Жаңалықтар

Астана Абай мен Ыбырай Алтынсарин ескерткіштері маңында абаттандыру жүргізілді

Астана Абай мен Ыбырай Алтынсарин ескерткіштері маңында абаттандыру жүргізілді
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 19.04.2024 04:25 836

Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акциясы жалғасуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Бұл апталық «Киелі мекен» ұранымен қаладағы ескерткіштер мен олардың айналасын тазартуға арналған. Экоакцияға қатысушылар Ыбырай Алтынсарин мүсінінің және Абай ескерткішінің айналасын тазалауға шықты. Сенбілікке елорданың мәдениет ұйымдарының қызметкерлері, аудан әкімдігі мен қала тұрғындары қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша республика бойынша «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы басталды. Сонымен, қоғамдық орындарды, тарихи орындарды, көшелер мен аулаларды тазарту мақсатында Ыбырай Алтынсариннің мүсінін тазалауға жиналдық. Елордада барлығы 117 ескерткіш болса, оның 46-сы мемлекет қорғауында. Акция аяқталғанға дейін қаладағы барлық ескерткіштерді тазарту жоспарланып отыр, - деді Астана қаласы әкімдігінің «Біріккен мұражайлар дирекциясы» директорының орынбасары Самат Тергембаев.

Тазалық акциясына қатысушы Еркебұлан Ағымбаевтың айтуынша, тазалықта тәрбиелік мәні бар.

Көктемнің келуімен қалада ауқымды экоакция басталды. Өз кезегімізде қаланы қоқыстан тазартып жатырмыз. Айта кетерлігі, акцияның өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор. Әр нысанға ұқыптылықпен қарап, тазалық танытуға шақырамыз, - дейді «Наз» мемлекеттік би театрының директоры Еркебұлан Ағымбаев.

Қаладағы кең ауқымды жалпы сенбілікке депутаттар, мәдениет қызметкерлері, студенттер, белсенділер, жастар мен белсенді тұрғындар қатысып жатыр.

Абай ескерткішін кір мен қоқыстан тазарту барысында қоғам белсенділері, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония қызметкерлері мен Абай мектебінің оқушылары тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, қазақтың бас ақынының өлеңдері мен қара сөздерін оқыды, әндерін орындады.

Айта кету керек, Астанада ауқымды экологиялық науқан жалғасуда. Ол бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Бұл апта «Киелі мекен» деп аталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға