Қорғаныс министрлігі

Әскери тікұшақ апаты: іздеу жұмыстары жалғасуда

28.07.2025 23:05

Сорбұлақ су қоймасындағы тікұшақ апатына байланысты іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Сорбұлақ су қоймасы аймағында жоғалған тікұшақты іздеу-құтқару операциясы 28 шілде күні таңғы сағат 04:30-дан бастап қайта жанданды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, таң сәріден бастап су беті мен жағалау аймағы мұқият тексеріліп, ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың көмегімен әуеден барлау жүргізілген.

Іздеу шараларының тиімділігін арттыру мақсатында оңтүстік жағалау жерүсті және су топтарының қатысуымен қосымша шолуға алынған. Жұмыс барысын үйлестіру үшін су айдыны шартты секторларға бөлініп, 13 бірлік жүзу құралы тартылған. Түбін тексеруге арналған арнайы техникалық құралдар да қолданылуда.

Іздеу ауданына басқа өңірлерден қосымша күштер мен техника жеткізілді. Атап айтқанда, Қонаев қаласынан іздеу бөлімшесі, сондай-ақ Ақтаудан А-400 әскери-көлік ұшағымен жеке құрам мен арнайы жабдықтар жеткен. Құрамында эхолоттар, сүңгуірлік құралдар, катер және қайық бар.

Бүгінде операцияға бес әскери бөлімнің күш-құралдары жұмылдырылған. Іздеу жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жалғасып жатыр.

Іздеу шаралары барысында тікұшақтың қалдықтары табылды. Қазіргі уақытта олардың нақты тиесілігін анықтау жұмыстары жүргізілуде, – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Қорғаныс министрлігі операция күрделі гидрография жағдайында өтіп жатқанын атап өтті. Дегенмен, жұмылдырылған бөлімшелер өз міндеттерін үйлесімді әрі нақты атқаруда.

Ведомство басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, іздеу жұмыстарын толық аяқтау үшін барлық мүмкін шараларды қолданып жатқанын мәлімдеді. Қосымша ақпарат жаңа деректер пайда болған сайын жарияланатын болады.