© El.kz/Арман МҰХАТОВ

Арзан пәтер алмақ болған әйел 4,5 млн теңгесінен айырылды

18.08.2025 23:45

Танысына сенген семейлік тұрғын 4,5 млн теңгесінен айырылды. Ол бұл ақшаға арзан бағада пәтер сатып алмақ болған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Полицияға 36 жастағы әйел арызданған. Оның айтуынша, 2024 жылдың сәуір-мамыр айлары аралығында танысы пәтерді арзан бағамен алып беремін деп сеніміне кіріп, алдау жолымен 4,5 миллион теңгесін иемденген.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері күдікті әйелді қолға түсірді. Ол өз кінәсін мойындаған, бірақ жәбірленушінің ақшасы қайтара алмаған.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктіге қолхатпен бұлтартпау шарасы таңдалды.