Жаңалықтар

Қашан тұрмысқа шығасың?!

Жайсыз тиетін сұрақтар тізімі
13.10.2016 05:58 13861

Күнделікті өмірде бізді ыңғайсыз жағдайға қалдыратын сұрақтар жиі қойылып жатады. Бұған бұрыннан қалыпты дүние деп қараймыз ба, әлде, әбден етіміз үйреніп кеткен бе, әйтеуір, үндемейміз. Біз бүгін сондай орынсыз сауалдардың тізімін жасауға тырыстық. Тізімді толықтырамын десеңіздер, мархабат!

Қашан тұрмысқа шығасың?!

Жасың қаншада?

Иә, бұл анау айтқандай анайы сұрақ емес. Дегенмен, көпшіліктің көзінше қыз баланың жасын сұрау әдепсіздікке жатады. Оның үстіне, өзінің биологиялық жасын айтуға ұялатындардың бар екенін ескеріңіз. Кейбір жігіттер «мектепті қай жылы бітірдіңіз?» немесе «сыныптастарыңыз қай жылғы?» деп сыпайылап сұрап жатады. Қыздың жасы 18 ғой, 18!

Жігітің/қызың бар ма?

Бұл сауалды айдаладағы біреудің емес, аздап болса да, таныс-біліс боп қалған кісілердің қойғаны орынды сияқты. Мұны да жұрттың көзінше тарс еткізбей, мәдениетті түрде сұрауға болады.

Той қашан?

Жігітіңіз не қызыңыз бар екенін естіп алған жұрт енді сізді асықтыруға көшеді. Той қашан, той қашан? Сол тойдың қашан екенін білген адам уақыты келгенде өзі-ақ хабарлайды. Бұл сұраққа әдеттегіше «бұйырған күні болады», «жақсылықтың ерте-кеші жоқ», «қуанышты күн алыс емес, күтіңіздер!» деп жауап қайырыңыз.

Қашан үйленесің?

Әрбір ата-ана тезірек ұлын ұяға, қызын қияға қондырғысы келеді. Сондықтан да, олардың «келін бала бар ма? Біз немере сүйгіміз келеді» деуі орынды. Ал, дәл осы сұрақпен туған-туыс, көрші-қолаң, әріптестер, одан қалды, танысыңыздың танысы әбден мезі етсе, қайтпек керек?

Қашан тұрмысқа шығасың?

Бұл жоғарыдағы сұрақтың қыздарға қойылатын нұсқасы. Жігіттерді қайдам, қыздардың басым бөлігіне бұл сауал ауыр тиеді. Сөз жоқ, тығырыққа тірейді. Өйткені, қыздар қашан, қандай жігіт келіп, өзіне тұрмысқа шығуға ұсыныс жасайтынын білмейді (бал ашып, біле ме?). Қазақ қыздарының тәрбиесінде жігітке бірінші болып сезімін білдіру, сөз айту ұят саналады. Ал, жігітке «маған үйленесің бе?» деп ұсыныс айтуды тіпті айта көрмеңіз! 

Қазір тілінің тікені бар кей жігіттер «доллардың бағамы 185 кезінде кетпедің, енді қашан кетесің?» деп қойып қалатын болды. Мұны былай қойғанда, қыздарына «не жұмысың жоқ, не тапқан байың жоқ» деп тиісетін ата-аналар да кездеседі екен. Бұл енді шектен шыққандық. «Жігітіңнің жоғары білімі (үйі, көлігі) бар ма?», «өзіңнің теңің болсын», «басында несиесі болмасын, өзіміздікі де жетеді» деп, қызына сансыз талаптарын қоя жөнелетін ата-аналар проблеманың бір ұшын өздерінен іздегені жөн секілді.

Қашан тұрмысқа шығасың?!

Неге балаң жоқ?

Жоғарыдағы кезеңнен аман-есен өткен жандардың жұбайлық өмірінде кездесетін алғашқы ыңғайсыз тақырып осы. Біздің айналамыздағы адамдар бәрін білгісі келеді. Енді ғана үйленген жас жұбайлардан «неге балаларың жоқ?» деп сұрайды. Оңашада жас келінге «неге көтермей жүрсің?» дейді. Ал, бірінен соң бірін босанса, «топырлатып неге туып жатырсың?» деп айтады. Сондай-ақ, «енді бір ұл/қыз туып алмайсың ба?» деушілер де көп. 

Бала өте «кірпияз» тақырып. Осы турасында артық сұрақ қоям деп, біреудің жанын жаралап алуыңыз мүмкін. Біреулер бала сүю бақытын айлап, жылдап күтеді. Ал, енді біреулер өздеріне ғана белгілі себептермен бала мәселесін кейінге ысыра тұрады. Сондықтан, бала туралы сұраймын деп, жақыныңызды өкпелетіп алудан аулақ болғаныңыз абзал.

Жалақың қанша?

Бүгінгінің жиі кездесетін «біртүрлі» сауалы. Өзіңіз баяғыдан бері қоян-қолтық араласатын жаннан бастап, бейтаныс біреулерге дейін сіздің әмияныңызды «тексергісі» келеді. «Өзіме жетеді», «жеке құпиям» деп сытылып кеткіңіз келгенмен, «қанша енді, айта салсаңшы!» деп тықақтап қоймайтындар бар. Ондай жағдайда «мұны не үшін білгіңіз келді?» деп сұраққа сұрақпен жауап беруге болады.

Неге жұмыссыз жүрсің?

Кез келген адамның басынан қиын кезеңдер өтеді. Егер, сіз дәл қазір жұмыссыз жүрсеңіз, мұны өтпелі кезең деп қабылдаңыз. Әлемдегі ең мықты деген мамандардың да бір кезде екі қолды қалтаға салып, көше кезіп жүрген уақыты болған. Бұған айтар мысал да көп. Ең қиыны, сіздің ішкі дағдарысыңыз емес, айналаңыздағылардың қайта-қайта «неге жұмыссыз жүрсің?» деп сұрай беретіні болса керек.

Неге сонша арықсың (толықсың)?

Бұл сұраққа «саған үйде тамақ бермей ме?», «неге ет жемейсің?», «неге алкоголь ішесің/ішпейсің?», «ернің (қасың, шашың, кірпігің, тырнағың) өзіңдікі ме?» деген ұзақ-cонар тізімді қосуға болады. Ең қызығы, аталған сауалдар көбіне қыз балаларға қойылады. Оған қыздар қалай жауап берерін білмей жатады. Мұндай жағдайда психологтар «кешіріңіз, бұл сұраққа жауап бергім келмейді» деген жөн» деп кеңес береді.

 Қашан тұрмысқа шығасың?!

Тосыннан қойылатын жайсыз сауалдардың қатарын «қай діндесің?» (сақалға қатысты), «басыңда неше несиең бар?», «үйлеріңе неге жөндеу жүргізбейсіңдер?», «мынаны қаншаға алдың?» және т.б. толықтырады. Ал, тілшілер қауымына «сендерде идея қайдан шыға береді?», «тақырып таусылып қалмай ма?», «мақаланы ойдан шығарасыңдар ма?» деген сауалдар жиі қойылса керек.

Кеңес: көңіліңізге жақпайтын жайсыз сауалға алдымен, әзілмен жауап беріп көріңіз. Болмаса, «бұған жауап бергім келмейді» деп сыпайы тіл қатыңыз. Тіпті, болмай бара жатса, «мұны не үшін білгіңіз келеді?» деп, әлгі кісінің өзін тосылтыңыз. Ал, тым қатты кеткен адамға «онда сіздің шаруаңыз болмасын!» деңіз. Сайып келгенде, өзінің қарабайыр, дөрекі сөздерінен сіз емес, ол ұялуы керек.

Есіңізде болсын, сіз әуелі Құдайдың, сосын, дәрігер мен соттан басқа ешкімнің алдында жауап беруге міндетті емессіз.


Әзірлеген Роза ӘРЕН

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға