Жаңалықтар

Астана-Бурабай жаңа жылдық пойызы іске қосылды

Астана-Бурабай жаңа жылдық пойызы іске қосылды
Фото: Видеодан кадр 29.12.2023 07:29 938

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында елордадан Бурабайға дейінгі арнайы брендтелген электр пойызы іске қосылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл – ҚР Туризм және спорт министрлігі «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бірлескен жобасы.

Ерекше пойыздың құрамы жолаушыларға мерекелік атмосфера сыйлау үшін іші де, сырты де жаңа жылға сай безендірілген. Вагон жолсеріктері бір уақыт Аяз Ата мен Ақшақар кейпіне еніп, жолаушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыстайды. Мерекелік безендірілген пойыз құрамы жаңа жылдық демалыс маусымы аяқталғанға дейін қатынайды.

Биыл екінші жыл қатарынан жаңа жыл қарсаңында ҚТЖ-мен бірлесіп брендтелген туристік пойызды іске қосып отырмыз. Мұндай пойыз жолаушыларға мерекелік атмосфераны сыйлап қана қоймай, туристерді де тартуға мүмкіндік береді, - деді ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.

Айта кетейік, былтырғы жаңа жылдық электр пойызымен 16 мыңнан астам жолаушы тасымалданған.

Мерекелік пойыз құрамы 28 желтоқсаннан бастап аптасына бес рет қатынайды. Елордадан Бурабай курортына пойыз Нұрлы жол вокзалынан таңғы сағат 06:12-де жөнелтіледі. Сонымен қатар елорда тұрғындары мен қала қонақтарына ыңғайлы болу үшін пойызға Астана-1 вокзалынан да отырғызу қарастырылған. Бұл жерге экспресс пойыз таңғы сағат 06:37-де келіп, 07:00-де жүріп кетеді.

Туристік пойызды іске қосу аясында ҚР ПІБ «Бурабай даму» ЖШС ерекше рейстің кестесіне сәйкес қысқа тур қалыптастырды. Жаңа жылдық тақырыпты жалғастыру мақсатында Бурабайдағы Санта резиденциясына барып, Бурабайландта таңғажайып күн өткізу ұсынылады. Мұнда бұғы немесе ит жегілген арбамен, квадроциклмен, қарда жүретін көліктермен серуендеуге, атқа мінуге болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға