Жаңалықтар

Әсел Жанасова: «Болашақтың» бірінші стипендиясына компьютер алдым

Әсел Жанасова: «Болашақтың» бірінші стипендиясына компьютер алдым
Фото: «Қазпошта» АҚ 03.03.2023 16:21 1310

«Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасова АХҚО «AIX» ұйымдастыруымен өткен «Ring the Bell for Gender Equality» форумына қатысып, онда IT саласына қалай келгенін айтты.

Шараға қатысқан Басқарма төрағасы алдымен осы іс-шараны ұйымдастырушыларға өз атынан алғыс айтты.

«Бүгін, осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған, “Ring the Bell for Gender Equality” жаһандық бастамасына келіп, қатысып отырған қатысушыларды құттықтағым келіп отыр.  Ең біріншіден осы іс-шараны ұйымдастырып, цифрлық технологиялар арқылы әйелдердің теңдігін, қоғамдағы үлесін ілгерілететін, әйелдерге көмектесетін бағдарламаларды тек қолдайтынымды айтқым келеді», - деді ол.

Сонымен бірге, жиын барысында, Әсел Жанасова, IT саласына қалай келгені жайлы әңгімелеп берді.

«Алдымен өзімнің қысқаша өмірбаяныма тоқталып өтсем. Мен цифрлық технологиялар саласына келместен бұрын, біраз кедергілер болған. Бірақ солардың бәріне қарамастан, бүгінгідей жетістікке жетіп отырмын. Әрине, оңай болған жоқ. Себебі мен кішкентайымнан өзімді дәлелдеумен болдым, ал кейіннен IT саласындағы әйелдің ролін дәлелдеуге тырыстым. Яғни, қай сала болмасын, адамдардың сенімінен шығып, олардың үмітін ақтау – үлкен еңбекті талап етеді. Мысалы мен мектеп кезімде, олимпиадаларға қатысатын жалғыз қыз болатынмын. Ал Ресейде квантты оқып, физика саласында олимпиадаға қатысатындықтан, білімге, көп оқып-білуге құштар болдым. Бірақ оған сол уақытта менде ресурстар болмады. Сондықтан адамдардың қолдауы цифрлық технологиялар немесе басқа сала болса да, өте маңызды, бағалы нәрсе. Ал, Ұлыбританияға университетке түсетін кезде, мен қай пәнді таңдарымды білмедім, ал физикаға барғым келмеді. Сөйтіп IT саласын таңдадым, бірақ ол кезде менің компьютерім де болмаған. Сондай кедергіге қарамастан, мен алдымен Болашаққа түсіп, бірінші стипендияма компьютер алдым, сөйтіп жүріп, үш жылда бакалавриатты бітірдіым», - деді ол.

Сонымен бірге компанияның басшысы кішкентайынан кімдерді үлгі ететінін айтты.

«Кішкентай кезімізден Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметоваларды оқып өстім. Батыр, ержүрек қыздар ер адамдармен бірге соғысқа қатысқан. Сонда менде неге біз өз заманымызда сол қыздар сияқты, батыр қыздар болып өспейміз деген ой болды. Сондықтан басқа жас қыздарға да рөлдік модельдер болу керек. Бүгінгі таңда цифрлық технологиялардың таралғаны, ақпараттың көптігі, бізге әрине жаңа мүмкіндіктер ашты. Бірақ қыздар осы қиындықтарға қарамастан, талпынып, өз дауысын айтып, жоғары деңгейдегі жұмыстарға араласып, елімізде ер адамдармен бірдей теңдік бар екеніне көзім жетіп жүр», - деді ол.

Әсел Жанасованың айтуынша, компания қызметкерлерінің 75 пайыздан астамы әйел адамдар.

«Сол әйел адамдардың кәсіпкерлерді дайындауы, электрондық коммерцияға араласуы, жалпы электрондық коммерцияны ел бойынша дамыту -  экономикасын жаңа әл-ауқатқа көтеретіні анық. Сондықтан біз үлкен, электрондық маркетплейстермен бірге жүздесіп, әйелдерге арнайы бағдарламалар жасап жатырмыз. Мәселен өздері қолдан жасаған тауарды қалай сата алады? Ауылда отырса да, өз тауарларын сатып, ақша алатындай дәрежеге жеткізуде, Қазпоштаның үлесі үлкен. Сондай-ақ біздің компанияда әйелдерді оқыту, тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлінеді. Әйел адамдар бір қолмен бесік тербетсе, екінші қолмен ел басқарған. Сондықтан біз бір-бірімізді әрдайым қолдауымыз керек. Мысалы әйел адам үлкен қызметке тағайындалса, әлеуметтік желіде пікірлерді оқысаңыздар, адамдар көбінесе оның осы жетістігіне сенбей жатады. Ал жас әйел адам мұндай деңгейге жетсе, тіптен сенім жоқ. Қорытындылай келе әйел адамдарға жол ашуымыз керек екенін айтқым келеді. Жалпы осындай жаңа қоғамға қадам басып жатқанымызға өте қуаныштымын. Осыны ұйымдастырып жатқан AIX-ке ризашылығым мол. Барлықтарыңызға табыс тілеймін, рахмет!», - деп сөзін қорытындылады ол. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға