Жаңалықтар

А. Жұмаділдаев: «Қазақ мәңгілік ел болам десе, технократтық елге айналуы тиіс».

Әлемге әйгілі математик
А. Жұмаділдаев: «Қазақ мәңгілік ел болам десе, технократтық елге айналуы тиіс».
03.01.2017 16:27 9118

Ғалым, математика-физика ғылымдарының докторы, профессор

Туған жері: Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі кенті

Туған жылы: 25.02.1956ж.

Ғылыми дәрежелері:

  • 1981 – Физика-математика ғылымдарының кандидаты (КСРО Ғылым Академиясының Математика институты, Мәскеу)
  • 1988 – Физика-математика ғылымдарының докторы (КСРО Ғылым Академиясының Математика институты, Ленинград)
  • 1990 – Қазақ ұлттық университетінің профессоры
  • 1995 – ҚР ҰҒА-ның академиігі

Қазақ бәйгеден озамын десе технократтық елге айналу керек. Технократтық жүйені рухани байлықпен ұштастырудың жолы бар, ол қиын емес. Оның жарқын мысалы – Жапония. Өзінің ойлау жүйесін қалдырып, оны ғылымның жаңа технологиясымен ұштастырған. Біздің қазақтарға да келетіні осы. Біздің өлеңімізді, әнімізді, ойлау жүйемізді, психологиямызды, менталитетімізді технологиямен ұштастыру керек. Сонда ғана өркендейміз, әйтпесе құримыз.

Тіл деген – байланыс құралы. Тек әдебиет, өнермен жұрттың бәрін таңғалдырамыз деген бос сөз. Сондықтан, біз басқадан озатын болсақ, тек қана жаңа технологиямен озуымыз керек. Жаңа дүние жасауымыз керек, онсыз болмайды. Әйтпесе көштің соңында қалып қоямыз. Ал қазақтың тілі тіл болу үшін – ғылымның тілі, бизнестің тілі, технологияның тілі болу керек. Олай болу үшін жаңағы ғылымдардың барлығы қазақ тілінде де оқытылуы керек.

Егер біз жаратылыстану ғылымдарын тек қана ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда біз тілден айырылдық деп есептеңіз…

Физика, химия, информатика, математика сабақтарының тек қана ағылшын тілінде оқытылуы маған ұнамайды, бұл маған үлкен қауіп көрінеді. Мен ағылшын тіліне қарсы емеспін, оны білу керек.

Қазақстанның ғылымы тек қана шетелден үлгі алуы керек дегенге келіспеймін. Біздің де шетелге үйрететін ғылымымыз бар, бұл – бір. Екіншіден, қазақта сөз бар «Үйрен де жирен» дейді. Шетелге бара қалатын болсаңыз, онда көптеген үйренетін жақсы нәрселер бар. Сондай-ақ жиренетін тұсы да жетккілікті.  

Біздегі білімнің сапасы ешкімнен кем емес. Мүмкін асып бара жатқан да ештеңеміз жоқ болар, бірақ, ешкімнен кем емеспіз, бұл – бір. Екіншіден, шетелдіктерді, тек шетелден мұғалімдерді алып келу керек деген әңгімені қолдамаймын. Қазақта бір сөз бар «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деген. Аузы қисық болса да қазақтың баласы сөйлеу керек, бәрібір.

Ең алдымен білімнің сапасы болуы керек. Білім дегеніңіз не? Мысалы, математика үшін, математиктің екі түрі болады. Біреуі есеп шығара алатын, біреуі есеп шығара алмайтын. Демек, есеп шығара алатын математик көбірек болуы керек. Егер есеп шығара алатын болса, қалғанның барлығы келеді.

Ағылшын тілін үйреніңіз, ағылшын тілін де, қытай тілін де үйреніңіз, барлық тілді үйреніңіз оған ешкім қарсы емес. Бірақ, ағылшын тілі қазақ тілі есебінен емес, қазақ тіліне қосымша ретінде болуы керек. Сонда бәрі орнына келеді. Қазақстанда қазақтың тілі үстемдік құруы керек, өйткені, басқа ешбір елде қазақ тілі үстемдік құра алмайды. Қазақтан өзге ешкімге қазақтың тілі керек емес.

Қазақ шын мәнінде мәңгілік ел болам десе, технократтық елге айналуы тиіс. Егер сіз дүниежүзін мойындатамын, алға шығамын десеңіз тек қана болатын тірлік жасауыңыз керек. Бір компьютер жасаңыз, бір комбайн жасаңыз, бір ракета жасаңыз, бір машина жасаңыз, «двигатель» жасаңыз, «двигательдің гайкасын», әйтеуір, жұрт пайдаланатын, жұрттың барлығына керек сондай бір дүние жасауыңыз керек. Сонда барып сізді айтады «еее, мынау басы істейтін халық екен ғой» деп.

Бүкіл əлемде екі адам революция жасады. Билл Гейтс пен Стив Джобс. Дүниежүзіндегі 7 миллиард халықтың бағытын осы екі-ақ адам басқа арнаға бұрып жіберді. Міне, техниканың құдіреті. Мен білетін мықты журналистердің бəрі технократ болған. Адам бір кəсіпті үйренуі керек. Жазу əркімнің қолынан келеді. Журналистиканың мақсаты – ақпарат беру. Ал ол ақпаратыңызды елге жеткізу үшін алдымен өзіңіз түсінуіңіз керек. Тек қызыл тілге сүйене бермей, нақты бір нəрсені меңгеру керек. Сол адамның аты да оза шабады.

Қазақ балаларының басқа балалардан ұтатын бір жері – математика. Дүниежүзіндегі ең ақылды екі халықтың бірі кəріс те, екіншісі – қазақ.

Ғылым деген үлкен көл десек, арифметика соның бір тамшысы ғана.

Ғылымды популяризация жасауға назар аудару керек.

Әдебиет пен ғылымның айырмашылығы неде? Әдебиетте бәрі түсінікті, ғылымда бәрі түсініксіз. Әдебиетті бүкіл халыққа жазады. Ғылымды бірлі-жарым адамға арнап жазады.

Жастарға айтамын. Жаңа технология ағымына ілес. Заманыңнан қалма. Бос сөзбен кете берсең, ештеңе өнбейді ғой. Абай да кезінде бұл сөзді айтты. Демек, Абайдың сөзін оқыған абзал.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға