Жаңалықтар

Әскери бөлімнің жауынгерлері даңқты батырларды еске алуға арналған челлендж өткізді

Әскери бөлімнің жауынгерлері даңқты батырларды еске алуға арналған челлендж өткізді
Фото: Қорғаныс министрлігі 06.01.2024 05:25 1016

ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлеріне қарасты 68665 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ақтау гарнизонының теңіз жаяу әскері бастаған «Тәні саудың – жаны сау» челленджін жалғастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әскери қызметшілер бұл шараны Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығына орайластырды. 

Биылғы жыл Ұлы Отан соғысының батырлары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың ғасырлық мерейтойы. Сондықтан Ақтаудағы теңіз жаяу әскері бастаған челленджді қазақтың даңқты батырларына арнадық. Әскери қызметшілер бұл жорықта толық жауынгерлік жабдықпен жүгірді. Әр жауынгердің жарағы шамамен 20 келідей. Бұл тапсырманы күрделендіре түскенмен, олар алға қойған мақсатты абыроймен орындады, – деді 68665 әскери бөлімінің командирі подполковник Абай Әлібеков.

Әскери қызметшілер легін бригада командирі мен орынбасарлары бастады. 24 шақырым қашықтыққа жүгіру әскери бөлім аумағында өтті. Роталардың бірі шаңғымен жүгірді. Шараға барлығы 500-ге жуық әскери қызметші қатысты.  

Күнделікті жаттығулар қашықтықты еңсеруге көмектесті. Взвод құрамында жүгірдік, бұл бізге жұмыла мәреге жетуге күш берді. Қашықтықты еңсеріп, межелі жерге жеткенде шаршағанымызды да ұмыттық, – деді 2023 жылдың қазан айында Алматы қаласынан шақырылған қатардағы жауынгер Бөріхан Мәліков.  

Елордалық 68665 әскери бөлімінің әскерилері аталған челленджді Тараз гарнизонының механикаландырылған бригадасына жолдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға