Астананың салынуын ғасырлар тоғысып жатқанда ұлтымыздың өмірінде орын алған ұлы оқиға деп білемін. Арқаның төріне ауысуы, бүгінге дейін әлем елдерінің арасында зор құрметке ие болуы — ұлы идеяның нәтижесі, қазақтың ұлы жеңісі әрі мақтанышы. Өз басым бас қаламыздың қарт Алатаудың баурайынан Арқаның кең төсіне ауысуын басынан қолдадым. Себебі өз алдымызға жеке ел болып, тәуелсіздіктің арқасында қала салуға қол жеткізгенімізге шын қуандым.

Бұл астананы салуда көптеген ұлы оқиғалар болды. Соның бәрінің бел ортасында жүрдім.  Осы жерде Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы деген тағдырдың сыйына, Алланың қолдауына ие болдым. Дәл осы құтты мекенде ұлымды үйлендіріп, қызымды қиясына қондырып,  немере, жиен сүйдім. Өмірлік достарым мен нағыз өзімнің ортамды таптым. Сонымен қатар, Астана маған үлкен әдебиетке жол ашты, журналистика мен жазушылықтың қазанында қатар қайнадым. Күнделікті өмірден очерк, новеллалар жазамын, қазірдің өзінде Астанаға арналған сегіз кітабым жарыққа шықты. Соның ішінде «Астана хикаялары» – таусылмастан жазыла беретін дүние, «Алғашқы астаналықтар» деген кітап та өшпейтін, өлмейтін тарих. Бұл туындылармен қоса «Түгел Медиа» бірлестігін аштым, оның құрамында 8 журнал, 8 сайт, 1 газет, 2 баспасөз клубы бар. Ол да ақпараттық кеңістікке орныға білді. Міне, осы бір ғана мен бас қаладан қандай ризық тауып отырмын?! Ал, Астанаға келген өзге де мыңдаған адам өз орындарын тауып, тұрмыс-тіршілігін түзетіп, қаламен бірге өсіп, өркендеп жатыр.

Қала адам танымастай өзгерді

Еліміздің елдігін, ұлтымыздың ұлылығын, халқымыздың даналығын, мықтылығын паш еткен Астана, жоба ретінде керемет ойластырылған. Себебі, жиырма жылда ғасырға татитын жұмыс істелді, нәтижеміз көңілге қуаныш сыйлайды. Сандарды сөйлетсек, 1997 жылдың 1 қаңтарындағы ресми санақ бойынша, бұрынғы Ақмолада 250 мың адам ғана тұрса, ал қазір тұрғындар саны 1 миллоннан асты. Сонда бір жиырма жылдықта халық саны 4 есеге өсіп отыр. Жаңа астанада дүниеге келген нәрестенің саны 300 мыңға жеткен. Олардың алды бас қаламен бірге жиырмаға толып жатыр. Қаншама жастар отбасылы болды, жаңа шағын аудандар, ғимараттар салынуда?! Мен көріп жүрген бүгінгі Астана құрылу кезінен бері адам танымастай өзгерді.

1998 жылдың қаңтар айында алғаш келгенімде Ақмоланың Астана болып өзгергеніне бір ай ғана толған еді. Сол тұста сегіз бұқаралық ақпарат құралы бар болатын, қазір олардың саны 200-ге жуықтады. Кеше ғана мұнда бір-екі үлкен көше болса, бүгін 100 шамасында. Жас қала салынып жатқанда мейрамхана, қоғамдық тамақтану орындары қат еді, ал, қазір көңілің қалағанына, қалтаңның көтергеніне барасың.

Сол кезде «Цесна» деген шағын телеарна ақпарат таратты, кішкентай қалалық радио ғана болды. Бүгінгі таңда үлкен «Астана» радиосы бар, республикалық арналар мен басылымдардың қосыны келді. Олардың кейбірі осында түгелдей  көшіп келіп жатыр. Бақ саны 15-20 есеге өсті, сондай-ақ сапасы да артты. 1999 жылдың 3-4 сәуірінде Астана халықаралық баспасөз орталығын құрдық. Орталық 2-3 жыл көлемінде мыңнан аса баспасөз жиындары мен брифингтер, кездесу, дөңгелек үстел, кеңестер, пресс-турлар өткізді. Журналистердің басын қосатын орынға айналды.

Қабинеттен «Астана әкімінің тұңғыш баспасөз хатшысы» болып шықтым...

1997 жылдың желтоқсанында араласатын ортамдағы жігіттерден «жаңа астананың әкіміне баспасөз хатшысын іздеп жатыр» деген хабар алдым. Олар екі тілді жақсы жазып, сөйлейтін, журналистермен жұмыс істей білетін адам табуға тапсырма алғандарын айтып, бағымды сынап көруді ұсынды. Ұсынысты қабыл алып, түйіндемемді жібердім. 1998 жылдың қаңтар айында әкім 20-30 адамның ішінен менің кандидатурамды құптап, кездесуге шақыртты. Қаңтардың соңында жүздестім әрі батасын алып, кабинетінен баспасөз хатшысы деген жаңа қызметпен шықтым.

