Жаңалықтар

Қашықтықтан оқыту – уақыт талабы

Жаңа оқыту жүйесі туралы туындаған пікірлер
Қашықтықтан оқыту – уақыт талабы
16.04.2020 17:13 13767

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 6 сәуірден бастап жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындары қашықтықтан оқыту жүйесіне көшкені баршамызға белгілі. Мемлекетіміздегі білім беру саласындағы бұл өзгеріс әлемде орын алған коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген болатын. Біз осы орайда, жаңа оқыту жүйесі туралы ұстаздардың, ата-аналар мен білім алушы оқушылардың қандай көзқараста екенін білуді жөн санадық. 

0132126e-5ce7-47c0-99fb-a086c18a47a2.jpg

(Суретте: Жоғары санатты мұғалім, шебер-педагог, мектеп тренері Нұрсұлу Ұзақбайқызы)

Жалпы қашықтықтан оқыту – білім алушы мен педагогтың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асыратын оқыту түріне жатады. Бұл жүйе әлем әлдерінде жақсы дамыған. Соның ішінде алдыңғы орында Ұлыбритания, АҚШ елдері тұрғанын айтуға болады. Ал елімізде сырттай білім алу жүйесінің орнына қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілген еді. Карантин жарияланғалы қашықтықтан оқыту жүйесінің мектеп оқушыларына арналған бірнеше форматы да ұсынылған болатын. Олардың ішінде күнделікті жалпы білім беретін мектептер үшін және арнайы оқушыларға арналған телесабақтар, интернет арқылы оқу жүйесін таңдау, цифрлық білім беру ресурстары мен электронды почтаны пайдалану арқылы кері байланыс орнату негізінде оқыту түрлері бар. Ал оқу орындары мен орта мектептердегі білім беру сапасы мен мазмұнын арнайы ситуациялық орталық бақылап отыратындығы туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов мәлімдеген болатын. Онда әр облыс, қала, аудан білім беру бөлімдері жанында әдістемелік көмек көрсету жөніндегі Call-орталықтар жұмысқа қосылғандығын айтуға болады.
Бүгінде қашықтықтан оқыту жүйесінің енгеніне бір аптадан астам уақыт өтті. Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты, колледждер, жоғары оқу орындары да қашықтықтан білім беруге көшіп кетті. Бірақ бүгінгі таңда бұл жаңашылдыққа ата-аналардың пікірі сан түрлі. Бірі бұл жүйені қолдаса, екіншілері кері пікір білдіруде. Әлем елдерінің барлығы сандық жүйеге көшіп жатқанда, қашықтықтан оқытудың біздің елдің білім алушылары үшін де берері көп деп ойлаймыз. 

1c329081-d5bf-4ce8-8f65-82f3f34f7444.jpg

Педагогика саласында 40 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан, бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі, жоғары санатты мұғалім, шебер-педагог, мектеп тренері Нұрсұлу Ұзақбайқызы жаңа оқу жүйесіндегі тәжірибесімен бөлісіп, өз пікірін білдірді. 

Қашықтықтан оқыту оқу жүйесіндегі жаңа формат болғандықтан, алғашында қобалжу болғанын мұғалімдер қауымы жасырмайды. Ұстаз бен ата-ана және шәкірт бірлесе жұмыс жасаса, бұл олқылықтың да орнын толтыруға болады. Жаңаша оқыту жүйесі заман талабына жатады. Оқыту үдерісінде өзгеріс енбейінше, нәтиже де болмайтыны белгілі. Сондықтан жаңа жүйені меңгеру біздер үшін де, оқушыларға да тиімді деп есептеймін. Жаңа білім беру ресурстары қазіргі таңдағы жаңашыл мұғалімнің күнделікті сабақты және сабақтан тыс жұмыстарын ұйымдастыруда таптырмас құралы екенін айта кеткім келеді. Онда пәнге деген қызығушылықты арттыратын көптеген дидактикалық және үлестірмелі материалдар, әр түрлі деңгейдегі тест тапсырмалары мен тәлімдік, тағылымдық ресурстар қамтылған. Менің шәкірттерім әсіресе, Daryn.Online платформасындағы тақырыпты бекіту үшін қойылатын тест жұмыстары мен тапсырмаларға аса зор қызығушылық танытып жатыр, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрсұлу Ұзақбайқызы.
Ұлағатты ұстаз бір аптадан астам уақыттан бері оқушылармен қалай кері байланыс жасап сабақ беріп келе жатқаны туралы:
– Алғашқы аптада, ата-аналар, оқушылар тіпті мұғалімдер арасында түсініспеушіліктер болғаны рас. Балалардың байланысқа шығып, жаңа жүйені түсінуіне, қалыпты білім алудан жаңа жүйеге ыңғайлануы оңай болған жоқ. Бүгінде оқушылар берілген тапсырмаларға жауап беріп, кері байланыс орнатуға үйреніп те қалды. Кейбір шәкірттерім жиі онлайн түрде поэзия сағаттарын өткізуімді сұрайды. Өздері де аудио жазбамен сүйікті ақындарының өлеңдерінен үзінді оқып жолдап отырады. Сондықтан мен әр оқушының қызығушылығына орай тапсырмалар беріп, сұрақ-жауап түрінде тапсырмалар дайындап, байланыс орнатып келемін, – деп баяндады Н.Ұзақбайқызы.
Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің бірінің 4-сынып оқушысы Әділетбек Әлнұр білім берудің жаңа форматының өзіне ұнағанын айтты.

