Әскери қызметшілер 100 жасқа толған соғыс ардагерін мерейтойымен құттықтады
Бүгін 1 қаңтарда соғысардагері Зәкір Мұсаев 100 жасқа толды. Майдангерді жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері, Amanat партиясы облыстық филиалының өкілдері, Қарулы күштердің, Ауған соғысының ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Жандос Күлдербаев мерейтой иесіне министр, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың құттықтау хаты мен естелік сыйлықтарды табыс етті.
Бүгінгі бейбіт күн үшін ардагерлерге қарыздармыз. Олардың ерлігі бейбіт өмірдің іргетасы болды, – деді департамент бастығының орынбасары.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Зәкір Мұсаевтың өмірі - әскери борышқа адалдықтың үлгісі. Ол 1925 жылы 1 қаңтарда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ескі Иқан ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған оны және әпкесі Ангирді анасы жалғыз тәрбиелеген.
1943 жылы 18 жасында Зәкір Мұсаев әскер қатарына шақырылды. Петропавлда 44-ші полкте қызмет етіп, сол жылдың қыркүйегінде өз еркімен майданға аттанған. Соғыста екі рет жарақат алды. Ардагердің майдандағы еңбегі бағаланып, "Отан соғысы", "Қызыл Жұлдыз" ордендерімен және 13 жауынгерлік медальмен марапатталған.
Соғыстан кейін Зәкір Мұсаев 1950 жылға дейін Дрездендегі НКВД ғимаратында күзет бөлімінде қызмет етті. Туған жеріне оралып, алдымен Калинин атындағы колхозда, содан кейін партияның XXIII съезі атындағы кеңшардың Иқан мақта станциясында есепші болып жұмыс істеді.
Зәкір Мұсаев 1985 жылы зейнетке шықты. Ол жұбайымен бірге төрт қыз, бір ұлын тәрбиелеп өсірді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысында Ұлы Отан соғысына қатысқан 10 ардагер қалды.