Астананың құрылуына зор үлес қосқан азаматтардың қатарында қазір Елбасымыздың жанында жүрген сол кездегі әкім Ә. Рыскелдіұлы, оның орынбасары белгілі композитор, өнер қайраткері Т. Мұхамеджанұлы бар. Ал А. Мұсақожаева, А. Мұздаханова, Б. Байсағатов, Т. Қышқашбаев, С. Әбдірахманов және т.б. мәдениетке атсалысты. Сондай-ақ, қаланың «Астана» болуына қызмет еткен басқа да сала өкілдері, қарапайым азаматтар өте көп. Менің «Алғашқы астаналықтар» деген кітабыма президентіміз бастаған 186 адам енді, ал, қазір 600-ден астам адамның анкетасы дайын тұр. Кітапқа бірінші енген азаматтар елбасы идеясын қолдап, ештеңеге қарамастан жаңа қаланы тұрғызуға келген мамандар, өз саласының майталмандары болды. Атқарылған жұмыстың суығына тоңып, ыстығына күйген азаматтар, олардың ішінде кірпіш қалайтын құрылысшыдан әкімшілік өкілдеріне дейін бар. Себебі, олар Астананың мәртебесін арттырды.

«Жерұйық» саябағының атауын қойдым

Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы болып жүргенде президент жаңа Астанаға келіп, ондағы жаңа ғимараттарды, құрылыстың жүру барысын көруге, ал, салынып біткен нысандарды салтанатты түрде ашуға келген кезде мен президент әкімшілігінің баспасөз қызметінің тапсырмасымен журналистерді жинап, арнайы тізім жасаймын. Сонда 20-дан астам бақ өкілін елбасымен брифинг өткізуге тікелей мұрындық болып жүрген едім. 1999 жылдың 12 қазаны күні Қ. Тоқаев үкімет басшысы атанып, қос палатаның отырысында осы туралы үкім бекітіліп, елбасымен бірге Астананың оңтүстік-шығысындағы саябақтың орнына ағаш отырғызуға келді. Мемлекет қайраткерлерімен бірге келген Елбасы, өз қолымен ағаш отырғызды. Осы рәсімнен кейін сөз алып, болашақта бұл жердің жасыл желекке оранатынын, адамдардың тынығатын орнына айналатыны туралы айтты. Содан кейін журналистер сұрақ қоя бастады. Сондай сұрақтардың бірінде «Осы парктің аты болуы керек қой, қалай деп аталатын болады?» деп еді. Елбасы жәй ғана жымиды да, «дұрыс айтасың, аты болуы керек. Сіздер ұсыныңыздар, мен қолдаймын» деді. Сонда сұрақ қойған жігіттің өзі аңтарылып тұрып қалды. Мен барлығын ұйымдастырып жүрген адаммын. Сөз үзіліп қалмасын деген ниетпен сөйледім, оның үстіне бір атау ойыма келе қалды. «Нұрсұлтан Әбішұлы, осы «Жерұйық» деп қойғанымыз дұрыс болатын сияқты» деп едім, менің бетіме мұқият қарады да, құптай кетті. Асан қайғының жерұйықты іздегенде Сарыарқаға қазығын қаққанын мысал ете отырып, екі рет «Мен келісемін!» деді. Сөйтіп, мұны сол жердегілердің барлығы естіді. Келесі күні таңертең парк «Жерұйық» деп аталсын деген әкімнің бұйрығы шықты. Содан бері қаладағы ең әдемі саябақтардың біріне айналды. Халық демалып, балалар ойнап, ішіне бірнеше ескерткіш қойылды. Сондықтан, мен сол ауданнан өткен сайын «Жерұйыққа» бір қарап өтемін, қолым босай қалғанда балаларымды апарамын.

Әлемдегі жылқыға қойылған ең үлкен ескерткіш — Астанадан 5 шақырым жерде орнатылған «Құлагер» ескерткіші. Астанаға үлес қосуды ойлағанда дүние-мүлкімді ломбардқа өткізіп, одан да қиын күндерден мойымай өттім. Сөйтіп, 2008 жылыдың 27 қарашасында құрылысы басталған  ескерткіш 2010 жылдың 6 маусымында ашылды. Ескерткішті туристер ең көп баратын Бурабайдың жолында орналасқандықтан, адамдар жолдан тоқтап тамашалайды деп, оның үстіне Ақан сері мен Құлагердің өмір сүрген жеріне де жақын болғандықтан, тоғыз жолдың торабына орнатуды жөн көрдім. Сонымен қатар, тірісінде кең далада көсілген тұлпарға қала ішінің тар болатынын да ескердім.

Өзім «Құлагер жол ашады» деп үнемі айтып жүремін. Бәйгеден оза алмай жүрген аттарды осы жерге әкелген соң жолы болатын атбегілерді кездестіремін. Жас жұбайлар мен мектеп бітірушілер де алдағы өміріне сәттілік жолдас болсын деген ниетпен келеді екен. Шынымен, Астанадан-Көкшетау тас жолында мен мұндалап тұратын. Оның үстіне жолаушыларға сәт-сапар тілегендей биік тұғырынан таймай, үнемі асқақтап тұрады. Ескерткіш биыл жөндеуден өткелі жатыр, келешекте оның маңынан «Ұлы дала даңқы» музейін салу жоспарланған. Міне, осылайша қазаққа, бас қалаға деген махаббатым мен алғысымды білдіріп жүрмін.

Ал Елбасы іргетасын қалап, негізін салған Астана күн санап өсіп, гүлденіп, көркейіп келеді. Мен оған кішкене де болсын үлес қосып жатқаныма қуанамын! Астананың бірінші баспасөз хатшысы, қала тарихын зерттеуші ретінде  барша қазақстандықтарды бас қаламыздың 20 жылдығымен құттықтаймын!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға