Жаңалықтар

Ғарышкер Айдын Айымбетов Жерге сәтті қонды

Астана уақытымен таңғы 6 сағат 51 минутта 10 күн бұрын ғарышқа аттанған халықаралық экспедиция мүшелері Жерге қонды.
12.09.2015 07:53 51459

Ғарышкер Айдын Айымбетов Жерге сәтті қонды

Астана уақытымен таңғы 6 сағат 51 минутта Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 146 шақырым қашықтықта осыдан 10 күн бұрын ғарышқа аттанған халықаралық экспедиция мүшелері Геннадий Падалки (Ресей), Андреас Могенсан (Дания) және Айдын Айымбетов (Қазақстан) Жерге қонды.

 «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің жерге қонушы аппараты өз миссиясын сәтті аяқтап, ғарышкерлер капсуладан аман-есен шықты. Дәрігерлердің айтуынша, үшеуінің де қан қысымы қалыпты жағдайда. Одан кейін ғарышкерлерге шай мен апорт алмасы берілді. Айдын Айымбетов қазақстандық журналистерге «Көңіл-күйім жақсы. Жоспарланған эксперименттерді орындадым. Тағы да ұшуға дайынмын» – деп жауап берді. Үшін қазақ ғарышкерін оның туыстары қарсы алды. Екі сағаттық медициналық тексеруден соң Айдын өзге ғарышкерлер секілді Қарағандыға емес, бірден Астанаға, Елбасымен кездесуге ұшып кетті.

Ғарышкер Айдын Айымбетов Жерге сәтті қонды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ғарышкер Айдын Айымбетов пен "Союз ТМА-16М»экипажының мүшелері Геннадий Падалканы (Роскосмос) жəне тұңғыш даниялық астронавт Андреас Могенсенды Астана əуежайында күтіп алды. 

Ғарышкерлерді əуежайдан күтіп алған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау лебізін жеткізді.

- Біз ғарышкерлердің сапардан аман-есен оралуын ел болып тіледік. Бұл біз үшін үлкен тарихи оқиға. Қазақ жері 60 жылдардан бастап ғарышқа жол тартатын мекенге айналды. Сапардың сəтті өткеніне қуаныштымыз, - деді Н.Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы әлемдегі 200-ден астам мемлекеттің барлығының ғарышкерлерін ұшыруға мүмкіндігі жоқ екендігін атап өтті. 

«Осындай мүмкіндікке ие елдердің қатарында біз бармыз. Бала кезден біз аспанға қараймыз, түнде жұлдыздарды санаймыз. Адам баласы ылғи ғарышқа ұмтылады, бірақ бәрі ұша бермейді. Ғылыми жағынан да, техниканың өркендеуі жағынан да ғарышпен шұғылданған өте дұрыс. Ресей Федерациясымен осы жұмысты жалғастыра беретін боламыз. Бұған жұмсалған шығын мен ғылыми-зерттеулер өз-өзін ақтайды деп санаймын», - деді Президент.

Еске сала кетейік, Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа  «Союз ТМА-16М» кемесімен 2 қыркүйек күні аттанған болатын. 4 қыркүйек күні «Союз» Халықаралық ғарыш станциясына автоматты режимде сәтті түйісті. Сапар барысында ол өзінің көңіл-күйімен, сезімдерімен Twitter парақшасында бөлісіп отырды, тіпті суреттер мен видеолар салды. Ол «өз арманының орындалғанын, сөйте тұра түсінде Жерді көретінін» жазды. Сондай-ақ ғарышкеріміз поляр шұғыласы мен шаңды дауылды түсіре алды.

Айдын Айымбетов ғарышта оншақты ғылыми эксперимент жүргізді. Оның ішінде қазақтың ұлттық тағамдарын салмақсызда дегустациялау да бар. Сонымен қатар, ол Жер бетінің мониторингі және экологиялық апаттарды зерттеу бойынша да эксперименттер жүзеге асырды. 

Назарларыңызға Айдын Айымбетовтың Twitter парақшасындағы ең қызықты жазбаларды ұсынамыз:

 

Атап өтерлік жайт, Айдын Айымбетов өз жазбаларын үш тілде жазуға тырысып отырды, алайда ғарыш станциясындағы пернетақталарда қазақ әріптерінің болмауы ана тілімізде жазбалар жазуға бірталай қиындықтар туғызды. 


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға