Жаңалықтар

Қару ұстауға рұқсат беру дұрыс па?

Қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығына, сондай-ақ жеке адам өмірінің тыныштығына бірінші кезекте құқық қорғау органдары жауап беретіндігі сөзсіз.
19.10.2015 08:46 3838

Қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығына, сондай-ақ жеке адам өмірінің тыныштығына бірінші кезекте құқық қорғау органдары жауап беретіндігі сөзсіз. Бірақ та, аталмыш органдардың адам өмірін тәулігіне 24 сағат бойы бақылай алмайтындығын ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан, Қазақстан Республикасының «Қару туралы» заңына сәйкес, жеке басын қорғау мақсатында әрбір азаматтың отты қару ұстауға құқығы бар. Бастысы қару ұстауға үміткер адам қойылған талаптарға сай болуы шарт. Алайда мамандар арасында жеке азаматтардың қару ұстауы туралы мәселеде екі түрлі көзқарас бар.  

Арықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы: «Қару – терроризмнің, экстремизмнің және бұзақылықтың құралы. Егер әрқайсысында қару болса және оны соны пайдаланса не болмақ? Үлкен өрт шығып, халықтың үрейі қашады. Сондықтан бұл қаруды еркін таратуға тиым салатын заңдарды күшейтуіміз керек»

Рүстем Қайдаров, әділет генерал-майоры.  «Мынадай жағдайды елестетіп көріңіз:  терезені сындырып біреулер кіріп келе жатыр түн ішінде, сәлем беруге келе жатпағаны анық, не үй иесін өлтіреді, не тонайды.Ол мылтығын оқтан маған атайын деп жатса, онда оған оқ жұмсауға менің құқығым бар. Неге десең мен одан бұрын атып тастамасам, ол мені атып тастауы мүмкін»

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бірқатар елдерде, азаматтық қаруға тиым салынған күннен бастап, қылмыстың саны күрт артқанын байқауға болады. Мәселен, 1996 жылы Австралия үкіметі халықтың қарулануына тоқтау салып, нәтижесінде, қарулы қылмыстың саны 59 пайызға артқан. 1997 жылы Британия үкіметі де дәл осындай қадамға барып, одан да ауыр салдарға тап болған. Айналдырған 4-5 жылдың ішінде қарулы тонау көрсеткіші 101 пайызға өскен. Бұл қызық жағдайды түсіну қиын емес. Елдегі қару-жарақты жаппай заңдастырған кезде, қылмыскерлердің жағдайы қиындай түседі, себебі, заңды қарумен қылмыс жасалса, міндетті түрде ізі қалады.

Рүстем Қайдаров, әділет генерал-майоры:  «Ішкі істер органдарда барлық қару мен оның иесі тіркеледі. Әр қарудың өзіндік нөмірі, оғының гильзасы болады, солардың бәрі тірке кезінде жазылады. Қылмыс бола қалған жағдайда, табылған жағдайларда оқтың гильзасы арқылы іздеу жүргізуге болады»

Иә, заңды қару қылмысты ашып қана қоймай, оны шектеуі де мүмкін. Алайда, таяқтың екі ұшы бар демекші, жаппай қаруланудың теріс жағы да бар. Мәселен, қарапайым наразылықтар үлкен толқуларға айналғанда, әрбір азаматтың қолында отты қару болса, отбасының ғана емес, мемлекеттің де шаңырағы шайқалатынын Араб елдеріндегі оқиғалар дәлелдеп берді. Демек, қару қорғанудың ғана емес, сондай-ақ шабуылдың да құралы екені ұмытпауымыз қажет. Заң ғылымдарының докторы Арықбай Ағыбаевтың айтуынша, қоғамдық қауіпсіздікті халықтың қолына қару ұстатпай-ақ қамтамасыз етуге болады.

Арықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы. «Біз Кеңестік жүйені де көрдік, ол кезде қару жарақ жеке адамдарға берілмейтұғын. Ол берілген жағдайда өте қатал тәртіппен немесе белгілі бір тұлғаларға рұқсат етілетін, бірақ есеп беріп тұратын қаруды қалай қолданатын»

Қоғам өмірі тыныш болу үшін халықтың құқық қорғау органдарына, сот органдарына деген сенімі жоғары болуы керек. Жасалған қылмыс ашылып, қылмыскерлер тиесілі жазасын алып жатса, қолға қару алудың қажеті қанша? Алайда, бүгінгі жаһандану кезеңінде, әлеуметтік теңсіздік өршіп, экранымыздан атыс-шабыстар жиі көрсетілген шақта қылмыскердің қайдан, қашан шығатынын ешкім болжап айта алмайды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға