Жаңалықтар

Асқар Ақтілеу: "Ұжым, орта болмайтыны қиын!"

Республикаға белгілі Ақтөбе облысының журналисі – Асқар Ақтілеу.
25.06.2014 11:26 5556

Республикаға белгілі Ақтөбе облысының журналисі – Асқар Ақтілеу. «Айқын» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі болған.  Бүгінде "Жас қазақ" пен "Қазақияға", "Мой город" пен "Диапазон" газеттеріне жазып тұрады.

Асқар Ақтілеу: "Ұжым, орта болмайтыны қиын!"

Меншікті тілші жұмысының қызығы мен шыжығы Меншікті тілші боламын деп ойлаппын ба? Үйде жатқан топан газеттің бірін оқып отырып, электронды поштасына хат жазып жібергем. Ол кезде жергілікті арналардың бірінде репортер едім. Әлгі газеттен бірде жауап келді, Ақтөбедегі басшыларым біліп қоймасын деген үреймен лақап атпен жарты жылдай жазып жүрдім. Жастау кезімізде қорқуды білмейсің, ойыңа келгенді жаза саласың. Кейін әкімдіктің жігіттері "жарты жыл бойы кім екен деп, газет тілшілерінің арасынан почеркі ұқсас адамды іздедік" дейді. Меншікті тілшілікке қатарымнан ерте араласып кеттім. Жақсы жағы уақытты пайдалану өз еркіңде. Қиыны ұжымның болмауы. Өзің тақырып іздеуші, өзің фотограф, өзің шопыр. Өзіңмен өзің жүргенің сол. Әріптестерді анда-санда жиындарға барғанда, іссапарларға шыққанда көріп, бір марқайып қаласың. О баста қай облыстың тілшісі қанша материал жазды, кім озды деген сарында ойлар болатын. Жұмыс сонысымен де қызық еді. "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі мен үшін үлкен мектеп болды. Тілшілер қосынының меңгерушісі Алла Мальковская керек кезінде мақтайды, қажет деп тапса, күлдіріп отырып сойып салады. Ақпаратты қалай іздеу керектігін, неге мән беру екенін үйретіп отыратын. Мақтанғаным емес, ол кісіден үнемі мақтау еститінмін. Ақпараттарым ресейлік "Интерфакске" жарияланса, қаламақымды еселеп жібереді. Бір қызықты-ау, шу шығаратын ақпарат жарқ етіп шыққан күні өзімді жұлдыз сезінемін. Телеарна, газеттердегі меншікті тілшілер, аймақтағы әріптестер хабарласып, әлгі ақпаратпен бөлісуімді сұрап жатады. Телефонға маза болмайды, бірақ, журналистке соның өзі мәртебе ғой. Бірақ жасың келе кей жайттарға басқаша қарайсың. Меншікті тілші жұмысындағы қызыққа да, шыжыққа да күлесің. Түкке тұрғысыз жайттарды бекер уайымдаған екенмін дейсің, болмашы нәрсеге сонша қуанғаным ба дейсің. Қазірде бірқатар редакторлармен қарым-қатынасым жақсы. Әдетте жұмыс беруші қызметкерін таңдайды десе, менде керісінше, редакторларды таңдап жүргендеймін. Оларға бастық ретінде қарамаймын. Досым ретінде қараймын. Енді, әрине жұмыс болған соң, тапсырмаларды орындайсың. Сонда да, маған редакторлармен өз қатарым секілді араласқан ұнайды. Бір қызығы ол да өнер. Мәселен, Астанада бір орыс редакторым бар. Әріптестерім оның алдына барғанда төмен қарап, қысылып қымтырылады. Ал мен үшін көрші апайым сияқты. Алдында өзімді тым еркін ұстаймын. Алғашқы күннен ақ сөзіміз де жарасып кетті. Сәйкесінше, жұмыс та жақсы жүреді. Жалпы, тапсырма, медиа-план дегенде, керісінше, мақала жазуға қолым жүрмей қалады. Ұзақ жылдар бойы Серік Жанболаттың қарамағында істедім. Айына 1-2 рет қоңырау шалып, қандай ақыл-кеңес береді екен деп отыратынмын. Мардымды ештеңе айта қоймайды. Бастысы, үстімнен түскен қоңырауларға мән бермейтін. Кейінгі бір редакторым ит хабарласса да, құс хабарласса да, әркімді бір тыңдап кетті ме, мазам қашты. Республикалық газетте жүргеніңді біреулер әлдеқандай дүние көреді ғой. Мен тек жұмыс ретінде қарадым. Қариялар хабарласады, шимайларын шығарып бермесең, бастықтарыма шығып, баланы "отстранить ет" деп дікектеп жататын. Еріккен шалдармен қалай арпалысу керегін де біле бермейді екем ол уақытта. Жалпы, адам мақтағанды жақтырмаймын. Бірақ "Жас қазақтағы" Сраил Смаил ағайдың орны ерекше. Кезінде "қазақ газеттеріне сені енді жолатпаймыз" деп шолақ белсенділер телефон шалып, қудалағанда, "маған бәрібір, жұмысыңды білсең болды" деп Сраил жұмысқа қабылдады. Соның өзінде өзімді құдды бір қылмыскердей көріп, "әй, бәрібір шығарып жібереді ғой" деп үрейленетінмін. Бәлкім фобия болған шығар, содан не керек, "Жас қазақтан" өз еркіммен кеттім. Редактор да түсінбей қалды ол кезде. Бірақ кейін ойлап отырсам күлкілі. Алматыға жолым түскенде міндетті түрде Сраил ағайды, "Жас қазақты" іздеп барамын. Соңғы бір барғанымда іштегі жұмысшыларына "бізде қанша адам жұмыс істеп кетеді, бірақ ешкім Асқар сияқты үнемі іздеп келіп жатпайды" деп күліп жатқан-тұғын. Меншікті тілші өзін жетім баладай сезінеді біле білгенге. Жатта, қасында ешкімі жоқ. Сондықтан түсіне білген редактор оларға сәл басқаша қарау керек сияқты. Бірақ күнделікті қарбалас кезде журналистің бабын кім ойлап отырады дейсің?! Жұмыс, жұмыс, тағы да жұмыс! Жылдар бойы көзім жеткені, меншікті тілшінің кейде қадірі де бола бермейді. Алматы не Астанада отырып алып, сенің сыртыңнан басқа адам іздеп жатады. Маған өздерін мықты санайтын телеарналардың, газеттердің адамдары хабарласып, "әлгі тілшінің орнына сені алсақ қалай болар еді, келісесің бе" деген сарында ұсыныстар түсіп жатады. Өзіміз аралас-құралас болып жүрген әріптесімнің жеп отырған нанына қалай ортақтасамын. Бірде КТК арнасындағы Раушан деген меншікті тілшісіне хабарласып, жағдайын сұрадым. "Ойй, рахмет, бәрі керемет, бастықтарым репортаждарымды мақтады, Платоновтың өзі тапсырма берді" деп ақтарылып жатты. "Әй, көке, осы бойы Самал дей ме, Салтанат дей ме, сенің мың бастығыңның бірі хабарласып, осындай ұсыныс жасады, бекерге қуана бермей, етек-жеңінді жиып жүр" деп шорт кестім. Оныма қысылғаным да жоқ. Айналдырған бес минуттың ішінде бұрқан-талқан болды әріптесіміз. Басқа арналарда да, газеттерде де солай болады, жасыратыны жоқ. Меншікті тілші ұнамады ма, бетіне тіке айт, сыртынан адам іздеп, аймақтағы тілшілердің арасына сызат түсіргенше, заңды түрде жұмыстан қысқарт, келісімшартты бұз. Тек иттік жасама. Шыны керек, осындай себептермен талай әріптестеріміз араздасып та жатады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға