ArtSport бағдарламасы неге тоқтап қалды?
Алматы әкімі Ерболат Досаев ArtSport бағдарламасы қаржы мәселесіне байланысты уақытша тоқтатылғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
Алматы әкімнің Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында ArtSport өкілі Қуат Ерғалиев бағдарламаны қаржыландыруды тоқтату туралы хатты қайтарып алуды, мәслихаттың кезектен тыс сессиясын өткізуді, бюджетке өзгерістер енгізуді және жаңа жолдамалар алуға рұқсат беруді сұрады.
«Біз қаржы мәселесіне байланысты бағдарламаны уақытша тоқтаттық. Ең бастысы кредиторлық қарызды жабу керек. Ата-аналардың өтініші бойынша жұмыс тобын құрдық. Алғашқы кездесулер өтті. Бағдарлама бойынша қарызды жабу үшін қаражат іздейміз деп келістік, бұл шамамен 2,2 миллиард теңге. ArtSport бағдарламасына сәйкес, алдын ала тексерулер жүйеде құжатта бар, өмірде жоқ адамдар бар екенін көрсетті. Біз платформа әзірлеушілерді шақырдық. Жүйенің әлсіз жақтарын жою қажет. Қазір жергілікті бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деп жауап берді қала әкімі.
Бұған дейін Ерболат Досаев 1 қыркүйектен бастап Artsport бағдарламасын қаржыландыру тоқтатылатыны туралы айтқан болатын.