330d43f2-f4bf-493f-8daa-568d1111b0e6.jpg 
(Суретте: 4-сынып оқушысы Әлнұр Әділетбек  анасы Динарамен)

– Маған қашықтықтан білім алу ұнайды. Ұтымды жағы – уақытты үнемдеу. Мысалы, мен осыған дейін мектепте білім алған кезде таңертеңнен түске дейінгі уақытымды мектепте өткізетінмін. Ол үшін ерте тұрып, мектепке дайындалып, оқу-құралдарын жинау қажет. Баратын және қайтатын сағаттар тағы бар. Ал қазіргі оқыту жүйесінде сол түске дейін телесабақтарды тамашалап, мұғалімнің берген тапсырмалары мен үй жұмысын орындауға уақытым жеткілікті. Тіпті қосымша онлайн түрде білім алып жүрмін. Әсіресе маған теледидар арқылы берілетін қысқа, әрі нақты сабақтар ұнайды. Анам үнемі мені қадағалап отырады. Кей күндері сабақты бірге орындаймыз, – деді оқушы. 

Ал Әлнұрдың анасы ­Динара Аманжолова: 

– Менің ойымша, қашықтықтан оқытудың білім алушыларға жаңа мүмкіндіктерді алып келетіні рас. Жалпы бұл жүйе өзге мемлекеттерде ертеректе жүзеге асқаны баршамызға белгілі. Кейбір елдерде ата-аналардың қашықтықтан оқыту мен мектепке барып білім алуды таңдауына да болады. Бұл жаңа жүйеде баланың өздігінше білім алып, сабаққа дайындалуына мүмкіндік көбірек. Бірақ бәрібір де балаға мұғалім мен ата-ананың қадағалауы қажет. Сондықтан қашықтықтан оқыту жүйесі жоғарғы сынып оқушылары мен мектептен кейінгі білім беретін колледждер мен университет студенттеріне ыңғайлы деп ойлаймын. Себебі мен бір аптадан астам уақыттан бері баламның сабағын қадағалап, берілген тапсырмаларды бірге орындап, бақылап келе жатырмын. Негізі сөздің шындығына келетін болсақ, балаға көңіл бөлінбесе, оның сабағы да, тапсырмалар да жайына қалады, –деді. 

86bd674a-0ef5-4cd2-a4c4-956faf8b53a7.jpg

Динара Аманжолова жаңа оқу платформасының жұмысбасты ата-аналар үшін ыңғайсыздық танытатынын да тілге тиек етті.
– Мен бастауыш сынып оқушылары қашықтықтан оқыту және онлайн жүйелеріне толық дайын деп ойламаймын. Себебі мектеп табалдырығын аттағанына 3-4 жыл болған балалардың тұлға ретінде дағдылары толық қалыптаспағандықтан, олар меңгерген біліміне кері байланыс болып, педагогтың қарым-қатынасын, байланысын қажет етеді. Кейде үнемі жұмыста болғандықтан, балаларымызға тиісінше көңіл бөле алмайтын уақыттар болады. Бұл жүйе қазір маған соның орнын толтырып жатқандай көрінеді, – деді Динара.
Екінші пікір білдірген бастауыш сынып оқушылары ағайынды Тоғжан мен Досжан Жұмабергендер. Олар елордамыздағы №73 мектеп-лицейінде білім алады. Балақайлар үйде отырып білім алған уақыт аралығында алтын ұя мектептерін, ұстаздары мен достарын сағынғандарын жасырмады.
– Маған математика сабағы ұнайды. Есеп шығарғанды жақсы көремін. Мұғалімнің берген тапсырмаларын күнделікті орындап жүрмін. Кей кездері анам мен әпкем көмектеседі. Бірінші барлығымыз отбасымызбен теледидардан берілетін сабақтарды қараймыз. Одан кейін мұғалімнің берген тапсырмаларын орындап, электронды түрде жібереміз. Бәрін бітірген соң, анам бізге онлайн сабақтарды қосып береді. Бәрі ұнайды, бірақ мен өз мектебімді қатты сағындым, – деді Досжан Жұмаберген. 

4152e642-12e1-4376-9db0-1ab1eaeaeee8.jpg(Суретте: Бастауыш сынып оқушылары Тоғжан және Досжан Жұмабергендер сабаққа дайындалу барысында)

Тоғжан мен Досжанның анасы Құндыз Бейсенова қашықтықтан оқыту жүйесінің ата-ана ретінде артықшылықтары мен кемшіліктері туралы былай дейді.
– Менің тұңғышым Тоғжан 4-сыныпта, ұлым Досжан 3 сыныпта оқиды. Алғашында бұл жүйеге үйренісе алмағанымыз рас. Бірақ уақыт өте келе тиімді жақтарын байқадық. Мысалы, атап айтатын болсам, Bilimland электронды оқыту жүйесі маған және балаларыма өте қатты ұнады. Себебі, жаңа технология керемет мүмкіндіктерді жүзеге асыруға жол ашады. Онда жаңа ұғымдар, бағыттар, технологиялар мен бейне сабақтар бар. Олардың ерекше форматы баланы қызықтырады. Бірақ, бәрібір де оқушы мектепте, ұстаздан сыныптастарымен білім алғандығы дұрыс деп санаймын. 

27e88925-47f6-4f66-b7a7-4b48e32395ca.jpg
Бүгінде тек Bilimland электронды оқыту жүйесі ғана емес, оқушылардың Kundelik.kz онлайн-мониторинг құралы, Daryn.Online жаңа ғасырдың жаңа форматта білім беретін платформасы, GoogleClassroom оқытуды басқару жүйесі, Microsoft Teams жүйелері арқылы оқушылардың білім алуларына жағдай жасалынған. Әр жүйенің өзіндік талаптары, ерекшеліктері бар. Мәселен, Google Classroom платформасы оқуға арналған Google-дің пайдалы қызметтерін біріктіреді. Платформада өз сабақтарыңызды, курстарыңызды құруға, қажетті оқу материалдарын студенттермен бөлісуге, оларға тапсырмалар ұсынуға, оқушылардың тапсырмаларын бағалауға және олардың үлгерімін бақылауға және студенттермен қарым-қатынасты ұйымдастыруға  болады.Ал Daryn.Online арқылы еліміздегі білікті ұстаздардан білім алуға мүмкіндік жасалған. Сондықтан оқимын  деген жандарға қашанда жол ашық, мүмкіндіктер көп. 

9c8d0b27-9532-4e67-bc3f-cd09b9edd930.jpg
Сөз соңында, өзінің ұлағатты сөздерінің бірінде орыстың педагогтарының бірі К.Д.Ушинский заман талабына сай, әрбір ұстаз өз білімі мен біліктілігін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды күнделікті білім беру барысында қолданса, өткізілетін сабақтың тиімді, қонымды болатындығын айтқан болатын. Сондықтан жаңа форматтағы қашықтықтан оқыту жүйесі тек ұстаздар қауымы үшін ғана емес, ата-аналар мен оқушыларға да пайдасы бар. Еліміздің алдағы уақытта өркениетті мемлекеттер қатарынан көрінуі, білімді әрі білгір ұрпақты тәрбиелеу заман талабына сай білім алудан, жаңашылдықтан бастау алатынын айтқымыз келеді.

(Суреттер кейіпкерлердің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға