Жаңалықтар

Париж Олимпиадасы: Отандық атлеттердің тарихи жеңісі

Париж Олимпиадасы: Отандық атлеттердің тарихи жеңісі
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі 30.07.2024 22:17 400

Париж Олимпиадасының басталғанына бүгін бесінші күн. ХХХІІІ Жазғы Олимпиада Ойындарына аттанған спортшыларымыз жарыстың алғашқы күнінде бірден қос жүлдені құрама қоржынына салғаны елдің мерейін тасытты. Артынша тағы бір қоланың қосылға қуанышты еселей түсті. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Олимпиададаға спортшылардың жетістігіне шолу жасап, әлеуетін сараптап көрді.

Париж Олимпиадасы: Отандық атлеттердің тарихи жеңісі

Стенд атудан аралас жұптық сында мергендеріміз Ислам Сәтпаев пен Александра Ленің қолаға ие болуы Олимпиаданың басты тарихи оқиғасына баланды. Олай дейтініміз қос саңлақ Париж Олимпиадасының жүлдесін иеленген әлем бойынша алғашқы спортшы атанды. Ел жолына үмітпен қарап отырғанда спортшылардың өз мүмкіндігін оңтайлы пайдаланып, мүлт кетпеуі жанкүйерлерді шын қуантып, өзге атлеттерге тың серпін бергені рас.

Араға уақыт салып жарыс жолына шыққан Елдос Сметовтің чемпион атанғаны тіпті ғаламат оқиғаға баланды. Париж Олимпиадасынан бұрын отандасымыз жүлде алуы мүмкін деп болжанға он спортшының арасына енді. Дегенмен, басты фавориттердің қатарында болмады. Өзінің спорттық мансабында аянбай, мақсатқа жету жолында бар күшін салған тараздық татами шебері соңғы сәтке дейін босаңсымады. Айқас алаңына тым салқынқанды, салмақты қалпынан жаңылмаған оның жүзі тым қатулы әрі мұқият байыпты екені айқын аңғарылды.

Алғашқы белдесуінде Нидерланда балуанын қапы қалдырғаны оның келесі кезеңге деген сенімін нықтай түскені анық. Айта кететін жайт, Нидерланд өкілімен Сметов Токио Олимпиадасының қоласы үшін күресіп, басым түскен. Одан кейін Украина намысын қорғайтын Дильшод Халматовпен болған белдесу отандасымыздың шын шеберлігін көрсетті. Осылайша екі балуанды қапы қалдырған Елдос үшінші айналымды олардан ба бәсі биік Тайпей дзюдошысымен шеберлік байқасты. Азия өкілі 60 келіде Токио Олимпиадасында финалға дейін жетіп, күміспен күтпелген. Екі жыл бұрын Ташкентте өткен әлем чемпионатында Елдос Сметов қола жүлдегер атанғанда Ян Юнвейде жерлесімізбен тұғырда қатар тұрды. Мамыр айының соңына таман өткен әлем чемпионатында бұл спортшы 60 келіде финалға дейін жетіп, күміс жүлде тағынды. Соған қарамастан Сметов оның тегеурініне төтеп беріп, өзінің шебер екенін көрсетті.

Париж Олимпиадасы: Отандық атлеттердің тарихи жеңісі

Жартылай финалда жолы түйіскен Испания балуаны Франциско Гарригостың да бәсі тым биік. Балуан былтыр Дохада өткен әлем чемпионатында 60 келінің үздігі атанған. Екеуара белдесу негізгі уақытта тең аяқталып, шын мықтыны анықтау қосымша уақытта тағы жалғасты. Сол сәтте қапы қалмаған ұлт дзюдосының көрнекті өкілі күрделі әдісті қолданып, ауырту тәсілімен алға шықты. Ал финалға жолы түйіскен Француз балуаны Лука Мхидзені де осал деуге болмайды. Лука Токио Олимпиадасында 60 келіде Сметовпен бірге қола жүлдені тағынды. Ал екеуінің арасында шын мықтының кім болатынын болжау қиын еді. Соған қарамастан Елдос Сметов соңғы сәтте ұтымды әдіс жасап, өзінің ұзақтан аңсаған арманына қол жеткізді. Әрі ел спортында дзюдодан Олимпиада шының бағындырған алғашқы спортшы болды.

Париж Олимпиадасы: Отандық атлеттердің тарихи жеңісі

Араға бір күн салып 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев татамиге шықты. От андасымыз жүлде алады деп сенгендердің қанша болғаны белгісіз. Дегенмен, ол «өлім тобынан» жарып шықты. Алғашқы қарсыласы Испания дзюдошысын, одан кейін жолы түйіскен Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Ан Ба Улды, үшінші кезеңде Француз спортшысын әділ түрде жарыстан шығарды. Ал финалға бір қадам қалғанда ол босаңсып кеткендей әсер қалдырды. Жарақат алғандай кейіп танытқан Бразилия балуаны қосымша уақытта Қырғызбаевтың осал тұсын бос жіберді. Дегенмен, қола үшін күресте дзюдо саңлағы аянбады. Барын салып, серб балуанын соңғы минутта нәтижелі әдіспен жеңіп, өзінің спорттық мансабындағы қоласына ие болды.

Алда жарыс жолында қалған 4 боксшы мен 5 тамыздан бастап бозкілемге шығатын балуандардан да күтеріміз көп. Күш қолданылатын спорт түрлерінен биіктен көрініп жүрген отандық спорт шеберлері төрткүл дүние көз тіккен сында ел үмітін желге ұшырмайды деп сенеміз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға