Жаңалықтар

Әскери қызметшілер мамандық бойынша дайындыққа кірісті

Әскери қызметшілер мамандық бойынша дайындыққа кірісті
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 14.06.2023 22:46 911

Жас сарбаздар әскери ант берген соң Қарулы күштердің бөлімдері мен бөлімшелері оқытудың алғашқы кезеңі – мамандық бойынша дайындыққа көшірілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әр оқу кезеңінің басында өткізілетін бұл шара әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындық бағдарламасының негізгі кезеңдерінің бірі саналады.

Мамандық бойынша дайындық әскери қызметшілердің лауазымдық мақсатына сәйкес оқудан өтетін сабақтар кешенін қамтиды. Ондағы негізгі мақсат – функционалдық міндеттерді, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық бөлігін, оларды пайдалану тәртібін зерделеу.

Жеке дайындық әскери бөлімдерде, штаттық-лауазымдық мақсатына сәйкес, тәжірибелі нұсқаушылардың басшылығымен бір ай ішінде жүзеге асырылатын болады. Сабақтар оқу-әдістемелік және көрнекі құралдарды пайдалана отырып, қару-жарақ пен әскери техникада, оқу сыныптарында және полигондарда өткізіледі.

Механик-жүргізушілерді, зеңбірекші-операторларды, пулеметшілерді, гранатометшілерді, өрт сөндірушілерді және бөлімшелердің жауынгерлік дайындығын айқындайтын басқа да мамандарды даярлау үшін жекелеген топтар құрылған.

Бөлімше командирлері ұрысты ұйымдастыру, атысты басқару, қаруды қалыпты ұрысқа келтіру, жеке құраммен жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар өткізу әдістемесі бойынша оқытудан өтеді.

Оқу аяқталған соң әскери қызметшілер сынақтар мен емтихандар тапсырады. Соның нәтижесі бойынша штаттық техника мен қару-жарақты меңгеруге жіберіледі.

Жауынгерлік даярлықтың келесі кезеңі жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде бөлімшелердің, бөлімдердің, құрамалардың және басқару органдарының бірлескен іс-қимылдарын пысықтауға бағытталған бөлімшелерді үйлестіру болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға