Artline Kazakhstan

Artline Kazakhstan: Қазақстандық команда Lamborghini финалында

Қазақстандық Artline Kazakhstan автоспорт командасы Lamborghini Super Trofeo сериясының Еуропа және әлем чемпионатының финалдық кезеңдеріне қатысады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Команданың баспасөз қызметі хабарлағандай, шешуші жарыстар 6–9 қараша аралығында Италияның Мисано халықаралық автодромында өтеді.

Бұл додада отандастарымыз Шота Абхазава мен Егор Оруджев Pro Am санатында өнер көрсетіп, ел намысын қорғайды. Сондай-ақ, Artline Kazakhstan екі финалдық сайысқа қатысатын жалғыз қазақстандық команда болмақ.

Lamborghini Super Trofeo - Lamborghini Squadra Corse ұйымдастыратын беделді халықаралық жарыс. Бұл серияға Еуропа, Азия және Солтүстік Америкадан үздік пилоттар қатысып, алты кезең бойынша 50 минуттық екі жарыстан тұратын сайыстарда бақ сынайды. Барлық қатысушылар Huracán Super Trofeo Evo автокөліктерін пайдаланады.

Бұған дейін Artline Kazakhstan командасы 31 тамыз күні Германияның Нюрбургринг трассасында өткен жарыстың төртінші кезеңінде екі күміс медаль жеңіп алған болатын.