Жаңалықтар

Әскери медицина қызметкерлері енді басқа медициналық ұйымдарда жұмыс істей алады – сарапшы

Әскери медицина қызметкерлері енді басқа медициналық ұйымдарда жұмыс істей алады – сарапшы
Фото: pixabay.com 24.04.2024 10:19 1041

Жақында мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ҚР Қарулы күштер Бас әскери-медициналық басқармасы емдеу алдын-алу басқармасының басшысы, медицина қызметінің полковнигі Берік Ілиясовтың пікірін білген болатын. 

Қабылданған заң аясында медицина мамандары жұмыс істеп жүрген кезде әскерге баруға немесе мерзімді әскери қызметті кейінге шегеруге құқығы бар деген талап қосылды. Ал «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңда медицина мамандары әскерге шақырылады делінген. Жалпы, ауылдық жерде еңбек етіп жүрген медицина мамандары әскерден босатылады деген норма осыған дейін де заңда жазылғанын айта кеткеніміз дұрыс,-дейді Берік Ілиясов.

Сарапшының айтуынша, заңға әскери дәрігер-резидент деген ұғым енгізілді. Құжатқа әскери дәрігер-резидентті дайындау туралы барлық нормалар енді. Яғни, әскери дәрігерлерді резидентурада бейінді мамандықтар бойынша дайындауға мүмкіндік пайда болды. Бұдан былай хирург, терапевт, травматолог және басқа кәсіби мамандарды даярлайтын болады.

Заң шеңберінде «Қорғаныс және Қарулы күштер туралы» Заңымен әскери медицина мамандарын даярлау Қағидаларын бекіту туралы Қорғаныс министрінің құзыреті бекітілді. Аталған Қағидалармен әскери медицина мамандарын бакалавриат, әскери интернатура, резидентура, мигистратура, докторантура бағдарламалары бойынша даярлау тәртібі анықталады.

Заң аясында медицина мамандары әскери кафедрада оқымай, мерзімді әскери қызметін өтемей-ақ бірден келісімшарт негізінде әскери қызметке қабылдана алады. Оған қоса, заңға әскери медицина қызметкерлеріне ақылы жұмыс істеуге құқық беретін норма енгізілді. Демек әскери медицина қызметкері әскери қызметтен бос уақытында басқа медициналық ұйымда жұмыс істей алады. Бұл норма әскери медицина қызметкерінің тәжірибесін арттырып, біліктілігін шыңдауға септігін тигізетіні сөзсіз,-деді ол.

Сонымен қатар заң аясында әскери қызметшілерге медициналық көрсеткіштері болған жағдайда санаторлы-курорттық ем ұсыну құқығы нақтыланды.

Айта кету керек, бұл нормалар алдымен депутаттардың бастамасымен, одан кейін Қорғаныс министрінің тікелей қолдауымен енгізілген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға