Жаңалықтар

Асылбек Боранбайдың балалық шағы

Әкем екі қолымды жібермей ұстап тұрды. Анам ернімді сіріңкемен күйдірді
Асылбек Боранбайдың балалық шағы
02.05.2017 17:55 12001

Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді.

                                                                   Мұхтар Әуезов

Әр апта сайын El.kz сайтының тілшісі Жарқынбек Жұмаділ елге еңбегі сіңген танымал тұлғалармен сұхбаттасып, олардың балалық шағына саяхат жасайды.

Біз бұл сұхбатымызда ел алдында жүрген елеулі азаматтардың балалық шағына саяхат жасау арқылы, оқырмандардың бақытты балғын шақтарын есіне оралтуды басты мақсат еттік.

Бүгінгі саяхатымыз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Асылбек Боранбайдың балалық шағына арналмақ. Танымал актердің балалық шағына саяхат үш бекеттен тұрады.

Алғашқы бекет «Балалықтың базары»

─ Балалық шағыңызды жиі есіңізге аласыз ба?

─ Әрине. Балалық шақ ештеңені ойламайтын, қам-қайғысыз, уайымсыз, бақытты кезің ғой. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай:

Бақыт деген – сенің бала күндерің,

Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің.

Бақытын да, басқасын да білмеуің,

Бақытсыз-ақ ойнап, күлгенің - демей ме? Аузыңнан ана сүті кеппеген, аппақ жүрекпен тәтті тілектердің, кіршіксіз көңілдің періштедтей пәктіктің кезі ғой. Сондықтан аңсайсың, сағынасың, амал қанша қайта оралмасын біліп бір күрсініп қоясың.

─ Сол бақытты балалық шағыңызды қай өңірде қалдырдыңыз?

─ Қызылорда облысы, Арал өңірінде тынымсыз тентек те бола білген, алып ұшқан ақылды да атанған бал балалықтың біразын сонда қалдырдық. Жалпы «сыр елі - жыр елі» деп бекер айтпаған ғой қазақ. Негізі мен небір жыршы-термешілер туған топырақтан, өнердің қайнаған ортасында дүниеге келдім. Таңды-таңға жалғап жырлайтын жез таңдай жыршыларды, асыл сөздің тиегін ағытқан термешілерді талай көзімізбен көріп өстік. Содан болар бала кезден өнерді өзгеше құрметтеп, жанымызбен жақын тұттық.

─ Бала кезде біріміз әкеміздің, біріміз анамыздың баласы болып бөлектене қалушы едік. Үйде кімнің баласы болдыңыз?

─ Біздің бабалармыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы еріккеннен ойлап табылған дүние емес қой. Әр қайсында өзіндік дала философиясы бар. Мысалы кейбір батыс елдерде ең қорқынышты жағдай қартайғанда сөйлесетін, шүйіркелесетін тірі пенде таппай жалғыз қалуың. Ал біздің қазақ шал мен кемпірге ермек үшін немересін балаң деп баурына салып берген. Немересінің томпаңдап жүрген тәтті қылғына тоймайтын қазақтың ата-әжесі еш уақытта жалғыздықты сезінбеген. Оны неге айтып отыр деуіңіз мүмкін. Себебі мен де шал-кемпірдің баласы болып өстім. Әке-шешем кішкентайымнан ата-әжеме тапсырып берді. Содан бастап өзімді әкемнің емес, атамның баласымын деймін.

Екінші бекет «Ана мектеп»

─ Сабақтан қашатын кездеріңіз болды ма?

─ Шынын айту керек, мектепте тентектеу болдым. Сабақтан да қашатын кездеріміз болған. Атамның баласы болғандықтан аздап еркелеу болып өстім. Ол кісі мені мектепке өзі ертіп апарып өзі ертіп әкелетін. Мектептен шыға салсымен сөмкені лақтырып тастап ойынға кірсеміз. Ол замандағы балалардың ойыны асық, ләңгі, қуаласпақ сияқты түр-түрі бар еді. Біз ер балалар көбіне екі топқа бөлініп алып совет-неміс ойынын ойнаймыз. Қолы жеткендері ағаштан мылтық жасап алып, оған шамасы келмегендер таяқты мылтық қылып соғысатын едік. Әлі есімде, біздің аулаға жақын жерде екі қабатты үй салынып жатқан болатын. Балалар екіге бөлініп күндегі әдетімізше соғысты басап кеттік. Мен немістерден қашып әлгі құрылысы бітпеген үйдің екінші қабатына барып жасырындым. Достарым мені іздеп бірінші қабатқа кіргенде мен екінші қабаттың балконына шығып тасаланып жаттым. Ондағы ойым екінші қабатқа көтерлген немістерді бір-бірлеп атып жайрата бермекпін. Бір кезде неміс болып жүрген бала байқатпай келіп мен атып үлгіргенше мені атып жіберді. Ойын ережесі бойынша мен өтірік өлген болуым керек. Ал өлген адам міндетті түрде жығылу керек қой. Мен құлаған кезде байқамай балконнан жерге гүрс ете түстім. Екінші қабаттан жерге шалқамнан түскен екем, сол жерде талып қалдым. Ойынның қызығына еліткенім сонша, балконның айналасы қоршалмағанын да байқамаған екем. Бір есімді жисам бүкіл ауыл адамдары жиналған «ойбай, Асылбек не болды...?» деп шулап жатыр екен. Жаңағы мені атқан немістерде ес жоқ. Көзімді ашып тіл қатуға шамам келгенде жиылған жұрттың жүрегі орынна түскен сияқты. «Қайта құдай сақтаған екен» деп жатты үлкендер жағы...

─  Тентектігіңізден таяқ жеген кезіңіз болды ма?

─ Бала болғасын ондай кездерді талай бастан өткердік. Көбісі дәл қазір есіме түспей отыр. Ерекше бір есімде қалғаны, мектепте оқып жүрген кезімде өзім қатарлас достарыммен бірге ұрланып темекі тарттық. Кейін бұл іс сезіліп қалып әке-шешемнің құлағына жетті. Сондағы ол кісілердің ашуланғанын білсең ғой. Әкем екі қолымды жібермей ұстап тұрды. Анам ернімді сіріңкемен күйдірді. Сол кезде жаныма батса да, күні бүгінге дейін ата-анамның сол жазасы үшін алғыс айтамын! Себебі мен содан қайтып темекі атаулыға жоламай кеттім. Міне осындай тентек болдық.

─ Мектепте сабақ үлгірміңіз қалай болды?

─ Шынымды айтсам, сабақты сонша кереметтей оқыған жоқпын. Бірақ қазақ тілі, қазақ әдебиеті, тарих деген пәндерден алдыма жан салмайтын едім. Барлғын беске оқыдым. Керісінше математика, физика, химия сабақтарын мектеп бітіргенше бетін ашпай кеттім. Менің өнер үйірмелеріне қатысып, мектепте қандай бір іс-шаралар өткенде белсенділік танытып басында жүретінім сол сабақтардан мені құтқарды. Мұғалімдер білмеген сабақтарым үшін кешіріммен қарады. Себебі ұстаздар менің түбінде өнермен нан тауып жейтін, өнер адамы боларымды байқаса керек. Ал өнер адамына физика, химия сынды сабақтарды беске білудің қажеті шамалы еді. Осылай өнер әлеміне сары ауыз балапан кезімізден қанат қаға бастадық. Қағылездік пен өнерге құштарлық домбыра, гитара сынды музыка аспаптарын ерте меңгеруге жетеледі. Күні бүгінге дейін қолыма домбыра түсе қалса, «қыран қанаты» деген күйімді күмбірлете жөнелемін. Мен ол күйді жетінші сыныпта шығардым. Мұрат Сыдықов деген мені өнерге жетелеген, қасиетті домбыраны үйреткен ұстазым болды. Сол кісіге арнаған бала шәкірттің жүрегінен шыққан алғысы ретінде, осы күй өмірге келген еді. Әр нені армандайтын, қиялымыз құзар шыңнан да асқақ бала кезде, ән де шығардық, өлең де жаздық. «Тамаша» театрына еліктеп мектепте өзіміздің тамашамызды құрдық. Қысқасы сол балғын кезден-ақ өнерге әбден ажырамастай болып аңсарым ауған кезі еді.  

Соңғы бекет «Бала ғашық»

─ Бала кездегі құсни хаттар есіңізде ме?

─ Әрине, бала кездегі ондай тарих әр кімнің басында бар шығар. Өткенде ғана әйелім екуміз сол кездерді еске алып бір күліп алдық. Сегізінші- тоғызыншы сыныптарда есейгенімізді сезіп өзімізше қыздарға хат жаза бастадық. Сондағы хатқа жазатын сөзіміз «сен менімен жүресің бе? Жүрсең «иа» деп жауап бер» деп екі-үш сөйлемнің басын қосып жөнелте береміз. «Жоқ» деген жауап келсе және өкініш жоқ, жөнімізге кетеміз. «Иа» десе кәдімгідей махаббат болып үйіне дейін шығарып салып қасынан қалмай жүреміз. Сондағы айтатын әңгімеміз «әдебиеттен қандай тапсырма берді?» немесе «математикадан қай есепті шығарып кел деді?» деген сыңайлы сабақтың айналасында болатын. Жалпы сол уақыттар оймызда оймақтай бөгде ниет жоқ кіршіксіз қызық кездер еді.

─ Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға