Видеодан кадр

Аспан қауіпсіздігін күзеткен ерлер: Әскери авиациялық бөлімнен арнайы репортаж

07.05.2025 12:50

Көк аспан – тәуелсіз еліміздің шекарасының ең биік шебі. Ал оны күзететін – Қазақстанның әуе қорғаныс күштері. Қауіп төнген сәтте ең алдымен көкке көтерілетін осы сарбаздар мен олардың сенімді техникасы. Алайда олардың аспанға көтерілуіне жағдай жасап, алып техниканы дайындап отыратын тылдағы мамандардың еңбегі де айрықша. Біз Астана қаласындағы 19132 әскери бөліміне арнайы барып, осы сала мамандарының еңбегін көзбен көріп, жұмыстың барысын бақыладық.

Бұл бөлім Астана қаласының әуе кеңістігін қалтқысыз қорғайды. Оның үстіне елге келген өзге мемлекеттердің басшыларын қарсы алуда да белсенді қызмет атқарады. Сондай-ақ, төтенше жағдай орын ала қалса, алғашқылардың бірі болып іске кірісетін де осы бөлім. Қазіргі уақытта бұл бөлімде  Жеңістің 80 жылдығына орай бірнеше жыл үзілістен кейін қайта ұйымдастырылатын парадқа әзірлік ерекше қарқын алған.

Аспан қауіпсіздігін күзеткен ерлер: Әскери авиациялық бөлімнен арнайы репортаж

Әуе күштерінің тыл жеке құрамы шеруге қатысатын авиациялық техникалар мен ұшқыштардың тыңғылықты дайындығын қамтамасыз етуде. Барлық жұмыстар жоспар бойынша жүруде. Парадтың күні жақындаған сайын бәріміз жұмысымызды тиянақты істеуге күш салып жатырмыз. Әрине, көбіне тыл еңбеккерлерінің атқарған жұмыстары ұшқыштардың көлеңкесінде қалып қояды. Олардың ұшақтарын күьіп-баптаудан бастап, жанар-жағармайына дейін біздің қызметкерлер дайындайды. Оның өзі үлкен еңбек, – деді Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары Дәуір Бәкіров.

Әскери ұшқыштардың күнделікті жұмысы нұсқаулық алудан басталады. Әр күннің ауа райы ескеріліп, ұшқыштарға қандай биіктікке және қандай жылдамдықта ұшуы керектігі нақты айтылады. Бұл көктегі кез келген келеңсіздіктің алдын алатын маңызды кезең.

Әуе кеңістігін қорғауда тек ұшақтар ғана күш салады десеңіз қателесесіз. Өйткені, сол темір құстардың көкке көтерілуіне дейін оған қызмет көрсететін әскери техниканың түр-түрі бар. Мәселен, қарапайып жанар-жағармай тасымалдайтын көліктен бастап, ұшқыштардың көк кеңістікте еркін тыныстауына қажетті кислородпен қамтамасыз ететін ауыр техникалар, алда-жалда оқыс оқиға орын ала қалса, сол жердің мекен-жайын нақты анықтап, жылдам жетуге бейімделген көліктер де сақадай сай. Бұл бөлімнің әскери техникалық қамтамасыз ету қызметінде оншақты техника қызмет атқарады. Олардың әрқайсысының өзіндік міндеті мен жауапкершілігі бар.

Біздің базадағы техникалар ұшақтар мен тікұшақтардың оталуынан бастап жұмыс жасайды. Ұшу алдында бұлардың барлығы кез-келген оқыс оқиғаға дайын тұрады. Біздің негізгі мақсат әуе техникаларын барлық керек-жарағымен қамтамасыз ету. Өзіміздің міндет ұшар алдындағы және ұшып келгеннен кейінгі деп екіге бөлінеді. Сол жұмыстарды атқарар сәтте ешқандай үзіліс болмауы керек. Өз жұмысымыздан титтей қате жіберсек, оның салдары ауыр болатынын жақсы білеміз. Сондықтан біздің қызметте қателікке орын жоқ, – деді 19132 әскери бөлімі материалдық техникалық қамтамасыз ету батальоны материалдық қамтамасыз ету ротасының командирі Жәнібек Рысбек.

19132 әскери бөлімінде біз болған сәт 7 мамырдағы шеруге дайындықтың қызған шағы еді. Әуеге көтерілу сәтінде ұшқыштармен бірге біз де әскери тікұшаққа міндік. Әскери тікұшақтың ішідегі күй бөлек. Құдды бір, елдің бас алаңында өтетін әскери шеруге шынымен қатысып жатқандай әсер аласың. Дайындық сәті болса да, Астана аспанында қаз-қатар тізілген тікұшақтардың арасында келе жатқаныңды сезінгенде бойыңды қуаныш кернейді. Себебі, біз елдің аспан шебіндегі сайыпқырандармен бір қатарда келе жаттық.

Аспан қауіпсіздігін күзеткен ерлер: Әскери авиациялық бөлімнен арнайы репортаж

Астананың аспанын бір шарлап өтіп, жерге қондық. Аңдап қарасам, техникалық мамандар бірден жұмысына кірісіп кеткен екен. Әркім өзіне тиесілі жұмысты атқарып, тікұшақтың асты үстіне түсіп, толық тексеруден өткізіп шықты.

Өзіңіз көргендей жаңа ғана тікұшақты тексерістен өткіздім. Негізі біз тікұшақты көкке көтерілер алдында да, қайта қонғанда да толық барлап шығамыз. Егер әуе техникасынан ақау тапсақ, онда бірден басшылыққа баяндап, оны дер кезінде жөндеуге кірісеміз. Менің жұмысымның жауапкершіліг жүгі ауыр деп айтсам қателеспеспін. Себебі, осы тікұшақты өз қолыммен тексеріп, ұшқыштармен бірге өзім де көкке көтерілем. Маған жүктелген міндетті аспанда да атқаруға міндеттімін. Ал болмашы қателікке бой алдырсам, онда өзімнің де, әріптестерімнің де өмірін қатерге тігемін, – деді борт техник маманы, аға лейтенант Есен Сабыржанұлы.

Аспан қауіпсіздігін күзеткен ерлер: Әскери авиациялық бөлімнен арнайы репортаж

Елдің әуе қорғаныс күштерінде ұшқыш болып қызмет атқарып жүрген капитан Сұлтан Марғұланұлы өзі басқаратын тікұшақтың көкке сенімді көтеріліп, қайта қонып жүргені сол тыл еңбегіндегілердің ерен еңбегі дейді.

Мен бүгінде МИ-17 тікұшағын тізгіндеп жүрмін. Негізінеш десантшыларды тасымалдаумен айналысамыз. Бірақ қажет болған жағдайда тікүшағым ұрысқа да сақадай сай. Жұрт аспанда тек ұшқыштарды ғана көреді. Ал олардың артында қаншама адамның еңбегі жатыр. Менің басқаруымдағы мына тікұшақтың көкке сенімді көтеріліп, қайта қонып жүргені сол тылдағы еңбеккерлердің жұмысының жемісі. Біз олардың жұмысына қалтқысыз сенгендіктен көкке еш алаңсыз көтеріле береміз, – деді ұшқыш.

Біз ұшқыштармен бірге әскери шерудің дайындығын көктен бақыласақ, дәл сол сәтті аңызға айналған ағамыз Тоқтар Әубәкіров бас алаңнан тамашалаған екен. Қазақтың тұңғыш ғарышкері әрі әскери ұшқыш ағамыз дайындық аяқталысымен ұшқыштармен кездесу өткізіп, дайындық барысында не істеу керектігін айтып, ағалық кеңесін де берді.

Аспан қауіпсіздігін күзеткен ерлер: Әскери авиациялық бөлімнен арнайы репортаж

Бүгін сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Дайындықтарыңды бірнеше күннен бері бас алаңда бақыладым. Алып-қосар ештеңем жоқ. Барлығы керемет. Себебі, бұл жерге тек ең үздіктері шақырылатынын жақсы білемін. Тек бір ғана айтарым, шеру барысында тек өздерің білетіндей ғана, дәл осы дайындық барысындағыдай ұшып өтіңдер. Небір мықты ұшқыштар осындай шерулер барысында өз білгенінен жоғары деңгей көрсетемін деп опық жеген. Сондықтан осы ақылымды ұмытпаңдар, – деді Тоқтар Әубәкіров.

Қорғаныс қабілетіміздің сенімділігі мен тұрақтылығы тікелей техникалық қызметтің сапасына байланысты. Әуе қорғаныс күштеріндегі техникалық мамандардың тынымсыз еңбегі еліміздің әуе кеңістігін қауіпсіз сақтау жолындағы басты тіректердің бірі. Олар әрбір техниканы дер кезінде қарап, ақаусыз күйде ұстау арқылы жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Тыл еңбеккерлері көзге көрінбегенімен, көк кеңістігіндегі әрбір сәттің артында солардың қолтаңбасы жатыр. Аспанда қалықтаған алып құс жердегі ерен еңбектің нәтижесі.

Аспан қауіпсіздігін күзеткен ерлер: Әскери авиациялық бөлімнен арнайы репортаж