ISEN STOCKER/Shutterstock/FOTODOM

Арықтауға кедергі келтіретін өнімдер аталды

06.08.2025 16:32

Британдық ғалымдар салмақ тастауға кедергі келтіретін өнімдердің тізімін жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Тіпті дұрыс тамақтану режимін ұстанған жағдайда да фабрикалық тәттілер, дайын тағамдар мен өңделген ет өнімдері арықтауға айтарлықтай кедергі келтіруі мүмкін.

Бұл туралы зерттеу Nature Medicine журналында жарияланды.

Тәжірибеге 55 ересек адам қатысқан. Алғашқы 8 аптада олар негізінен минималды өңделген тағамдармен тамақтанса, келесі 8 апта бойы олардың рационы ультраөңделген өнімдерден (UPF – ultra-processed foods) тұрды. Бұл өнімдерге әдетте бояғыштар, эмульгаторлар, тұрақтандырғыштар мен хош иістендіргіштер қосылады. Мұндай қосылыстар тағамның жарамдылық мерзімін ұзартуға және дәмін жақсартуға бағытталған.

Екі диетаның да ақуыз, май және көмірсулар үлесі бірдей болған. Қатысушыларға дайын тағамдар жеткізіліп тұрғанымен, тамақтану уақыты мен порция көлемін олар өздері таңдаған.

Зерттеу нәтижелері:

  • минималды өңделген тағам тұтынған қатысушылар орта есеппен 1,84 кг салмақ тастаған;
  • ультраөңделген тағам тұтынғандар небәрі 0,88 кг арықтаған;
  • бірінші топта жалпы май массасы мен ішкі ағзаларды қоршайтын висцералды май мөлшері едәуір азайған;
  •  UPF-сыз диета ұстаған адамдарда тамаққа деген құмарлық пен артық тамақтануға деген ынта төмендегені байқалған.

Зерттеушілер нақты себептерді әлі анықтамағанымен, ультраөңделген өнімдердің құрылымы мен текстурасы оларды жеңіл қорытуға ықпал етеді деп болжайды. Бұл өз кезегінде тоқтық сезімінің кеш пайда болуына әкеледі. Сонымен қатар, қосымша қоспалар, термиялық өңдеу ерекшеліктері және ішек микробиотасына әсері де маңызды рөл атқаруы мүмкін.