Жаңалықтар

Астана әкімі қоғамдық көліктің жұмысы туралы айтты

Астана әкімі қоғамдық көліктің жұмысы туралы айтты
Фото: Астана қаласы әкімдігі 12.01.2025 01:21 129

Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында қоғамдық көліктің жұмысы туралы жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

CTS Орталық диспетчерлік қызметінің кеңсесіне бардым. Бұл орталық қала бойынша барлық автобусты мониторингілеп, бақылап отырады: қоғамдық көліктің статусын, желіге қаншалықты уақытында келетінін, кептеліс кезінде автобустардың жұмысын реттеу қажет пе, жол қозғалысының қарқындылығын және т.б. көреді, - делінген мәліметте.

Қала басшысының айтуынша, соңғы екі жылда желіге 700-ден астам жаңа автобус шығарылған, бұл қоғамдық көлік паркін 45% жаңартуға мүмкіндік берді. Соның арқасында жолаушылар ағыны 26%-ға артты. Мәселен, 2023 жылы жолаушылар ағыны күніне орта есеппен 755 мың адамды құраса, 2024 жылы 950 мың адам болды.

Bus Lane енгізу есебінен автобустарды күту уақыты қысқарғанын, ал көліктің орташа жылдамдығы 16 км/сағ дейін артқанын айтты. «Ақылды бағдаршам» енгізілген учаскелерде көліктің орташа жылдамдығы 30 км/сағ дейін ұлғайды.

Сол сияқты бүгін автобустарға түсетін жүктемені бақылау бойынша пилоттық жоба таныстырылды. Жолаушыларды бақылауды жақсарту үшін жүйе әр автобуста нақты қанша адам билетсіз жүретінін көрсетеді. Бұл көліктік бақылау департаментінің тиімді жұмыс істеуіне және жолақы төлеуден жалтарғандарды анықтауды арттыруға, сол арқылы оларды азайтуға мүмкіндік береді, - деді ол.

Сондай-ақ әкім CTS базасында көлік басқарудың бірыңғай орталығының тұжырымдамасы таныстырылғанын да тілге тиек етті.

Қазір автобустардың статусын нақты уақыт режимінде көріп отырмыз, ал енді бұл жобаны қаланың коммуналдық қызметтеріне де енгізу жоспарланып отыр: желіге қанша тазалау және суару техникасы шықты және т.б.

Жоғарыда айтылған барлық жұмысты, оның ішінде жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстарды биыл да жалғастырамыз, - деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға