Жаңалықтар

Әскери музейде жас суретшілер көрмесі ашылды

Әскери музейде жас суретшілер көрмесі ашылды
Фото: Қорғаныс министрлігі 10.03.2024 01:31 715

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжі мен көркемсурет факультеті студенттерінің авторлық жұмыстарынан тұратын «Көктемнің лебі» көрмесінің ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұйымдастырушылар көрмені Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамына орайластырып отыр. Студенттер кескіндеме, графика, мүсін, сценография, сәндік-қолданбалы өнер және дизайн секілді өз еңбектерін ұсынды. Мұражайдың атриум залына барлығы 65 жұмыс қойылған. Көрменің тақырыбына сәйкес, олардың бәрі көктемгі түстермен жасалғанын аңғаруға болады.

Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастығы Арман Асенов пен Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің бастығы Ләззат Әлжан жиналғандарды көрменің ашылуымен құттықтады. Олар жас авторларға шығармашылық жолда сәттілік тілеп, алғыстарын жеткізді.

Біздің Қазақ ұлттық өнер университетімен ынтымақтастығымыз бірінші жыл емес. 2022 жылы Әскери-тарихи музей мен университет арасында меморандум жасалған болатын. Бүгінгі іс-шарамыз сол келісімнің жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді, – деп атап өтті Ләззат Әлжан.

Қазақ ұлттық өнер университеті көркемсурет факультетінің деканы Ғайни Мұхтарова атап өткендей, бұл әскери-тарихи музейдің қолдауымен өткізіліп тұрған үшінші көрме.

Экспозицияда студенттердің семестр бойы орындаған жұмыстары ұсынылып отыр. Біз әскери музей басшылығына өз шығармашылығын кеңінен насихаттауда студенттерді қолдағаны үшін алғыс айтамыз, – деп қосты ол.

Іс-шара барысында студенттер қазақтың ұлттық киімінде дефиле өткізіп, көрерменге концерттік бағдарлама ұсынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға