Жаңалықтар

Әскери институттың «Ақтөбе» әуеайлағына Чех ұшақтары келіп қонды

Әскери институттың «Ақтөбе» әуеайлағына Чех ұшақтары келіп қонды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 06.12.2023 08:28 696

Чехияның L-410 әскери-көліктік ұшақтары Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының авиациялық паркін толықтырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. 

Салтанатты рәсімге Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин, ӘҚК әскери институтының бастығы полковник Тимур Еспағанбетов, чехиялық Aircraft Industries өндіруші зауытының өкілдері және курсанттар қатысты.

Еліміздің Президенті өз Жолдауында «Армияны заманауи жоғары технологиялық техника үлгілермен қамтамасыз ету туралы» тапсырма қойды. Бүгінгі оқиға қорғаныс ведомствосының осы бағытта атқарған жұмыстарының көрінісі. Ұшу-техникалық сипаттамаларының қолайлылығының арқасында

L-410 ұшағы Қарулы күштердің болашақ көліктік авиация ұшқыштарын дайындауға ең тиімді ұшу аппараты болып отыр, – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы.

L-410 жеңіл көліктік ұшағы 380 км/сағ жылдамдықпен және 1000 шақырым қашықтықты ұшып өтуге қабілетті. 1000 келіні немесе 19 адамды тасымалдауға арналған. Ұшақтың техникалық сипаттамалары оны жыл он екі ай бойы пайдалануға мүмкіндік береді.

Ұшақты максималды рұқсат етілген салмақпен ауаға көтеру үшін 400 метрге дейінгі ұшу-қону жолағы жеткілікті. Оның тағы бір ерекшелігі әртүрлі алаңдарға ұшып-қону мүмкіндігінде болып отыр. Сондықтан әскери-көліктік авиация курсанттарын даярлау «Ақтөбе» және «Хлебодаровка» әуеайлақтарында еркін жүзеге асырылатын болады.

Бұған дейін біз Р-2002 жеңіл моторлы ұшақтарында тәжірибеден өткен болатынбыз. Енді біз күрделі ауа-райында ұша алатын L-410 ұшағына ие болып отырмыз. Әрине ұшуды бастамас бұрын теориялық жағынан мұқият зерделеуіміз керек. Бірінші тәжірибе келесі жылдың маусым айында басталып, қазан айына дейін жалғасады, - деп атап өтті Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 3 курс курсанты Никита Напольский.

Авиациялық парктің жаңа L-410 ұшақтарымен толығуы әскери институтқа қаражатты үнемдеп қана қоймай, болашақ ұшқыштардың жауынгерлік дайындығы мен ұшу дағдыларының тиімділігін арттыруға айтарлықтай мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға