Астана әкімі Жәмила Бақбергеноваға пәтер кілтін табыстады
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек XIX Жазғы Азия ойындарының жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ханчжоуда өткен аламана елорданың спортшылары 10 медаль жеңіп алды: 1 алтын, 3 күміс және 6 қола.
Спортшыларымыз қайсарлығының, табандылығының арқасында жақсы нәтиже көрсетті. Әрбір медальдың артында тоқтаусыз жаттығулар, жеңіске деген жігер, отбасының, жанкүйерлері мен жаттықтырушыларының қолдауы жатыр. Сіздер – елордамыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы болып есептелесіздер. Жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, - деді Қасымбек.
Әкім Парижде өтетін Олимпиада бар екенін, командалардың бәсекеге қабілетін арттыру үшін кешенді жұмыс жүргізілуі керектігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар кездесуде спорт нысандарын дайындау, жабдықтау, спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мәселелері талқыланды.
Ерекше атап өтер сәт, осы кездесуде Жеңіс Қасымбек Азия ойындарында әйелдер күресінен күміс жүлдегер атанған Жәмила Бақбергеноваға пәтер кілтін табыстады.