Жаңалықтар

«Ashyq syllabus» жобасы жұмыс тобының отырысы өтті

«Ashyq syllabus» жобасы жұмыс тобының отырысы өтті
30.10.2023 18:01 493

Қазақстандық қоғамдық даму институтында медиа саласы академиялық қауымдастығының қатысуымен «Ashyq syllabus»  медиа саласындағы үздік білім беру бағдарламаларын талдау» жобасының отырысы өтті.

«Ashyq Syllabus» жобасының мақсаты -  медиакоммуникация бағытында білім беретін ЖОО студенттерінің әлемдік стандарттарға сай білім алу үрдісіне әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсету, сондай-ақ саланы одан әрі дамытуға қажет маңызды қадамдарды ұсыну. 

«Ashyq Syllabus» жобасын талдауға еліміздегі 6 ЖОО-ның журналистика мектебінің сарапшылары: Есенгүл Кәпқызы, Гүлмира Әшірбекова, Әсел Қамза, Молдияр Ергебеков, Айнұр Сламғажы, Асхат Еркімбай Елнұр Алимова және  Қарлыға Мысаева қатысты.

Шараның модераторы – жоба жетекшісі Есенгүл Кәпқызы білім беру бағдарламаларын талдау құрылымы 3 кезеңнен тұрғанын атап өтті.

Ashyq Syllabus жобасы аясындағы зерттеулердің методологиясын әзірлеу, отандық және шетелдік білім беру бағдарламаларына талдау жасап, әлеуметтанулық зерттеу жүргізу және эксперттік талқылау өткізу. Осы қадамдардың негізінде шетелдік ЖОО-лардың рейтингісі анықталып, әдіснамасы зерттеліп, зерттеудің қорытынды есебі дайындалды,- деді спикер.

Жиын барысында жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорларына, медиа зерттеушілерге отандық және шетелдік білім беру бағдарламаларын талдау нәтижелері таныстырылды.  Сарапшылар 24 отандық және 22 шетелдік ЖОО-ның білім беру бағдарламасын саралап, салыстырмалы анализ жасағандарын айтты.

Жоба аясында журналистика бағытында білім беретін отандық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері арасында кешенді әлеуметтанулық зерттеу жұмысы жүргізілген. Атап айтсақ, 495 студенттің арасында сауалнама және 83 оқытушының қатысуымен 10 фокус-топтық пікірталас өткізілді.  

Жоба нәтижесінде сандық және сапалық деректер жинақталып, еліміздегі журналист мамандығын оқытудағы негізгі проблемалар анықталып, білім беру бағдарламаларының үлгілері әзірленді.

Шара соңында қатысушылар жоба туралы пікір білдіріп, оқу орындарындағы теориялық және практикалық пәндердің үлесі, міндетті оқытылатын кредит саны, таңдау компоненттері және пәндер атауының бірізді болуы туралы бірқатар ұсыныс айтты.

Шараның ұйымдастырушылары: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстандық қоғамдық даму институтының «MediaLab» орталығы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға