«Астана Балет» театры Кореяда өтетін дүниежүзілік фестивальге қатысады
24-28 қыркүйегі аралығында Корея Республикасының Чхонан қаласында әлемнің жетекші би ұжымдарын біріктіретін «Cheonan World Dance Festival 2025» халықаралық форумы өтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл ауқымды шараға Қазақстан атынан «Астана Балет» театры қатысып, көрермендерге «Ұлы Дала мұрасы» дивертисментінің үзінділерін ұсынады. Қазақ мәдениетінің әсемдігі мен сан қырлы болмысын бейнелейтін бағдарлама эстетикасымен, ұлттық ою-өрнекке бай костюмдерімен және философиялық мәнге толы хореографиялық қойылымдарымен ерекшеленеді.
«Астана Балет» театрының Кореядағы өнер көрсетуі қазақ мәдениетін әлемге танытып қана қоймай, халықтар арасындағы мәдени ынтымақтастық пен өзара түсіністікті нығайтуға үлес қосады.
Айта кететін жайт, 21–26 қыркүйек аралығында Ақтауда ІІІ халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі өтіп жатыр.

