Әскерде борышын өтеп қайтқан десантшыларды Астанада қарсы алды
Десанттық-шабуылдау әскерлерінде Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздарды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі «Астана-1» теміржол вокзалында өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Перронда Қорғаныс министрлігі, Қорғаныс істері жөніндегі департаменті өкілдерінің, Қарулы күштер ардагерлерінің, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілерінің, әскери қызметшілердің туған-туыстарының қатысуымен жиын өтті.
Мерзімді қызметін атқарып запасқа шыққан сарбаздарға арнап Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Айдын Сағынбеков сөз сөйледі.
– Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен өтеп қайттыңдар. Сендер осылайша мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлестеріңді қосып, ел үмітін ақтадыңдар. Әскердегі күндеріңді, жауынгер достарыңды әлі талай сағынышпен еске алып, әскерге баратындарға айтасыңдар, – деді ол.
Өз кезегінде «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ өкілі отставкадағы полковник Жұма Тайжанов әскерден келген сарбаздардың ата-аналарына осындай азаматтар тәрбиелегені үшін алғыс айтып, жастарға ақжол тіледі.
– Қонаев гарнизонында әскери борышымды өтедім. Бір жыл ішінде он рет парашютпен секірдім. Армияда көп достар таптым. Соның арқасында нағыз жауынгер дос дегеннің қандай боларын білдік. Әскерден алған тәжірибем әрі қарай да кәдеге жарайды деп ойлаймын, – деп атап өтті гвардия қатардағы жауынгері Бекзат Рысбаев.
Қорғаныс министрлігі Орталық әскери оркестрінің музыканттары шырқаған жорық әуендері перронда тұрғандардың көңіл-күйін көтерді.
2022 жылдың күзінде Астанадан әскерге 1 040 адам барса, биыл осы кезеңде 1 092 әскер қатарына шақырылатын болады. Елімізде жалпы биыл 19 мыңнан аса қазақстандық әскерге шақырылады.