GOV.kz

Әскердегі тәртіпті күшейту үшін заңнаманы жаңарту қажет - Сенат депутаты

Қазақстан Сенатының депутаты Андрей Лукин еліміздегі әскери тәртіп пен әскери полиция қызметін реттейтін заңдарды қайта қарау қажет екенін айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сенатордың айтуынша, әскердегі тәртіп - Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетінің өзегі. Ол жеке құрамның моральдық-психологиялық тұрақтылығына, жауапкершілігіне және тапсырманы орындау деңгейіне тікелей әсер етеді. Алайда қазіргі заңнамалық нормалар мен тәртіпті қамтамасыз ету тетіктері заман талабына сай емес.

«Жүргізілген талдау әскери тәртіп пен құқық бұзушылықтардың алдын алу саласында жүйелі кемшіліктер бар екенін көрсетті. Бұл заңнаманы жаңарту мен жетілдірудің қажеттілігін дәлелдейді», — деді Лукин өз сауалында.

Сенатордың пікірінше, бұл мәселе тек әскердің ішкі тәртібі үшін ғана емес, сонымен қатар қоғамның Қарулы Күштерге деген сенімін арттыру мен ұлттық қауіпсіздікті нығайту үшін де маңызды.

Лукиннің айтуынша, қабылданып жатқан тәрбиелік және ұйымдастырушылық шараларға қарамастан, жүйелі проблемалар шешілмей отыр.

«Бөлімнен өз еркімен кету, жарғыдан тыс қарым-қатынас, жемқорлық белгілері сияқты жағдайлар әлі де кездеседі. Алдын алу шаралары жеткілікті деңгейде тиімді емес, ал әскери полиция, прокуратура және қолбасшылық арасындағы өзара іс-қимыл үйлесімсіз», — деді.

Депутат бұл жағдай қолданыстағы құқықтық базаның жеткіліксіздігін көрсететінін және тәртіптік рәсімдердің ашықтығы мен жауапкершілігіне күмән тудыратынын атап өтті.

Сондай-ақ ол әскери полиция мен қолбасшылықтың қызметін нақты шектеу, тәртіп бұзушылықтарды цифрлық мониторинг жүйесіне енгізу және әскери бөлімнен өз бетінше кету фактілері үшін жауапкершілікті қатаңдату қажеттігін ұсынды.

«Сонымен бірге әскери психологтарды даярлау және сертификаттау бойынша бірыңғай стандарттар қабылдау, сондай-ақ суицидтің алдын алу бағытында ведомствоаралық бағдарлама әзірлеу қажет», — деді сенатор.

Андрей Лукиннің пікірінше, мұндай шаралар Қарулы Күштердегі құқықтық тәртіпті нығайтып, әскери қызметтің беделін арттыруға мүмкіндік береді.