Жаңалықтар

Армысың, Әз-Наурыз!

Ежелгі қазақ даласын мекендеген түркі тілдес халықтарға тән және тарихи-рухани сабақтастығымызды білдіретін мереке-мейрамдардың арасында халқымыз үшін өзінің сүйікті мейрамы – “Жаңа жылы” – “Наурыз”.
24.03.2016 09:07 22427

 Ежелгі қазақ даласын мекендеген түркі тілдес халықтарға тән және тарихи-рухани сабақтастығымызды білдіретін мереке-мейрамдардың арасында халқымыз үшін өзінің сүйікті мейрамы – “Жаңа жылы” – “Наурыз”.

Армысың, Әз-Наурыз!

Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы, өйткені 22 наурызда күн мен түн теңескен, табиғат жанданып, жаңа өмір (цикл) басталған. Наурыз (ноу – жаңа, руз – күн) деген сөз бізге парсы тілінен енген. Орта Азия халықтары оны мыңдаған жылдар бойы Жаңа жыл басы ретінде тойлап келді. Кейіннен Ислам діні халықтардың бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрпын сыйлап, Наурызды мейрам ретінде қабылдады. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы “Нұх, Наурыз тарихы” мақаласында наурыз мейрамының қазақ өмірінде алатын орны мен тарихын талдап, “қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурыздама. Ол күні қожаларға оқытатұғын, наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын ол кітаптың атын “Салдама” дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда жұрт жылап, шулап “Амин!” деп отырады.  Сонан соң олардың айтқаны айтқандай келіп халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады” , - деп жазған. Осыдан ежелден келе жатқан наурызнама мейрамы барысында айтылатын бата беру дәстүрінің ислам діні практикаларымен үйлесімді сабақтасқанын байқаймыз.

Исламға дейінгі және мұсылмандық салт-дәстүрлер мен мерекелер (той) қатарында ежелгі жаңа жыл мерекесі - көктемде күн мен түн теңелетін күні атап өтілетін Наурыз айрықша орын алады. Осы ежелгі мерекені Орта Азия, Қазақстан жерін мекендеген халықтар кеңінен атап өтетін болған.

Шын мәнінде бұл қазақтың арғы бабалары көшпелі тайпалар ішінде туып – “Ұлыстың ұлы күні” деп аталғаны ешқашан талас тудырмайды, кейінірек отырықшы елдердің дәл осындай мейрамы - Наурызбен қосылып Ұлыстың ұлы күні - Наурыз деп аталып жүр.

Армысың, Әз-Наурыз!

Наурыздың қазақпен, оған бауырлас Шығыс халықтарының ықылым замандарда отқа, күнге, айға, суға табынған кездерінде пайда болған, яғни табиғаттың қойнынан, күн мен түннің теңелуінен шыққан маусымдық мейрамы екені даусыз. Ұлы ақынымыз Абай Құнанбаев Наурыз тойын дінге жалғастырмай, көктем мерекесі екенін ашық жазады. Наурыз қазақтың ұлттық мейрамы, төл мерекесі екеніне Алаш арыстары да қалам тербеген.

Байтұрсынұлы Ахмет: “Наурыз - қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. ...Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: “Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт кәсіп болсын!” деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді”.

Міржақып Дулатов “Орыста мейрам көп, қазақта айран көп” деген мәтелді тілге тиек ете келе былай деп жазады: “Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол – Наурыз”.

“Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы... Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, наурыз (марттың) ескіше 9-да, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінің жамылып өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сияды”.

Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде әлі де тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, мемлекеттік мереке ретінде Әзірбайжанда, Тәжікстанда және Қазақстанда - 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтіледі. Наурыз мерекесі 2010 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының күнтізбесіне халықаралық мереке ретінде енді.

Армысың, Әз-Наурыз!

Тарихқа үңілсек, әлемдегі әр халық Жаңа жылдың басын әр уақытта атап өткен. Ежелгі халықтар негізінен Жаңа жылды табиғат жаңаруымен, яғни жер ұйқыдан оянғаннан кейін, көктем келуіне байланысты атаған. Көне яхудилердің таным-түсінігінде де Жаңа жыл “авив” айы, яғни наурыз айының соңы, сәуірдің басы болатын. Рим империясында да наурыз айы жыл басы болатын. Тек біздің заманымыздың 45 жылы Рим императоры Юлий Цезарь табиғат ерекшелігін, күн мен түннің теңелуін ескермей, жаңа жылға діни мағына берді. Сөйтіп, ол жыл басын 1 қаңтарға көшіріп, осы үлгісі кейін әлемдік әмбебап күнтізбе ретінде қолданылып кетті.

Наурыз мейрамын ежелгі гректер “патрих”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, соғдылықтар “наусарыз”, армяндар “навасарди”, чуваштар “норис ояхе”, қазақтар “наурыз мейрамы”, “наурыз тойы” және “наурызнама” деп әртүрлі атаған. Парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалақ” ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – “күн символын” салады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі; түрлі жарыстар ұйымдастырады.

Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр (Қызыр) аралайды. Бұл жайында Ақселеу Сейдімбек: “Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн “Қызыр түні” деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр қасы көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыру үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді...Қызыр түнін ұйықтамай өткеру үшін ауыл жастары алуан түрлі ойын ұйымдастырып, Қызыр атаның назарын аударып бақытты боламыз деп, небір тосын тамаша-қызықтар көрсетеді...” , - деп жазады. Екінші күні, яғни 22 наурызда ауылдың ер адамдары бір-бірімен көрісіп, төс қағыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекелік дастарханға шақырады. Оған басты тағам наурыз көже қойылады. Сонымен бірге, қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен қоштасуды, құрамына ақтың (көже, қымыз, шұбат, құрт, ірімшік және т.б.) қосылуы – жаз тағамымен қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан арылады. Ауыл ақсақалдары араз руларды, ағайын немесе дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған. Наурызнама күндері қыста жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылып, дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ойналған. Осы күндері Наурыз мейрамының сауықтық, өнегелік және эстетикалық қырлары айқын көрініс тауып отырған.

Армысың, Әз-Наурыз!

Наурызды мейрамдаудың дәстүрлі атрибуттары - көрісу, көп көже, ұйқыашар, самалық айту, дір еткізер, селт еткізер, т. б. бар, сонымен қатар әр аймақта өзіндік сахналық рәсімдер өткізілген. Әр үйде көже жасалып, ел аттылы-жаяу ілгерінді-кейінді, мәз-мейрам болып үйлерге кіріп, көп көжеге бата қылады. Наурыздың өз батасы бар. Наурыз күнінің бір ерекшелігі бұл күн көрісуден басталады. Бозбалалар мен қыздар да Ұлыстың ұлы күні емін-еркін бас қосып, ауылды, елді той-думанға бөлеген. Ауыл қыздары өздері жақсы көрген жігіттерге арнап, соғымның қалған етін уызға салып пісіріп, “ұйқыашар” деп аталатын тамақ дайындайды.Осы арада бір айта кететін жайт, наурыздың қазақ халқының тамақтану мәдениетіне тікелей қатынасы бар. Наурызда соғымның қалған-құтқаны көжемен, сыбағамен бітеді, халық жаппай “қызылдан – аққа”, яғни сүтті тағамдарға (айран, қымыз, қүрт, ірімшік, т.б.) көшеді. Сөйтіп көшпендінің қыс бойы ауыр етті тағамдарды жеген асқазаны дем алады. Жаздың шіліңгір ыстығында қазақ асқазанға жеңіл: қойдан - бағлан, байлар жылқыдан - тай, кедейлер ешкіден - лақ жеген, бұл төлдердің еті қара күзге, күздік сойғанға дейін адам ағзасына жеңіл болған, мұны маусымдық тамақтану жүйесі деуге болады.

Жігіттер мен бозбалалар қыздарға арнап “селт еткізер”, “дір еткізер” деген сыйлықтарын ұсынады. Бұл сыйлыққа айна, тарақ, иісмай, күміс жүзік жатады. Айна - пәктік пен жастықтың, тарақ - әдемілік мен сұлулықтың, иісмай - бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, күміс жүзік - тазалықтың белгісі.

Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолдарына күрек, кетпен, ал қыз-келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. “Бұлақ көрсең, көзін аш” деп қаумаласқан жігіттер айнала төңіректегі бастаулардың көзін ашса, “Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!”, “Бір тал кессең, он тал ек!” деген қариялар бұлақ басына тал егеді. Әйелдер атып келе жатқан Күнге тәу етіп, “Армысың, қайырымды Күн-ана!” деп иіліп сәлем береді, “Кеудесі түкті Жер-ана, көк дарыт, жарылқа!” деп ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді.

Жаңа жыл Наурызды мерекелеумен қатар, төрт түлік мал өсірген халқымыз, әсіресе қолы жеткенде, ата-бабаларына, аруақтарға міндетті түрде еркек мал сойып құдайы тамақ берген. Наурыздың бір мәні - теңдік күні ұлылық пен кішілік жасалатын, бай мен жарлы жарасатұғын күн. Хан қарашаның халін ұғып, қараша ханның төріне шығатын күн.

Мейрамдар - ұлттық сананың бір көрінісі, керек десеңіз ұлттық идеямен сарындас. Сондықтан ұлттық идеяны тұғырлы ету үшін ұлттық мейрамдарды өз нақышына келтіріп лайықты дәрежеде тойлай білу керек және жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікке айналдыруымыз парыз.


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға