Жаңалықтар

«Арселор Миттал Теміртаудың» жеткізушілері мен мердігерлер алдындағы қарызын кім өтейді?

«Арселор Миттал Теміртаудың» жеткізушілері мен мердігерлер алдындағы қарызын кім өтейді?
Фото: © El.kz 13.12.2023 14:40 1007

Мәжіліс депутаты Асқар Садықов «Арселор Миттал Теміртаудың» жеткізушілері мен мердігерлер алдында 500 млн доллар қарызын кім өтейтінін сұрады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Зауытты жаңа инвесторға берудің түпкілікті рәсімі аяқталмай жатып-ақ «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қажеттіліктеріне жеткізілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер үшін отандық кәсіпкерлер алдындағы 500 млн доллардан астам қарызы БАҚ пен әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.

«АрселорМиттал» көптеген жылдар бойы қазақстандық мердігерлер алдындағы кредиторлық берешегін ұлғайтып, өзінің басым жағдайын пайдалана отырып, шын мәнінде олардың есебінен пайызсыз несиеге ие болған. Көптеген мердігерлерді алаңдатып отырғаны – қазіргі жағдайда зауытқа жеткізілген материалдар мен құрал-жабдықтар үшін аталған қарыздардың қалай қайтарылатыны. Оны бақылау үшін құжаттамаларға толық ревизия жасалуы керек, - деді мәжілісмен депутаттық сауалында.

Депутаттың сөзінше, бұрын мердігерлер мен жеткізушілер бөліп-бөліп ақшасын қайтарып алуға үмітті болған болса, қазір олар банкрот боп, барлық қаражатынан айырылудан қауіптенуде. Оның үстіне дәл осындай жағдай 1995 жылы да болған көрінеді. Айтуынша, зауытты сол кездегі министрлер кабинетінің тікелей араласуымен ГАО «Кармет» Митталға өткізген кезде ескі иесі барлық активтерді, соның ішінде кредиторлық қарызды да жаңа қожайынға тапсырғанына сілтеме жасаған, ал жаңа иесі аталған қарызды мойындамай қойған.

Ол бұл қарыздардың артында кәсіпорындардың ғана емес, олардың контрагент серіктестерінің, сонымен қатар мердігерлердің мыңдаған отбасыларының тағдыры тұр.

Депутат «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының отандық тауарлар мен қызметтерді жеткізушілер алдындағы кредиторлық берешегін өтеу мәселесін шешу үшін Бас прокуратура мен Үкіметке бірнеше рет ресми сауал жолдағанын атап өтті.

Мемлекеттік органдардың берген жауабына сәйкес, бұл бағытта жұмыс жүргізілуде делінген және тиісті рұқсат беру комиссиялары құрылған. Дегенмен, бүгінде жағдайдың шешілмегенін, шын мәнінде тығырыққа тірелгенін көріп отырмыз.Бұл ретте кәсіпкерлер қарыздан бөлек, кассалық алшақтықты жабу мен салық төлеу мәселесінде де қиындықтарға тап болды. Салық органдарының айтуынша, мұндай жағдайларда туындаған берешек есептен шығарылмайды немесе ол АМТ-ға аударылады, - деді Асқар Садықов.

Депутат АМТ мердігерлері зауыттың бұрынғы және қазіргі иесінен қарыздарын қайтара алмағаннан бөлек, фискалдық органдардың талаптары мен қосымша салықтарымен күресу мәселесіне тап болатынын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға