Жаңалықтар

Әскери борышын өтеп жүрген фельдшер: «Армия адамды тәртіпке үйретеді"

Әскери борышын өтеп жүрген фельдшер: «Армия адамды тәртіпке үйретеді"
Фото: Ділмұрат Сәлібековтің жеке мұрағаты 17.03.2024 18:52 2675

Әскер қатарына қабылданып, Отан қорғау – саналы, дені сау әрбір азаматтың борышы.  Әскери антты орындау – үлкен жауапкершілік. Осы бір жауапкершілікті сезініп, өзіне міндет санағандардың бірі – түркістандық Ділмұрат Сәлібеков.

Жас сарбаз әскер қатарына қабылданбас бұрын Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданында фельдшер маманы болып еңбек етіп келген. Бүгінде Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінде борышын өтеп жүр. Осы ретте біз жас сарбазбен сұхбаттасып, әскердегі өмірі туралы сұрап білдік.

El.kz: Алдымен өзіңіз, отбасыңыз туралы аз-кем мағлұмат бере кетіңізші...

Ділмұрат Сәлібеков: Мен 2002 жылдың 28 мамырында Өзбекстан Республикасының Жоғары Шыршық ауданында дүниеге келгенмін. 10 жасымда отбасымызбен атамекеніміз – Қазақстанға қоныс аудардық. Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Сырлысай ауылына көшіп келдік. Сол жақта өстім. Біздің ауыл көрші жатқан Сарыағаш ауданымен шекаралас. Сондықтан сол Сарыағашқа қарасты Ғани Мұратбаев атындағы жалпы орта мектепте білім алдым. 11-сыныпты бітіріп, 2020 жылы Шымкент қаласындағы жоғары медициналық колледжге «Емдеу ісі» мамандығы бойынша оқуға түстім. 2023 жылы оқуды бітіріп, қолыма диплом алған соң қыркүйек айында Қазығұрт аудандық орталық ауруханаға қатарды фельдшер маманы болып жұмысқа тұрдым. Медицина саласын таңдау – өз қалауым болды. Өзімнің атам талай жылдар бойы фельдшер болып жұмыс жасаған. Бала күнімнен осы саланың қыр-сырын естіп, көріп өстім десем болады. Атам арқылы осы салаға қызығушылығым оянды. Отбасыма келер болсам, ата-анам, үш інім және екі қарындасым бар. Үйдің тұңғышымын.

El.kz: Әскер қатарына қосылу – өз еркіңіз болды ма? Әлде жалпақ тілмен айтқанда «военкомат» деп жатамыз ғой. Сол жақтан шақыру келген соң баруға тура келді ме?   

Ділмұрат Сәлібеков: Әрине, әскерге өз еркіммеен келдім. Отан алдындағы борышты өтеу – кез келген азаматтың парызы деп білемін.   

El.kz: Негізі медициналық колледжде білім алғандарға дипломмен бірге әскери билет те беріледі деп естуші едік...

Ділмұрат Сәлібеков: Бізге тек қыздарға беріледі, ал ер балаларға әскери билет берілмейді деп айтты. Ал жігіттер барлық ер азаматтар секілді әскерде борышын өтеп, қолдарына билет алады. Шынымды айтсам, мен өзім әскерге шақыру қашан келеді деп күтіп жүргенмін. Колледжде оқып жүргенімде бір рет шақыру келген болатын. Бірақ ол кезде оқуымды тастап кете алмадым. Сосын еш хабар болмады. Оқуды бітірдік. Бір топта оқыған курстарымның біразы әскерге кетіп қалды. Жұмысқа тұрдым. Бір күні 1414 нөмерінен әскерге шақыру бойынша СМС келді. Ол кезде кезекшілікке түсетін күнім еді. Бара алмадым. Содан соң «военкоматтағылар» жұмысқа келіп, сұрап алып кетті. «Барасың ба?» деп сұрады. Бірден баратынымды айттым. Тұрақты түрде жұмыс істеп жүрген соң әскерге бару немесе бармау деген сияқты менде таңдау болды. Бірақ еш ойланбастан шешім қабылдадым.

El.kz: Үйіңіздің тұңғыш ұлы екенсіз. Ата-анаңыз сіздің бұл шешіміңізді қалай қабылдады? Райыңыздан қайтарғысы келмеді ме? Себебі жасыратыны жоқ, соңғы жылдары көптеген ата-анана балаларын әскерге жіберуге қарсы болып, алып қалудың түрлі жолдарын іздеп жататынын естіп те, көріп те жүрміз.

Ділмұрат Сәлібеков: Жоқ, ата-анам «Таңдау – өз еркіңде» деп бірден айтты. Ол кісілер балаларының кез келген шешімін әрқашан қолдайтын жандар. Дегенмен әкем «Балам, барып қайтқаның дұрыс. Ол сенің - Отан алдындағы борышың» деп әкелік кеңесін берді. Осылайша ата-анамның ақ батасын алып әскерге аттандым.

El.kz: Әскер қатарына қашан қабылдандыңыз?

Ділмұрат Сәлібеков: Былтыр 11 желтоқсан күні жолға шықтық. Бірден Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімнің 3-ротасы 9-взводына келдік. Осында бір ай оқу-жаттығудан өттік. Биыл қаңтардың 20-сында ант қабылдап, сол бөлімшенің Атбасардағы 4 атқыштар ротасына қабылдандым. Қазіргі таңда сонда әскери бөлімде борышымды өтеп жүрмін.

El.kz: Әскери өмірге үйренісу қиын болған жоқ па?

Ділмұрат Сәлібеков: Алғашында кішкене басқаша сезім болды. Не дегенмен бөтен қала, оның үстіне Көкшетауға бұрын-соңды келмегенмін. Әскери қалашықты, біркелкі формадағы әскерилерді көріп ертерек солардың қатарына қосылуға асықтым. Командир, сержант, аға сарбаздарға, барлығына рахмет. Жас сарбаздарды жақсы қабылдап, бірден үйренісіп кетуімізге сол кісілердің үлкен көмегі тиді деп айта аламын. Әрине, мұнда келгендердің барлығы бірден үйренісіп кетті дей алмаймын. Ол әр адамның өзіне байланысты ғой. Мәселен, түске дейін ұйықтап үйреніп қалған үйінің ерке балалары алғашында аздап қиналуы мүмкін.  

El.kz: Осы ретте әскердегі «дедовщина» туралы сұрағым келіп отыр. Бұл ұғым әлі де бар ма?

Ділмұрат Сәлібеков: Әскерге келер алдын менде де «қалай болар екен» деген сияқты қорқыныш болды. Енді түрлі оқиғаларды естіп жүрміз ғой. Ауылда әскерге бармаған екі сыныптасым бар еді. Сенесіз бе «военкоматтағы» кісілер екі досымды алып, үшеуміз әскерге бірге барып келуге болатынын айтты. Бірақ екеуінің де ата-анасы қорқатындарын алға тартып, рұқсатын бермеді. Осылайша олар әскерден қалып қойды. Қазір екеуі де жұмыс істеп жүр. Негізі өзім де әскерде аға сарбаздар кейінгі келгендерге тиіседі, әлімжеттік көрсетеді деп ойлап келгенмін. Бірақ шүкір, ондайды көрген жоқпын. Қайта біздің взводтағы аға сарбаздар кішілеріне ақылдарын айтып, бар білгендеріп үйретіп жүрген жайы бар. Негізі «дедовщина» деген бұрынғы заманнан қалып қойған ұғым деп айтар едім. Өз басым ондайды көрмедім.

El.kz: Армия адамды өзгертеді деп жатады. Келісесіз бе?  

Ділмұрат Сәлібеков: Иә, толықтай келісемін. Әскер адамды тәртіпке, тазалыққа, түзу жүруге, артық қылықтан аулақ болуға үйретеді. Қысқасы, бойыңа нағыз ер азаматқа тән қасиеттерді сіңіріп, тәрбиелеп шығаратын, өмір ағымына сай қалыптастыратын мектеп деп айтуға болады. Әрине, бірінші кезекте елге, Отанға деген сүйіпсеншілікті оятып, нағыз патриот етіп тәрбиелейтін орта.   

El.kz: Әскердегі тамақтандыру жағы қалай?

Ділмұрат Сәлібеков: Тамақтары өте жақсы. Барлығы дәмді, әрі ыстық күйінше беріледі. Мәселен, күні кеше кешкі асқа қуырылған балық, шұжық пен ірімшік және негізгі ас ретінде бір порция тамақ берілді. Ал түскі уақытта екі түрлі тамақ. Күнделікті бір тағам емес, ас мәзірі ауысып тұрады. Қысқасы, әскерде қарнымыз аш жүрген жоқ (күліп).   

El.kz: Армиядағы бір күніңіз қалай өтеді?

Ділмұрат Сәлібеков: Күн сайына сағат таңғы 6-да ұйқыдан тұрамыз. Төсектерімізді жинап, кейін жуынамыз. Содан соң таңғы жаттығуға кірісеміз. Белгіленген қашықтықта жүгіреміз. Сағат 8-де таңғы асқа отырамыз. Ас ішіп болған соң түскен дейін әскери жарғы аясында жауынгерлік сабақтар өтеміз. Кейін түскі тамақтану уақыты болады. Ары қарай тағы да сабақтар жалғасады. Оған қоса әскери бөлімше аумағын қардан тазалау деген сияқты ішкі шаруаларды атқарамыз. Бұл жерде айта кетейін, егер сарбаз күзетке түсетін болса, онда ол түскі уақыттан бастап тынығып алу үшін босатылады. Ал кешкі уақытта қызметке шығады. Біздің әскери бөлімше Атбасардағы түзеу мекемесіне жақын орналасқандықтан біз сол мекемені күзетеміз. Күзетке кезекпен түсеміз. Кестеге сай бекітілген бірнеше сарбаз әр үш сағат сайын ауысып, бір тәулік сол жерді күзетеді. Келесі күні кезек ауысады.

Сәрсенбі, бейсенбі күні жаттығу жұмыстарына қосымша жүктемелер беріледі. Турникке тартылу, темір көтеру деген сияқты қосымша жаттығулар жасаймыз.

Кешкі сағат 7-де кешкі ас ішеміз. Сағат 22.00-де ұйқыға жатамыз. Ал оған дейінгі уақытты өз қажеттілігімізге жұмсаймыз. Алдымен киімдерімізді реттеп, жуынуға түсеміз. Содан соң теледидардан елде болып жатқан жаңалықтарды көреміз. Ара-тұра кино қараймыз. Сағат 21.30-да ротада жаппай тексеру-бақылау жүргізіліп, кейін ұйқы уақыты басталады. Ал сенбі мен жексенбі күндері әскердегі режим өзгереді. Ұйқыдан ояну мен ұйқыға жату уақыты солай қалғанымен, бұл күні сарбаздарға демалыс беріледі. Гитарада ойнаймыз, түрлі концерт қоямыз. Оның барлығы акт залында өтеді. Керек заттарымызды алу үшін әскери бөлімше маңындағы дүкенге барып келуге рұқсат беріледі.

El.kz: Әскерде медициналық алған біліміңіздің көмегі тиіп жатыр ма?

Ділмұрат Сәлібеков: Ант қабылдамас бұрын оқу-жаттығу өттік деп айттым ғой. Сол кезде қатарлас жауынгерлер шағымдарын айтып, алғашқы медициналық көмекті көрсетіп жүрдім. Қазір де осы жердегі медицина мамандарына қолдан келгенше көмек көрсетіп жүрмін.

El.kz: Сағынышты қалай басып жүрсіз? Жалпы әскерге келгеннен кейін қанша уақыттан соң үйдегілерді сағындыңыз?

Ділмұрат Сәлібеков: Алғашында бәрі қызық, білгің, үйренгің кеп жүреді. Оқу-жаттығудың соңғы күндерінде, яғни ант қабылдау рәсімі жақындаған сәтте ата-анама, бауырларыма, туыстарыма деген сағыныш сезімі байқала бастады. Ант қабылдайтын кезде ауылдан әкем келіп, қасымда болды. Командирлерден рұқсат алып, екі күн әкемнің қасында болып, сағынышты бастым (күліп). «Жақсы қызмет атқарып, аман-есен орал. Уайымдама, нағыз еркек боп шығасың» деп ақыл-кеңестерін айтты. Шыны керек, асқар тау әкемнің сол сөздерімен еш алаңсыз жүрмін ғой. Тіпті телефон арқылы әр сөйлескен сайын әкем мотивациялық тұрғыда жігерлендіріп отырады.

El.kz: Ата-анаға баласын әскерге іздеп келіп, демалыс уақытын алу үшін қаншалықты жиі рұқсат беріледі?

Ділмұрат Сәлібеков: Туыстармен кездесуге шектеу жоқ. Командирлер сенбі, жексенбі күндері ата-анаң, бауырың, ата-әжең деген сияқты жақын туыстарың келіп тұрса болады деп айтқан. Еш алаңсыз рұқсат беріледі. Сыртқа шығып, күні бойы солардың қасында жүруге де рұқсат. Бастысы, кешкі сағат 5-6 шамасында ротада болу керек.

El.kz: Туыстарыңызбен телефон арқылы сөйлесуге аптасына неше рет рұқсат беріледі?

Ділмұрат Сәлібеков: Әскерде ұялы телефон қолдануға тыйым салынған. Сол үшін бөлімшеде таксофон құрылғылары орнатылған. Қателеспесем, бізде қазір 8 таксофон бар. Сол арқылы сенбі, жексені күндері кез келген уақытта туыстарымызбен сөйлесе аламыз. Ал аптаның өзге күндері сабақ пен жаттығудан тыс, бос уақытта хабарласуға рұқсат.

El.kz: Естуімше, сарбаздар әскерден қайтатын күнді тағатсыздана күтетіні соншалық, тіпті күнтізбе алып, «қайтуға осынша күн қалды» деп белгілеп жүреді екен. Сіз де солай жасап жүрсіз бе? 

Ділмұрат Сәлібеков: Бізде бар ондай сарбаздар, бірақ аз. Өзім күн санап жүрген жауынгер емеспін. Бізге сержанттар уақытты санауға болмайтынын, бастысы бар күш-жігерді қызметке, ортаға жұмсау керектігін үнемі ескертіп отырады. «Сол кезде уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаласыңдар» дейді. Расымен де солай сияқты. Күні кеше ғана ант қабылдаған сияқты едім. Алла қаласа, осы жылдың желтоқсанында үйге қайтамын.

El.kz: Командирлеріңіз қатты қатал ма?

Ділмұрат Сәлібеков: Қатал емес, адами тұрғыда біздің бәрімізді түсінеді. Бастысы, тәртіпті талап етеді. Егер тәртіп болмаса, әрине, қаталдық танытуы керек.      

El.kz: Әскерде болған қызықты бір оқиғамен бөлісіңізші... 

Ділмұрат Сәлібеков: Мұндағы әр күннің өзіндік орны бар. Ондай сәттер жиі боп тұрады. Осы жақында Халықаралық әйелдер мерекесіне орай біз концерт ұйымдастырдық. Оған әскердің іс-қағаздарымен жұмыс істейтін, асханада еңбек ететін және жақын маңдағы түзеу мекемесіндегі қыз-келіншектерді арнайы шақырдық. Бұл мерекеге біз қатты дайындалдық. Бәріміз өнерлерімізді ортаға салдық. Біріміз гитарада ойнадық, енді біріміз жанды дауыста ән шырқадық. Ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқып, тіпті биді де биледік. Өте әсерлі кеш болды. Нәзік-жандылар қатты таң қалып, Ұлыстың ұлы күні мерекесінде дәл сондай концерт күтетіндерін айтты. Ол мерекеге де санаулы күндер қалды. Дайындықты бастаймыз.    

El.kz: Қатарлас жауынгерлер арасында жан-дүниеңізді түсінетін достар тауып үлгердіңіз бе?

Ділмұрат Сәлібеков: Иә, көптеген достар таптым. Арасында өзге ұлттардың өкілдері де бар. Барлығымен тез тіл табысып кеттім. Бәріміз әскерге бір мақсатпен келдік қой. Сондықтан жан дүниемізді жақсы ұғамыз. Әскерден қайтқан соң да арадағы байланысты үзбеуге, Алла қаласа, бір-біріміздің үйлену тойымызға баруға ниеттеніп отырмыз. Негізі әскер – елдің түкпір-түкпірінен достар табуға мүмкіндік беретін орын екен.

El.kz: Қай өңірден келген сарбаздармен тіл табысу оңайға түсті?

Ділмұрат Сәлібеков: Барлығымен жақсы қарым-қатынастамын. Бірақ әскерге келе сап Ақтөбе, Атыраудан келген батыстың жігіттерімен бірден жақсы араласып кеттім. 

El.kz: Алдағы уақытта өміріңізді әскери саламен байланыстырғыңыз келе ме? Мәселен, келісімшартпен әскери қызметші болып қалу...

Ділмұрат Сәлібеков: Ондай ой жоқ. Себебі бала күнгі арманым – медицина маманы болу. Ол үшін кәсіби білім де алдым. Енді сол мамандық бойынша жұмысымды ары қарай жалғастырғым келеді. Оған қоса әскерге келгенге дейін фельдшерлік қызметтен бөлек бос уақытта тойларға шығып, асабалық қызметті қосымша табыс көзі ретінде атқарып жүрдім. Бұйыртса, сол саланы да қатар алып жүрсем деймін.

El.kz: Соңғы сұрақ, әскерге барғысы келмейтін дені сап сау жігіттерге не айтар едіңіз?

Ділмұрат Сәлібеков: Иә, ондайлар бар. Негізі кез келген ер азамат елі, жері, өзі үшін әскерге барып келгені дұрыс дер едім. Біріншіден: бұл Отан алдындағы борышты өтеу болса, екіншіден: дисциплинаға үйренеді. Армияда тәртіп бар, бастысы. Сондықтан жас жігіттерді еш қорықпастан келіп, әскери борышты өтеуге шақырар едім. Тәртіпке бағынсаң, болды. Ешкім ешкімге тиіспейді. Әскерге бармаған адам әскердің қандай екенін білмейді. Сондықтан оны өз көзімен көру керек.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет! Отан алдындағы борышыңызды аман-есен өтеп қайтуыңызға тілектеспіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға