Жаңалықтар

Аршамен, адыраспанмен аластау – миф емес, ұмытылып кеткен ғылым

Аршамен, адыраспанмен аластау – миф емес, ұмытылып кеткен ғылым
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 13.06.2023 19:07 8402

Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу инновациялық орталығының директоры, профессор Жанар Жеңіспен бүгінгі таңдағы ел ғылымының аяқ алысы жайлы сұхбат.

El.kz: Жанар ханым, әңгімемізді еліміздің ғылым саласына арнасақ. Себебі өзіңіз де ғылымда жаңалық ашып жүрген ғалымдарымыздың бірісіз. Қазақстан ғылымының бүгінгі аяқ алысы қалай?

Жанар Жеңісқызы: Жалпы еліміздің ғылымға аяқ алысы жақсы, қарқынды үрдісін көруге болады. Осындан 5-10 жыл бұрын әртүрлі ғылыми жоба жасаған кезде, 3 жылдық гранттық қаржыландыру 15 млн еді, яғни бір жылға 5 млн ғана болатын. Ал қазір 4-5 есе, тіпті одан да жоғары 100 млн-ға дейін көтерілді. Әрине ғылыми жұмысқа экономикалық көмек өте маңызды. Себебі сіз оған әртүрлі құрылғылар, ерітінділер сатып аласыз, түрлі эксперименттер жасайсыз дегендей. Ол жерде керекті өте жоғары стандарттағы, өлшемдегі құрылғылар өте маңызды. Олардың бағасы да жоғары. Соған байланысты осы қаржыландыру біз үшін өте маңызды екенін айтқым келеді. Әрине ғылымның сапасы, өресі жоғары болуы үшін оған бөлінетін қаржыландыру көлемі де жоғары болса, жұмыстың нәтижесі де сапалы болып шығады.

Мысалы кейбір үлкен жұмыстарға миллион долларлық қондырғылар керек болады, оның кейбіреуі бізде болмағандықтан шетелге барып жасаймыз. Бұрын біз 20-30% жұмысты ғана өзіміз жасай алсақ, қазір 60-80% жұмысты өзіміздің зертханада жасаймыз. Бұның маңыздылығы неде дегенге келсек, мысалы, жұмыстың барлығын өзіңіз  жасап бітіре алсаңыз, онда ертеңгі күні одан алынатын жаңа ғылыми нәтижеге, қорытындыға, шыққан табысқа өзіңіз ғана патентке ие болып, өз иелігіңізде болады. Ал енді сізде құрылғылар болмай шетелге жіберетін болсаңыз әрине ол жерде шыққан қорытынды немесе ғылыми жаңалық екі ұжымның ортасына бөлінеді. Яғни сіздің идеяңыз, сіздің жобаңыз болғанымен қажетті құрылғыларыңыз болмаса сіз бөлісуге мәжбүр боласыз.

Біз өсімдік жағын зерттейтін болғандықтан, бұл жерде химия, биология, биохимия, медицина барлығы бірге араласып жүреді. Сондықтан ботаника ғылымы бойынша бір өсімдікті зерттеу үшін өте үлкен бағыт керек болғандықтан біз сол бағыттарға сүйеніп барып, ортақ пайдалы ғылыми нәтиже алып шығамыз.

El.kz: Қытайда, Америкада алған біліміңіз бен тәжірибеңіз Қазақстанда кәдеге жараған сияқты. Сұрағым келіп отырғаны Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу инновациялық орталығы туралы. Бүгінгі таңда айтарлықтай қандай жаңалықтарыңыз бар?

Жанар Жеңісқызы: Мен осы ғылыммен айналысу үшін тек Қытайда, Америкада ғана емес, Жапонияда да білім алдым. Кампо - бұл дәстүрлі қытай медицинасынан бастау алатын дәстүрлі жапон медицинасының бір түрі. 5-6 ғасырларда Қытайдан Жапонияға келген будда монахтары шөптер туралы емдік білімдерін өздерімен бірге алып келген және ол бірте-бірте жергілікті халыққа бейімделіп, жапон кампосына айналған. Красие мен Цумура шөп дәрілермен жұмыс істейтін жапонның екі ірі компаниясы. Кампоның әртүрлі денсаулық жағдайын емдеуде қолданылуы бойынша зерттеулер жүргізіледі. Әрбір құрамдағы ингредиенттердің түрі мен ара қатынасы қарастырылған, рецептуралардың саны шектелген және соңғы өнімдер сыналған және бекітілген. Халықаралық алдыңғы деңгейдегі табиғи өнімдер дайындайды.

2010-2012 жылдары Жапонияның Хоши дәрілік заттарды зерттеу университетінде (Hoshi University) постдокторантуралық жұмыс істедім. Онда да осы өсімдіктерді зерттеумен айналыстым. Айтайын дегенім, ол жерде сенің зерттеуіңе қажетті дүниенің барлығы бір зертхананың ішінде бар. Яғни, өсімдік зерттеу, оның биологиялық белсенділігі, құрылымын анықтау деген сияқты сізге қажетті жұмыстың бәрі бір шеңбердің ішінде жүреді. Ешқайда бармайсыз, артық уақыт жоғалтпайсыз. Себебі керекті барлық құрал-жабдықтар, ерітінділер бәрі сол жерде табылады.

Кореяда Гёңсаң атты арнайы ұлттық университет (Gyeongsang National University) бар. Үздік 10 мемлекеттік университеттің бірі. 2016-2018 жылдары сол жерде өмір ғылымы бағытында өсімдіктерден алынған биологиялық қосылыстардың белсендігін зерттеу бағыты бойынша екі жыл аға зерттеуші болып қызмет атқардым.

El.kz: Айырмашылық бар ма екен?

Жанар Жеңісқызы: Әрине, әрбір лабороторияда жұмыс істегенде оның әрқайсысының бағыты да әртүрлі болғандықтан түрлі бағытта білім аласыз. Мысалы мен Жапонияда рак ауруы мен тері ауруларына байланысты, сонымен қатар семіздікке қарсы өсімдіктердегі заттар мен белсенділіктерді зерттедім. Ал Кореяда болса өсімдіктерден алынған қосылыстардың диабетке, қартаюға, теріні ағартуға, тұмауға қарсы емдеу үшін ғылыми зерттеу бағытында жұмыс істедім. Осы елдерде зерттеу бағытым бойынша 10-нан аса халықаралық ғылыми мақала жарияладым. Сондықтан әр зертханада әртүрлі бағытта тәрбиеленесіз. Сіздің біліміңізбен қабілетіңіз жан-жақтылы жетіледі. Соған байланысты, алдыңызда кездесетін ғылыми жұмыстар түйіндерін бірден шешіп отырасыз. Ғалымдар бар тек рак ауруымен, немесе тек қант диабетімен, енді бірі өсімдік құрамындағы белгілі бір кешендермен, заттармен ғана жұмыс істейді. Менде олай емес, жалпы өсімдік шикізатының яғни гүлі, шөбі немесе тамыры болса да, ондағы қандай қосылыс немесе қандай белсенділік бағыты болмасын зерттеу жұмыстарын жасай беремін.

Кейін, Қытай ғылымдар академиясының Шанхай Материя Медика институтында ғылыми зерттеулерімді жалғастырдым. Ол қытайдағы бірінші, сондай өсімдіктен дәрілік заттар зерттейтін орын. Олардың алдағы 20 жылға қойған жоспарларын көрсеңіз, керемет, оған енді ойыңыз жетпейді. Олар мені барлық жиналыстарына шақырады, мүмкіндігінше қатысуға тырысамын. Әлемде қандай да бір жаңалық болса, соны барлық ғалымдарға немесе қызметкерлеріне дер кезінде жеткізіп отырады. Мысалы, біздің мамандыққа байланысты жаңа технология шықса, бәрімізді жинап соны бірден үйретеді.

Көп жылдық білім алумен ізденістің нәтижесінде осы орталықты ашып, жұмысын жүргізіп отырмын. 4 жылдың ішінде базаны құрып, 2 жылдың ішінде шағын өндірісті іске қосып жұмыс атқарып жатырмын.

El.kz: Тамаша! Өндірісте қандай өсімдіктерді ем ретінде қолданасыздар. Шикізаттың барлығы басқа елден келе ме әлде Қазақстан аумағында өсетін өсімдіктерді де пайдаланасыздар ма?

Жанар Жеңісқызы: Біз көбінесе емдік және азықтық өсімдіктерді қолданамыз. Емдік деген ол дәрілік өсімдік, олардың емдік қасиеттері болғанымен, белгілі бір дәрежеде улылығы да болуы мүмкін. Ал азықтық өсімдіктердің улылығы жоқ немесе өте аз мөлшерде деуге болады. Сондықтан өсімдіктер құрамы зерттеліп, белсенділігі сарапталғаннан кейін, біз олардан денсаулыққа пайдалы әртүрлі биологиялық белсенді қоспаларды дайындаймыз. Қазір біздің жұмысымызда негізінен 80% дейін отандық шикізат қолданылады. Кей кезде бізде дайындайтын өнімдерімізге кейбір елімізде өспейтін өсімдіктер керек болады. Соларды біз шетелден алып қолданамыз. Сонымен қатар оларды осында әкеліп көбейтіп жатырмыз. Шетелде ондай тәжірибе бұрыннан бар. Мысалы кейбір емдік өсімдіктер қазақ жеріне таралмаған. Соларды алып келіп, осында жерсіндіріп жатырмыз.

Аршамен, адыраспанмен аластау – миф емес, ұмытылып кеткен ғылым

El.kz: Осы жерде өзінен-өзі сіздердің ғылыми-тәжірибелік алқаптарыңыз бар ма деген сауал туындайды. Бар болса көлемі қанша, ол қай жақта орналасқан?

Жанар Жеңісқызы: Бізде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның ғылыми-өндірістік орталығы - Агробиостанция бар, Қапшағайдың жолында. Ол жерде биология және биотехнология факультеті және басқа да факультеттер қажет болған кезде өздерінің эксперименттерін жасап, кейбір өсімдіктерді өсіріп, көбейтуге, сол жерде зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сол жерге осыдан екі жыл бұрын алақат атты өсімдікті әкеліп еккенбіз. Қазір біраз бөлігі жерсінді, себебі ол қазақ жерінде өспейтін түрі. Соны біз өсіріп, көбейтіп жатырмыз.

El.kz: Алақат дегеніңіз қандай өсімдік, қарақаттың бір түрі ме?

Жанар Жеңісқызы: Жоқ, ол итмұрын сияқты, соның бір туыстасы. Сол сияқты одан басқа да өсімдіктерді әкеліп, өсіріп, көбейтіп, болашақта өндіріске кіргізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Себебі өндіріске көп мөлшерде керек болатындықтан, біз оның бәрін табиғаттан ала алмаймыз. Бір жағынан табиғатқа да зиян тигізбеуіміз керек қой?! Сондықтан да біз оны қолдан өсіріп, ары қарай өндіріске салып, тиімді жолын қарастырудамыз.

El.kz: Сіздер дайындаған дәрілер қандай ауруларды емдеуге арналған. Бұлар дәрі деп атала ма әлде дәрілік биологиялық қоспа ма, атаулары қандай. Сынақтан қалай өтті?

Жанар Жеңісқызы: Осы жерде бірден анықтап айтайық, бұл дәрі емес. Біздің елімізде өсімдіктен, шөптен алынған өнімдерді дәрі ретінде тіркеу, өте күрделі процесс. Ол бір, екіншіден біздің өндіріс әлі кемелденбеген, яғни жаңадан бастап енді-енді аяққа тұрып келеді. Оған көп қаржы керек. Көп түрлі эксперименттер арқылы дәрілік деңгейін дәлелдеу керек. Алдымен лабораториялық жағдайда, одан сәтті шықса, клиникаға дейінгі сынақтар жүргізілуі керек. Одан кейін адамдарға бірінші, екінші, үшінші клиникалық сынақтар жасау үшін бірнеше жыл уақыт қажет. Сондықтан да бұларды біз биологиялық белсенді қоспа – ББҚ (биологические активные добавки - БАД) деп атаймыз. Дәрумендер сияқты. Сонымен қатар, бізде жалпы иммунитетті көтеретін, тұмауға қарсы, оның алдын алатын, тұмаудан кейінгі симптомдарға көмектесетін өнімдеріміз бар. Болашақта бұларды дәрі ретінде де тіркетуге болады.

El.kz: Бір-екеуінің атын атап кетсеңіз...

Жанар Жеңісқызы: Мысалы мынау «TKM Immuno» деген қоспа, бұл иммунитетті арттыруға, жалпы адам денесін қуаттауға, жөтелді тиюға пайдалы. «TKM Vita» деген дәрумендерді толықтырады, сондай-ақ тұмауға қарсы белсенділікті арттырады. Бұлардың барлығын ғылыми зерттеуден өткіздік.

Әсіресе, COVID-19 пандемиясы кезінде бір жағынан ғылыми түрде зерттеп, екінші жағынан оларды сынақтан да өткіздік. Бұл жерде көбінесе азықтық өсімдіктер қолданылған. Сонымен бірге емдік өсімдіктер де бар. Уақыт өте келе, әйелдер денсаулығына байланысты сұраныстар көп болған соң, соларға арнап әртүрлі гүлдерден, жемістерден жүйке жүйесін тыныштандыратын және көңіл күйді қалыпқа келтіретін, дәрумендермен толықтырып, қан айналымын жақсартатын пайдалы антиоксидантты өнімдер дайындадық. Одан кейін, бауырды қорғайтын өнімдер әзірледік. Біз бұл өніміміздің адамның бауыр жасушасына әсері қалай екендігін арнайы зерттедік. Сол кезде олардың бауыр жасушаларын көбейтетін қабілеті бар екендігін де зерттеп анықтадық. Енді осы зерттеу нәтижелеріміз бойынша ғылыми мақала дайындаудамыз.

Сонымен қатар, бізде бірнеше шай түрлері бар. Олардың ішінде иммунитетті нығайтатын, диабетке қарсы, жоғары қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жолдары қызметін жақсартатын әртүрлі шайларымыз бар.

El.kz: «TKM» дегенді сөзді қалай оқып, түсінсек болады?

Жанар Жеңісқызы: Мына сіз көріп отырған «TKM» деген «Traditional Kazakh Medicine» («Дәстүрлі Қазақ Медицинасы») деген сөздің бас әріптері ғой, яғни әлемдік нарыққа мен қазақтың атын шығару мақсатымен осыны пайдаланып отырмын. Неге мұндай атау алдым? Өйткені біздің Қазақ ұлтының да дәстүрлі медицинасы бар. Бірақ жарнамасы жоқ. Сонымен бірге шетелде болғанымда, «Traditional Chinese Medicine», «Traditional Greek Medicine», «Traditional Mongol Medicine», «Traditional Indian Medicine» деген сияқты өсімдіктен жасалған өнім атауларын бәрі біледі. Ал қазақтікі мүлде жоқ. Содан мен «TKM» («Traditional Kazakh Medicine») деп алдым, бірақ әзірге мұны көп ешкім білмейді. Алдағы уақытта осы марканы әлемге таныту үшін қызмет етемін.

El.kz: Орталықта қанша адам қызмет атқарады. Олар жастар ма, ғылымға қызығушылығы қалай?

Жанар Жеңісқызы: Орталықта 15, 20 жуық жастар – студенттер, магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар  бар. Олар осы жерде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасайды. Біздің жобаларға қатысып, соған сәйкес ғылыми сараптамалар жасайды. Әркім өзінің бағыты бойынша, біз жусанды зерттеу бағытымен айналысамыз. Қазақ болған соң қалай болғанда да жусанды зерттеуіміз керек. Бізде 81 түрлі жусан бар. Оны бір адам бар өмірінде зерттеп үлгермейді.

Біздің осы зерттеу бағытымыз - жусаннан бөлінген зат бойынша Қытай фармакологі, академик Ту Юю 2015 жылы Нобель сыйлығын алған алғашқы қытай әйелі бар. Ол бір жылдық жусан өсімдігінен артемизинин деген затты бөліп алған. Содан бері жусанды зерттеу халықаралық деңгейге көтеріліп, оған деген қызығушылық артып отыр. Енді жаңа айтқан 81 жусанның ішінде 19 эндемик, яғни Қазақстанда ғана өсетін түрлері бар. Сондықтан біз соларды зерттеуді қолға алып отырмыз. Олардың құрамында жаңа заттар, жаңа белсенділіктер болса анықтаумыз керек.

Екіншіден тері аурулары бойынша, яғни әртүрлі қабынуға қарсы, түрлі аллергиялық жағдайларға, қышыма, бөртпелерге қарсы, теріні ағарту бойынша зерттеулер жүргізудеміз. Үшіншіден, ботаникалық формула бойынша зерттеулер жалғасып жатыр. Осының барлығына біздің қызметкерлер атсалысады. Олардың арасында тұрақты істейтіндер де бар.

El.kz: Өндіріске қажетті өсімдіктерді қай уақытта жинайсыздар. Көктем де ме, күзде ме?

Жанар Жеңісқызы: Өсімдіктерді көктемнен бастап, қара күзге дейін жинаймыз. Қазір, мысалы, өндірістік тәжірибеге шығатын шәкірттерімізбен бірге экспедицияға барып, гербарий жинап, өсімдіктерді анықтаймыз. Жаңа биологиялық белсенді қоспа жасау үшін жаңа шикізаттар алып, олардан жаңа нұсқа жасау үшін эксперименттер жасап, оларды бекітеміз. Алып келіп, негізінен бөлме жағдайында, көлеңкеде, ауа алмасып тұратын жерде оларды кептіреміз. Содан кейін оларды бұтақтаймыз, үгітеміз, ұнтақтаймыз.

Аршамен, адыраспанмен аластау – миф емес, ұмытылып кеткен ғылым

El.kz: Жас ғалымдардың ғылыммен беріліп шұғылдануы үшін қандай мотивациялық шаралар бар?

Жанар Жеңісқызы: Жалпы студенттерге ғылым жайлы бірінші курсқа келген кезде айтып түсіндіру керек. Өйткені олар мектепті енді ғана бітірген, оң-солын білмейді, көп нәрсені түсінбейді. Мысалы, химия деп келеді, ал оның түр-түрге бөлінетінін, оның әрбір бағытының өзін бір ғұмырында зерттеп бітпейтінін түсіндіреміз. Содан кейін олар өз қызығушылығына қарап таңдау жасайды.

Аршамен, адыраспанмен аластау – миф емес, ұмытылып кеткен ғылым

Мен оларға айтамын, қазір елімізде жас ғалымдарға тиімді түрлі жағдайлар жасалып отыр. Университеттерде әртүрлі байқаулар жарияланып жатыр. Сондайға қатысуға ұмтылыңдар деп. Егер оны жеңіп алса оның қаражатынан бөлек атағы да бар. Сондықтан мен оларға «ақшаны сіздер іздемеңіздер, ақша сіздерді іздеуі керек» деп айтамын. Ал ол үшін сіз білімді, білікті, жасампаз және бәсекеге қабілетті дайын маман болуыңыз керек. Сонда ғана сізді іздейді. Содан кейін студенттерге айтатыным, сендер 4 жыл бір оқуды бітірген соң, осы мамандық бойынша ары қарай ізденіп жұмыс істеулерің керек. Әр нәрсенің басын бір шалған болмайды, өмір зу етіп өтіп кетеді. Білімді адамның қашанда өз мәртебесі болып, құрметке ие болады.

El.kz: Ұлы ойшылымыз Абай «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген, яғни ғылым арқылы мал табуға болатынын меңзеген ғой. Ғылымды бизнеске айналдыру жағы қалай болып жатыр?

Жанар Жеңісқызы: Бизнес жағы енді-енді қолға алынып жатыр. Біз де мына өнімдерімізді нарыққа шығаруды көздеп отырмыз. Жақында 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың неғұрлым перспективалы жобаларын гранттық қаржыландыруға арналған байқау жарияланды, осыған қатысу үшін біз дайындық жасаудамыз. Өз өнімдерімізді есептеп, бары қанша, жоғы қанша, не керек екендігін анықтап, соған сәйкес қорытынды шығарамыз. Шыны керек, біз осыларды алғашында гранттық жобамен университеттің базасында әртүрлі жобалармен бірге бастағанбыз. Енді мұны ары қарай шығару үшін тоқтамайтын өндірістік процесс болуы керек қой, сол үшін осы жобаларды іске асыруды көздеп отырмыз.

El.kz: Өздеріңіз өндірген өнімдерді қарапайым халық қайдан сатып алса болады. Оларды жаппай өндіріп, дәріханаларға шығару үшін қандай кедергілер бар және оны шешу үшін не істеу керек?

Жанар Жеңісқызы: Мұндай табиғи өнімдерді біз дәріханаларда және мамандандырылған дүкендер мен сауда желісінің бөлімшелері арқылы халыққа биологиялық белсенді тағамдық қоспа ретінде сату үшін шығарамыз. Біздің өндіріске қазірден сұраныс бар. «Бізге мынадай мөлшерде керек еді, Сіз дайындап бере аласыз ба?» деп, осы орталыққа келіп сұрайтындар бар. Оған шикізат керек, қаптама керек, одан кейін тоқтатпай өндіріс жасау керек, оған тұрақты жұмысшы керек, коммуналдық қызмет ақысын өтеу керек дегендей. Соның бәрін қаржылық жағынан есептеп келгенде біраз шығынды талап етеді. Оның үстіне біздің істеп жатқан жұмысымыз, дәл осылай ғылыми зерттеп шығып жатқан өндіріс Қазақстанда болмаған. Бірінші рет. Оған осындай салаға қатысты саяси тұжырым дейміз бе, сондай қағидаларды кемелдендіру керек сияқты. Осы ретте айтайын дегенім, шетелден келіп жатқан осындай өнімдердің көбісі зерттелмеген, ал мынау өзіміздің зерттелген өнім. Сондықтан бұның тиімді жағы өте көп.

El.kz: Өсімдіктерді зерттеуге бүкіл ғұмырын арнап «Шипагерлік баян» атты еңбек жазған қазақтың атақты шипагер ғалымы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы не айтасыз?

Жанар Жеңісқызы: Осы кісі туралы шетелге барып лекция оқығанда, мен негізінен «Traditional Kazakh Medicine» атауынан бастап айтамын. Ең басып айтатыным, біздің қазақ табиғатпен етене араласып өмір сүрген. Біз тауда, жайлауда, орманда, далада болсын киіз үйімізді тігіп, малымызды бағып өмір сүргенбіз. Сол лекцияда «біз тамақты, киім-кешекті, өмірге қажетті тұрмыстық материалдарды, үйді және денсулыққа қажетті заттардың барлығын табиғаттан аламыз» деп айтамын. Сонымен бірге, біз табиғатты қорғай да білеміз. Біз осы уақытқа дейін өз денсаулығымызды табиғат арқылы емдеп қорғап келгенбіз.

Соның дәлелі мына ғаламат емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Бұл кісі 1388 жылы туған, сол ғасырда өмір сүрген. Ол өзі адам анатомиясының қазақша ғылыми атауын бірінші рет жинақтаған. 500 анатомиялық атау, 4577 түрлі ауруға арналған рецептін ашқан. Оның ішінде 728-і өсімдіктерден, 60-ы минералдардан, 318-і жануарлардан алынған рецепттер. Бұл кісі сол кезде қалай дұрыс тамақтану керектігін, профилактиканы қалай жасау керек, емдеу, диагностика, барлығын зерттеген. Оны сол жердің климатына, ылғалдылығына, құрғақтығына, күннің райына, күнге-түнге, жарыққа, жылуға сияқты алты түрлі құбылыспен баяндаған. Қарап тұрсаңыз, сол кездің өзінде бұл кісі жаңағыларды істей алған ғой. Содан кейін барып, осының негізінде Қазақстанда өсетін, қазақ емшілігіне қолданылатын емдік өсімдіктерді зерттеп отырмын деп, мен осыны барлық жерде айтып беремін. Кейде сұрайды, «қандай белсенді заты бар, көрсетіп берші?» деп, сонда мына жусандардан бастап, ғылыми түрде құрылымын, оның қандай қоюлықта, қаншалықты белсенділігі бар екендігін дәлелдеп беріп, лекция оқимын.

El.kz: Яғни шет елде қазақ ғылымының «жыртысын жыртып» жүрмін дейсіз ғой?

Жанар Жеңісқызы: Енді олай десем артық айтқандық болар, дегенмен де барған жерімде бұлар қазақ туралы, қазақ медицинасының бар екендігін білсін деп айтып жүремін. Менің істеп жатқаным бүгін ғана, жайдан-жай, аяқ астынан пайда болмағанын дәлелдеп беремін. Мысалы, біз басымыз ауырса қалампырды қайнатып ішеміз, ол бұрыннан қолданылып келе жатқан ем. Аршаның бүрін қолданамыз, итті тудырмағанға. Аршаны күйдіріп ысымен бесікті аластаймыз, өйткені одан шығатын эфир майларының микробқа қарсы белсенділігі болғаны үшін. Адыраспанды да сөйтеміз. Мұның бәрі миф, абстрактілі зат емес, оның бәрі ұмытылып кеткен ғылыми нәрсе. Ол жерде шыққан эфир майы - монотерпендер, микробқа қарсы белсенділігі бар болғандықтан, сол жерді дизенфекциялайды, тазалайды. Содан соң балалар ауру-сырқаудан сау болады. Оның белгілі ғылыми негізі бар, осының бәрін қазақтар бұрыннан білген.

Мәселен, оба деген аурудың бірнеше түрі бар. Ол сол кезде қазіргі COVID-19 тектес пандемия болды десек те болады. Себебі ол кезде де түрлі вирустар адамнан адамға жұққан. Сонда қазақтар өзін жалбыз, жусан сияқты әр түрлі өсімдіктермен емдеп аман қалған. Соның негізінде біздің қазіргі қызметіміз өз жалғасын тауып жатыр. Біздің өнімдеріміздің ішінде де қалампырдан, жалбыздан алынған белсенді қоспаларымыз бар. Бұлардың бәрін мен бостан-босқа шығарып отырған жоқпын, сонау ата-бабаларымыздан келе жатқан негізді алып, соны қазіргі заманауи технологияның көмегімен жаңғыртып жатырмын.

El.kz: Осы жерде тағы бір сұрақ өзінен-өзі туындайды. Сіздің ата-бабаларыңыз да осы кәсіппен айналысқан ба?

Жанар Жеңісқызы: Иә, осы кәсіппен айналысқан. Менің Шөкен деген нағашы атам өзі молла әрі емші болған екен. Ол өзі Катонқарағайда, бай кісі болған, кейін қуғынға ұшыраған екен, үркіншілік кезінде. Сол кезде оба ауруы тарап, ол сонда бүтін адамды жалбызға орап, өсімдіктерді, шөптерді қайнатып беріп, сондағы халықты аман алып қалған екен. Содан кейін менің әкем де өсімдіктердің атын айтып, кішкене кезімде маған таныстырып отыратын. Соның бәрін естіп өскеннен кейін бе, әкемнің мамандығы басқа болса да, менің сол кезден осыған әуестігім болды. Алтай тауларында өстік қой, онда әрбір екінші шөптің емдік қасиеті бар. Осының әсерінен  мен кейін химия мамандығын оқыдым.

Мысалы, анардың қабығын аршимыз да дәнін алып, қабығын тастай саламыз. Мен сол қабықты алып зерттедім, онда бірнеше пайдалы заттар бар екен. Қазір Алматыда көптеген алма бақтары бар, ондағы апорт сияқты түрлерінен бізге қажетті заттарды, өнімдерді анықтап жатырмыз. Оның ракқа, диабетке қарсы белсенділігін зерттеп, анықтаудамыз.

El.kz: Қазақ жерінен шығып, бүкіл әлемге Екінші Ұстаз атанған ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің мол еңбектерін қазіргі ғылымда қолдану жағы қалай жүруде?

Жанар Жеңісқызы: Әл-Фараби әлемнің Екінші ұстазы атанған ұлы ұстаз. Ғылымның барлық саласымен айналысып, 70-тен аса тіл білген ғалым және медицинаның атасы атанған Ибн Синаның ұстазы. Жалпы әл-Фарабидің теориясы қазіргі заманға өте сәйкес келеді. Ол кісінің адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы, жақсы адам мен жаман адамға берген анықтамалары бар. Оның ғылымға берген бағалары құнды. Қазіргі кезде ашылып жатқан жаңалықтарды, бағыттарды әл-Фараби сол кезде айтып кеткен. Бірақ оқуға, түсінуге тілі күрделі.

Мына пандемия кезінде байқадық, адамды ақша мен атақ құтқара алмады. Адамды құтқарған ғылым мен білім. Пандемия кезінде ғалымдардың ғылыми зерттеу нәтижелерінен түрлі вакциналар мен дәрі-дәрмектер шығарылып, әлем халқының денсаулығын сақтауға, аман алып қалуға септігін тигізді деп айта аламыз. Сонымен қатар, аурудың алдын алу мен вирустан сақтану жолдарын зерттеп, өз ұсыныстарын жариялады. Мысалы он адам бірдей ауырса, сіздің кішкене ғылыми біліміңіз болса, сіз өзіңізді сақтап қала аласыз. Ал сіздің біліміңіз жетпесе, аурудан қалай сақтанудың жолын білмесеңіз, немесе дер кезінде дұрыс ем-домды қолдана алмасаңыз да өз денсаулығыңызды қорғай алмайсыз. Сол пандемия ғылымның қаншалықты керек екендігін ұғындырды.

Бүкіл әлем карантинге жабылғанда, өзімізден шығатын өнімнің қаншалықты маңызды екендігін түсіндік. Сондықтан да мен біздің өнімге қолданылатын шикізат осы өз жерімізден болса екен деп, болмаған күннің өзінде осы жерге әкеліп жерсіндіріп, шикізат көзіне айналдырып, содан кейін зерттеп кәдеге жаратуға тырысып жатырмын. Себебі COVID-19 сияқты жаңа вирус түрі шығуы әбден мүмкін. Оған біз дайын болуымыз керек. Өзіміздің өніміміз болуы керек!

2010 жылы Жапонияға барып, Өтейбойдақ емші туралы баяндама жасағанымда, бір жапон баласы атып тұрды да, «Жаңағы сіздің айтқаныңыз фантазия. Ондай мүлде болмаған. Қазақстан не өндіре алады?» деді. Залда 50 адам отырған. Мен Қазақстанда мұнай бар, газ бар, минерадарға бай, территориясы кең, әлем бойынша 9 орын алады деп айтып жатырмын. Сонда ол «Мұнай, газ дегеніңіз ол табиғи сақталған байлықтар, сіз жасап шығарған зат емес. Мысалы, мына жақта Toyota, Panasonic, Hitachi, Sony, ана жақта Audi, BMW бар, ал сізде не бар?» деп сұраған кезде жүрегіме тиді. Содан ойландым, бізде қандай өндіріс бар? Не өндіре аламыз? Қандай ғылыми жаңалықпен жасалған өніммен немесе тапқырлықпен мақтана аламыз? деген сұрақтар ой елегім бір-бірлеп өтіп жатты.

«Made in Kazakhstan» деген брендпен ғылыми жасалған өнім керек екендігін, сонда әлем алдында өз мәртебең асқақтап, пайдалы ғылыми жаңалықтарың жасампаз болатындығын түсіндім. Кейін қайтарымда, сол жақтағы жетекшіме алдағы уақытта мен «Traditional Kazakh Medicine» деген зерттеу орталығын ашамын деп жоспарымды айттым.

El.kz: Өзіме серт бердім дейсіз ғой. Жалпы Жанар ханым қандай жан, өзіңіз туралы қысқаша айта кетсеңіз. Саяхаттауды ұнатасыз ба?

Жанар Жеңісқызы: Иә, әлгі жерде елдің алдында жаман намыстанып кеттім де осы орталықты ашуды алдыма мақсат етіп қойдым ғой. Жалпы менің менталитетім, мінез-құлқым белгілі бір стандартқа сай емес. Табандылықты ұнатамын, оқып үйренуден жалықпаймын. Табиғатта жүргенді ұнатамын. Мен профессор екенмін деп, тауға, экспедицияға шықпай отыра алмаймын. Өсімдіктерді бірге қарап, бірге теремін. Қай уақыт болса да экспедицияға студенттеріммен бірге шығамын. Зертханада бірге зерттеу жұмысын істеймін.

Бүгінгі Жанар кешегі Жанардан артық болуы керек. Күнде өзіме есеп беремін, «Мен бүгін не істедім, не үйрендім, күнді қалай өткіздім» деп. Менде жұмыста ертең деген түсінік жоқ, әр нәрсені уақытында істеуге дағдыланғанмын.

Өткенде Илон Масктің Қытайға барып 44 сағатта не істегенін жазып, қорытындылапты. Сол кезде аталған уақытта қанша жұмыс бітіргені айтылыпты. Ол қанша бай болса да, әлі солай қарбаласта жүреді екен. Яғни мен баймын деп қол қусырып отырған жоқ. Менде де солай. Қазақта «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін үйрен» деген сөз бар, адам тоқтамай іздене беру керек деп ойлаймын. Әр уақытта өзіңді өзің қадағалап отыруың керек. Кітап жазу, мақала жазу, жаңалық ашу үшін қажырлы еңбек керек.

El.kz: Бос уақытта ғылымнан басқа немен шұғылданасыз?

Жанар Жеңісқызы: Менің жалпы биге қабілетім бар. Менің шешем биші әрі әртіс. Сондықтан да менің белгілі бір дәрежеде бишілік қабілетім бар. Әншілік те өнерім бар. Ақынмын, өлең жазамын. Менің әкем ақын адам. Кішкентай кезімде университетте оқып жүргенімде өлең жазып бастағанмын, кейін химияға, ғылымға көбірек басымдық бергеннен кейін ақындығым кішкене ашылмай қалды. Бірақ кейбір отырыстарда елдер сияқты бір сөзді қайталамай, әдемілеп нәрлі, құнарлы етіп құрастырып жүрекжарды тілегімді жеткізуге тырысамын.

Одан кейін мен өжетпін. Мен ешкімге жалтақтамай, ойымдағыны әдеппен сыпайы түрде жеткіземін. Қайтер екен, қалай болар екен деп, тұрып қалмаймын. Айтатынымды айтамын, істейтінімді істеймін.

Қазір екі қызым бар, соларға үлгі бола отырып, тәрбиелеймін. Студенттерімді өз баламдай көремін. Балам, қызым деймін оларға. Кейбіреулер таң қалады, «Ол сіздің балаңыз ба?» деп.

El.kz: Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар?

Жанар Жеңісқызы: Мен енді зерттеуді одан әрі жетілдіруім керек, сол үшін жаңа айтып кеткендей оларды жануарларға, клиникада сынақтан өткізіп, дәрі ретінде тіркеу бойынша алдыма мақсат қойып отырмын. Бізде қазір 8 өнім бар ғой. Соны ары қарай көбейту, яғни өндірісті кеңейту мәселесі тұр. Соңғы екі жылда БАҚ-та, яғни газет-журналдарға мақала жариялап, сұхбат беріп шығып жатқан соң, «Жанар, сіздің өнімдеріңізді нарықтан қашан көреміз?» деп көпшілік сұрай бастады.

«Made in Kazakhstan» деп жазылған өзіміздің өнім әлемдік нарыққа тезірек шықса деп армандаймын. Мен енді өзімнің қабілетімнің төңірегінде, өз салама қатысты айтып отырмын ғой. Елімнің дамуына осы салада өз үлесімді қосқым келеді.

El.kz: Елге айтар тілегіңіз бар болса, жеткізейік!

Жанар Жеңісқызы: Ең алдымен еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бейбіт өмір болғанда ғана бәрі дамиды. Біз білімге, ғылымға көбірек жүгінсек деймін. Біздің елімізді ел қылатын, халықаралық деңгейде лайықты өз орнын алуға қызмет ететін сала ол білім мен ғылым. Еліміздегі барлық ата-ана өзінің балаларын білім мен ғылымға баулыса екен дегім келеді.

El.kz: Уақыт бөліп, сүбелі сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға