Жаңалықтар

Армиядағы айымдаp

Антқа адал, сертке берік жандар!
Армиядағы айымдаp
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 07.03.2021 11:00 6696

Ресми дерекке сүйенсек бүгінгі таңда қазақ армиясының қатарында 7500-ге жуық қыз-келіншек қызмет етеді. Бұл көрсеткіш жалпы құрамның 12% құрайды. Қазақтың батыр қыздары Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды майдангер апаларының ерлігін үлгі тұтып, бейбіт заманда әскери өмірді жанына серік етіп, ерлермен бірге иық тірестіре өз қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген нәзікжандылар қаншама? Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сенсек, Қарулы Күштер сапында 20 полковник, 117 подполковник, 237 майор, 268 капитан, 147 аға лейтенант және 93-ке жуық лейтенант қыз-келіншектер бар. Қалғаны сержант пен сарбаз лауазымдарында еңбектеніп жүр.

Армиядағы айымдаp

Қарулы Күштер қатарында әскери қызмет атқарып жүрген әйелдер әскер тектерінің түрлі салаларында бар. Зымыран, аэроұтқыр, артиллерия, әуе қорғанысы сондай-ақ аймақтық басқару орталықтары сынды әртүрлі салада жауынгерлік міндеттерін мінсіз атқарып жүрген айымдар баршылық. Бәрінің жоғары білімі бар, меңгерген мамандықтары бар. Бір қызығы олардың 30% әскери бөлімшелердің әскери дайындығына жауап береді екен. Ресми ақпарат бойынша армия қатарындағы әйелдердің орта жасы – 35 жас. Олар да түндe атыс полигонына шығып, ұрыс аймағындa ерлермен тең дәpежеде қызмет атқарады. Тіпті қолма-қол жекпе-жекке шығып, пышақ лақтыpып, парашютпен секіретін жүректі арулар жоқ емес. Мәселен, қаруды 12 секундта шашып, 23 секундта қайта жинайтын шапшаң, епті, қабілетті қыздар бар. Армиядағы айымдардың ерлерден еш кем түспей, тең дәрежеде қызмет атқаратындығының тағы бір айқын дәлелі деп десантшылардың айына он күнге жуық уақыт үйінде болмай, атыс даласында жаттығу өткізетінін атағанымыз дұрыс. Десантшы әйелдер де әскери тәртіпке сай ату жаттығуларына қатысып, межелі орыннан табылады. Бұған дейін 7-мамырда өтетін әскери шеруде сап түзеген талай әскери қыз-келіншектің еңбегі өз алдына бөлек әңгіме.

Тағы бір қызықты ақпармен бөлісе кетейік. Әскери ортадағы әйелдердің ерлерден бір айырмашылығы – заң бұзушылық оқиғалары болған жағдайда қатаң шара ретінде әскерилерге қолданылатын қамау жазасы әйелдерге қолданылмайды. Олар көбінесе ауызша сөгіспен шектеледі.

Отан қорғау саласында жүрген әрбір әскери маманның жұмыс күні әскери жарғыға сәйкес өрбитіндіктен, жауынгерлік кезекшілікке түсіп, сап түзеп, қолдарына қару алып атыс жаттығуларына қатысатын, тәртіпке баулитын теория сабақтарында конспект жазып, уақыттарының көпшілік бөлігін дене шынықтыру даярлығына жұмсайтын арулардың бірі – капитан Жоламанова Гүлтай Естайқызы. Ол – 68665 әскери бөлімінде Тәрбие бөлімінің мемлекеттік тілді дамыту қызметінің бастығы.

Армиядағы айымдаp

– Негізгі мамандығым мұғалім,- дейді Гүлтай Естайқызы. – 10 жыл мектепте ұстаздық қызмет атқардым. Отбасында атам, әкем, анам да мұғалім. Сол кісілердің жолын қуып, ұстаздықты таңдадым. Ал, жолдасым әскери маман. Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Қабатау елдімекенінде мектепте қызмет жасадым. Әскери адамдардың жұмысын білесіз ғой, тәртіпке бағыну керек. Бір күні жолдасымның қызметі Өскемен гарнизонына ауысты. Бір аптаның ішінде жиналып, отағасы жолға шығып кетті. Әскери қалашықта өңкей қыз-келіншек, бала-шаға ғана қалдық. Көпшілігінің азаматтары қызмет бабымен ауысып кетті. Мектеп басшылығына оқу жылын аяқтап, жұмыстан шығатынымды айтып, ескертіп қойған болатынмын. Күз мезгілі еді. Күйеуімнің жұмысы 150 шақырымдық жерде болды. Шығыстың қысы қатты болады. Ары-бері қатынау оңай емес. Содан отағасы қызметі ауысқан гарнизоннан бір бөлмелі пәтер жалдап, маған хабарласты. «Бір аптаның ішінде жүк камазы барады, жүгіңді тиеп, көшіп келесің»,- деді. Буынып-түйініп, Өскеменге көшіп кеттік. Бұл көштің тек басы екен. Көшіп барғаныма бір жұма да болмаған еді. Ол уақытта ұялы байланыс жоқ. «Тапик» деп айтатын әскери байланыс бар. Телефон шыр ете қалды. Көтерсем жолдасым хабарласып тұр екен. «Тұрсың ба, әлде отырсың ба»,- деді. «Тұрмын» дедім. «Онда отыр» деді. Орындыққа жайғасқаным сол еді: «Бізді Жамбыл облысы, Отар станциясы, Гвардейск гарнизонына ауыстырды, маған бұйрық шығып қойды. Көшуге дайындығыңды бастай бер»,- дейді. Апыр-топыр жиналып, Оңтүстікке аттанып кеттік. Барған жеріміздегі мектепте бос орын жоқ екен. Жолдасым екеуміз ақылдаса келе әскери бөлімге тіл маманы ретінде жұмысқа кіретін болып шештім. 2003-2004 жылдары алғаш Қарулы Күштерге қарасты әрбір әскери бөлімдерге мемлекеттік тілді дамыту қызметі енгізіліп жатқан болатын. Әскери бөлімнің командирі бірден қабылдады. Тағдырдың сыйы дейміз, өмірім өз арнасына ойысып, міне 15 жылдан астам уақыт әскери салада қызмет етіп келе жатырмын. 2005 жылы алғашқы еңбек жолым осылай басталған еді. Отаныма адал қызмет етуге ант беріп, жауапты міндетке кірісіп кеттім.

Капитан Гүлтай Жоламанова биыл жолдасымен отасқанына 20 жыл болатынын айтады. Осы жылдар аралығында қызмет бабымен 10 гарнизон ауыстырған екен. Әскери тілмен айтқанда, барлық ыстық нүктелерде болған. «Үлкен балам алты жылдың ішінде 6 мектеп ауыстырды. Соған қарамастан оқу үлгерімі өте жақсы. Оқу үздігі. Назарбаев мектебін тәмамдап, қазір жоғары оқу орнында мемлекеттік грант бойынша білім алып жатыр»,- дейді кейіпкеріміз.

Армиядағы айымдаp

Гүлтай Естайқызының негізігі міндеті – әскери бөлімде мемлекеттік тілді дамыту, әскери қызметшілерге мемлекеттік тілді үйрету. Жоспарға сай аптасына үш рет сабақ өткізеді. Әскери бөлімдегі кіріс-шығыс құжаттардың мемлекеттік тілде сауатты жүргізілуін қадағалайды. Кейіпкеріміз бұған қоса жауынгерлік даярлығықтың үнемі назарда екенін айтады. Мәселен, саптық дайындық, дене шынықтыру дайындығы, ату дайындығы, қашықтыққа жүгіру, тағысын тағы бәрі өз ретімен.

– Біздің әскери бөлім Құрлық әскерлеріне тікелей бағынады,- дейді капитан ханым. – Жоғары штабтан дабыл түсіп тұрады. Жұмыстан тыс уақытта күн демей, түн демей кез-келген уақытта бізді дабыл арқылы көтереді. Дабыл түскен сәттен бастап, екі сағаттың ішінде әскери бөлімге жетіп, өзіңнің келгенің туралы хабар беріп, қару-жарағыңды қабылдап, сақадай сай тұруымыз керек. Осыған байланысты бір оқиға айтып берейін. Екінші балам бес жаста болатын. Түні бойы ыстығы көтеріліп, ауырып шықты. Парацетамол берем, екі сағаттан кейін қайта көтеріледі. Таңғы 6-да әскери дабыл түсті. Бұл жағдай жолдасыма да қатысты, ол кісі де жинала бастады. Мен баламды уайымдап, қалдырып кете алмаймын ғой алаңдап тұрмын. Енді қайтпек керек деп жолдасыма жалтақтадым. Ол кісі еш ойланбастан «Все перед, по тревоге!» деді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, әскери қызметтің жауапкершілігі бірінші орында тұрады. Баламды бір Аллаға тапсырып, белімді бекем буып, қызметке аттандым. Әскери бөлімге тез арада жеттік. Ол уақытта командирім генерал-майор Алмаз Жұмакеев болатын. Бар ойым қызуы көтерілген баламда. Амал жоқ, беттің арын белбеуге түйіп, не болса да жағдайымды түсіндіріп айтайын деп кабинетіне бардым. Барсам ол кісі орнында жоқ екен. Дабылға байланысты командир бөлімшелерді тексеруге шығып кетіпті. Командир әскери бөлімнің аумағында деген ақпар алдым. Дабыл белгісінде асынатын арнайы сөмкемізді (вещмешок) арқалап, қаруымды қабылдап алдым да қаруластарым сап түзеген қатарға мен де бардым. Тәртіпке сай басшымыз бізді түгендеп, әркімге тиесілі тапсырма берілді. Нұсқауға сай әркім белгіленген ауданға шығатын болды. Баратын жерімді бағытқа алып кетіп бара жатқанда, командиріміз генерал мырза көлігімен келіп тоқтай қалды. Сол бөлімшені тексеруге келген екен. Әскерде субординация деген ұғым бар. Әскери шенге құрметпен қараймыз. Шені жоғары лауазымды тұлғаның алдына албаты бара бермейміз. Ол үшін жүрек керек. Балам үшін жанымды шүберекке түйіп, алдына жүгіріп бардым. Жағдайымды баяндап, айтып бердім. Генерал мырза бірден сөзге келместен, қаруыңды тапсырып, шұғыл балаңның қасына бар деді. Риза болғаным соншалық, жүрегім тулап үйге жеттім.

Армиядағы айымдаp

Капитан Гүлтай Жоламанова отбасында үш бала тәрбиелеп отырған ардақты ана, аяулы жар. Жолдасы Жоламанов Асқар Ахметұлы саналы ғұмырын Отан қорғау ісіне арнаған жан. Артиллерист. 2020 жылы 7 мамырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен генерал-майор атағын алыпты.

«Жолдасым ғұмырының 19 жылын білім алуға жұмсапты. Бүгін қандай жетістікке жетсе, білімі мен еңбекқорлығының арқасында жетті. Әкең секілді білімге құштар, ізденімпаз болыңдар деп үнемі балаларыма айтып отырамын»,- дейді Гүлтай ханым.

Қазақта «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді» деген керемет сөз бар. Гүлтай Естайқызы ең әуелі отбасының ұйытқысы болып отырған ардақты жан. «Кез-келген мықты еркектің артында, ақылды әйел тұрады» деген қанатты сөз Гүлтай ханымдай әскери өмірдің ыстығы мен суығына төзе білетін, талай әскери гарнизонды көрген қайсар қыздарға арналса керек.

– Отағасы генерал-майор шенін алған кезде жолдасымның айтқан бір сөзі маған қатты әсер етті,- дейді Гүлтай Естайқызы әңгімесін әрі қарай сабақтап. – Жан жарым, балаларымның анасы ретінде тек қана алғыс айтамын деген еді бір оқиғаны есіме салып. Гвардейск гарнизонына поезбен көшіп бардық. Қолымызда тек киім-кешек қана. Әскери қалашыққа жеткенімізде, бөлімнің жеке құрамы сапта тұр екен. «Міне нағыз офицер» келе жатыр деп бізді қарсы алған еді. Жатақханадан бір бөлме берді. Асқар Ахметұлы бізді жатақханаға кіргізді де, жүкті есіктің аузына қойып, қызметіне кетті. Ол уақытта гарнизонның қолбасшысы генерал-майор Әлімжан Ерниязов болатын. Келгенін баяндап, дер кезінде хабардар етуі тиіс. Отағасы кері үйге келе жатып, кешкі асты қайдан ішсек болар екен деп ойланып келіпті. Үйге кірсе үй жинаулы, дастархан жайнап тұр. Буы бұрқырап тамақ пісіп тұр. Қапелімді тамақ пісіретін электр пеші жоқ болса да, амалын тауып, бәрін реттеп, 3-4 сағаттың айналасында тап-тұйнақтай етіп қойдым ғой. «Сонда саған таңқалдым, риза болдым» деп еді. Әскерилер арасында сенімді тыл дегеніміз – ол отбасы, тамағы тоқ, көйлегі көк бала-шаға, қолдау білдіретін жар. Күйеуім әркез «Әскери еңбек жолымда қандай да бір жетістікке жетсем әуелі білімім, қызметіме деген адалдығым, сондай-ақ сенің қолдауың мен демеуіңнің арқасында жеттім» деп разылығын білдіріп отырады. Бұл – ең әуелі отбасындағы түсіністік, сыйластық деп білемін. Әжем мен анам ер азаматыңды сыйла деп құлағымызға құйып отыратын. Ерін сыйлау – әйелдің парызы. Ұрпақ өрбіту, бала-шағаны саналы етіп тәрбиелеу, ағайын-туыстың татулығын жарастырып, ынтымағын арттыру – негізгі міндетіміз.

Кіші сержант Жүсіпова Досгүл Ахмедияқызы, 29990 әскери бөлімінің аға радио-телеграфисі.

Кіші сержант Досгүл Ахмедияқызы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер қатарына 2003 жылы келіпті. Қарағанды облысы, Сарань қаласындағы әскери бөлімге құпия бөлімінің бастығы ретінде қабылданған.

Армиядағы айымдаp

– Сол әскери бөлімде 10 жыл қызмет атқардым. 2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Әуе қорғанысы күштеріне қарасты 29990 әскери бөлімінің байланыс торабына аға радио-телеграфист болып жұмысқа кірістім. Бұл лауазым да құпия. Әскери бөлімнің ішкі құжат айналымында құпия құжаттар болады, әскери техника, әскери аппаратуралар бар. Қызметімнің талабына сай ашып айтуға хақым жоқ. Өзім де құпия жанмын,- деп жымиды Досгүл ханым.

Досгүл Ахмедияқызының жолдасы әскери сала маманы болмай шықты. Екі баланың анасы. Келін түсіріп, немере өсіріп отырған жас әже екен.

Армиядағы айымдаp

– Әскери жарғыға сай мен де жауынгерлік даярлық бойынша сынақ тапсырамын,- дейді кейіпкеріміз. – Дене дайындығына байланысты барлық сынақтарды 5-ке тапсырамын. 30 рет отжимание, 30 рет пресс жасаймын. Сынақты ай сайын тапсырамыз, кейде тексеріс келіп қалады. Ондай жағдайда тағы тапсырамыз. Әркез сақадай сай болуымыз керек. Қиыншылықтар жоқ емес, әскери қызметтің өзіне тән ерекшеліктері бар. Бірақ ол біз үшін кедергі емес, әбден үйреністік, осы салаға сіңіп кеттік. 1 жылдан кейін 45 жасымда зейнетке шығамын. Әскери мамандардың әлеуметтік жағдайын қамтамассыз ететін әлеуметтік пакеттер, жеңілдіктері де бар. Оны да естен шығармаған жөн.

Кіші сержант Гүлім Ермағамбетова, Парашюттік мүлік қоймасының бастығы.

Кіші сержант Гүлім Айтмағамбетқызы Қарулы Күштер қатарына 2008 жылы қыркүйек айында келген.

Армиядағы айымдаp

– Байланыс торабына телефоншы ретінде қызметке қабылдандым,- дейді кіші сержант ханым. – Жауынгерлік кезекшілікке атқаратынмын. 2014 жылы менің лауазымым қысқарып, мені Іздестіру-құтқару және парашюттік десанттық бөліміне парашют жинаушы ретінде жұмысқа қабылдады. Мен байланыс торабында істеп жүргенде біздің кабинетке қарама-қарсы сол Іздестіру-құтқару бөлімінің бастығы отыратын. Сол басшыны көрген сайын: «Парашютпен секіріп көру арманым, рұқсат беріңізші, үйретіңізші» деп айтып жүретінмін. «Жақсы, Гүлім» деп үнемі көңілімді көтеріп қоятын. Мені ауыстыратын тұста басшымыз осы кісіге хабарласып, «Біздегі Гүлімді Іздестіру-құтқару бөліміне жұмысқа аласыз ба?»,- деп сұраған екен. «Онсыз да үйренгісі келіп жүретін, бізге келсін»,- депті. Осылайша менің өмірімнің жаңа парақтары ашылды. Парашют жинауды үйрене бастадым. Үш ай бойы өз жұмысыма қатысты дүниенің бәрін оқып-біліп, сынақ тапсыруға мүмкіндік берілді. 3 айдан кейін сынақты практика жүзінде тапсыру оңай болған жоқ. Нұсқаушы әрі бастығымыз өте қатал адам. Қаталдық танытатын да жөні бар, неге десеңіз әскери мамандар біз жинаған парашютпен секіреді. Адамдардың өміріне тікелей жауаптымыз. Парашютті нұсқауға сай дұрыстап, тап-тұйнақтай етіп жинау, әрбір қосалқы бөлшегінің орнында нық орналасуына жауаптымыз. Егер қандай да бір ақау болып, парашют дұрыс ашылмай қалса, қандай да бір кедергі туындаса, жауапкершілігі біздің мойнымызда. Сол үшін талапты бұлжытпай орындау маңызды болды. Әрине ептілік те керек, әрбір бөлшегін жаттап алуымыз керек. Парашютті жинаған кезде бір нәрсені дұрыс істемей қалсам, нұсқаушымыз ағаш сызғышпен саусағымнан ұрып жіберетін. Бастығым парашют бүктеудің нағыз хас шебері, менікі қиқы-жиқы, мүсін жоқ болып шығады. Сонда нұсқаушыма қарап, «Шіркін-ай, қашан сізге ұқсап, жинауды үйренемін» деуші едім. «Тәжірибе керек, үйренесің» дейтін. 1 жылға тақау уақытта үйрендім, толық меңгердім.

Кіші сержант Гүлім Ермағамбетова 31 жасында алғаш парашютпен секірген. Тікұшақтан 700 метрлік биіктіктен секіру үшін жүрек керек шығар?

– Дәл осы саланы таңдағаныма өкінбеймін. Экстремалды спорт түріне жататын парашютпен секіру спорты қызықты әрі қауіптілігімен ерекше. Аспанды бағындыру арманым еді. 700 метр биікіктен секіріп үйрендік. Әуеге көтірілмес бұрын, жердегі даярлық, старттық тексеріс болады. Тікұшаққа мініп, нешінші адам болып ұшатынымыз айқындалады. Алғашқы жолы 4 адам біріміздің артымыздан біріміз секірдік. Нұсқаушылар бізді тікұшаққа ілініп қалмасын деген ниетпен итеріп жібереді. Қазір ойласам алғаш секірігенде менде ешбір қорқыныш болмапты. Секіру керек деген қызығушылық басым болғандай. Ең алғаш парашютпен секіргенде әуеде тыныштықты сезіндім. Айнала мүлгіген тыныштық. Тұп-тұнық көк аспан мені баурап алғандай болды. Күмбез ашылған сәтте динамикалық соққы болады. Ережеге сәйкес алдымен оң жаққа, сосын сол жаққа қараймыз. Басқару тетігін желге қарама-қарсы бұрып, қонуға дайындаламыз. Алғаш ұшқанда өте сәтті қондым. Еш жерім ауырған жоқ, себебі біз жіті дайындалдық қой. «Сәтті қондыңыз» деп нұсқаушылар мақтады,- дейді ол.

Армиядағы айымдаp

Гүлім Ермағамбетованың айтуынша, осы уақытқа дейін ол Д-1-5У оқу-жаттығу парашютімен 52 рет секірген.

– Екінші рет парашютпен секіргенде, бір қызық оқиға болып еді,- дейді кіші сержант ханым. – Үш адам бортқа міндік. Бізден бұрын Аэроұтқыр әскерлерінің сарбаздары секіретін болды. Мен сақадай сай отырмын. Он сарбаз да дайын тұр. Назар салып қарасам, білдіргісі келмесе де қорқып тұрғандарын аңғардым. Осы уақытқа дейін өз басымда мүлде қорқыныш деген болмапты. Бір сәт қандай қауіпке ешбір қорқынышсыз басымды тігіп жүргенімді сезінгенім бар. Бірақ, жігіттер мықты екен, еш қателік жібермей сәтті қонды. Кезегім келіп, секірдім. Нұсқауға сай жоғарыға қарап, күмбезімнің ашылғанына көз жеткізуім керек еді. Қарайын десем, желкемді көтертпейді, бір нәрсе астына қарай тартып тұр. Сөйтсем жібі айналып кетіпті. Еш сасқан жоқпын, бірден әрекетке көштім. Себебі, ондай жағдайда не істеу керектігі айтылып, ескертілген болатын. Күмбезге қарай жалғасқан жіпті екі жағына қарай қозғап, тартып едім айналған жіп орнына түсті. Күмбезім ашылды. Қонуға дайындалдым. Екі аяғым жерге тигені сол еді, сүйретіп алып кетті. 2 шақырымдай жерге сүйреп кетті. Күмбезім сөнбейді, қалай да сөндіруім керек. Біраз арпалыстым, шаршап кеттім де қашанғы сүйрер, әйтеуір бір тоқтар деп қолымды жібердім. Осы сәтті күткендей күмбезім де сөнді. Арасында осындай қызықтар болып тұрады.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі тұңғыш әйел әскери ұшқыш – аға лейтенант Ардана Ботай.

Ардана Ботай бала кезінен ұшқыш болуды армандапты. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін, ол азаматтық авиация академиясының ұшу бөліміне оқуға қабылданады. Практикалық ұшу жаттығуларында 240 сағат әуеде қалықтап, машықтана бастайды. Академияны ойдағыдай бітіргеннен кейін, Ардана әскери қызметке қабылданған. Бастапқыда ол Ұлттық ұланның қатарында әскери қызмет атқарған. АН-26 әскери ұшағын басқаруды сондай үйреніпті. Әскери әуе күштері қатарында ол Ан-26, L-39, Су-30 СМ ұшақтарын тізгіндеуді меңгерген.

Армиядағы айымдаp

(Сурет Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен алынды).

– 2016 жылы Жастар форумында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұшқыш-истребитель болсам деген арманым бар екенін көпшілік алдында айтып берді. Осы шарадан кейін мені Қорғаныс министрлігі әскери қызметке шақырды. Форумның арқасында мен Қазақстанның майдан авиациясына келдім деп айтуға болады,- дейді Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы 610-шы авиация базасының аға ұшқышы аға лейтенант Ардана Ботай.

Армиядағы айымдаp

(Сурет Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен алынды).

Ардананың ата-анасы оның таңдаған мамандығына құрметпен қарап, үнемі қолдау білдіреді. Әкесі де әскери маман, Ішкі істер министрлігінде қызмет жасаған. Кейіпкеріміздің айтуынша, әкесі: «Қызым, өмір бізге бір-ақ рет беріледі, сол себепті жүрегіңнің қалауын тыңда, өзіңе ұнайтын іспен шұғылдан»,- деп айтқан екен. Ардана 12 жасқа дейін жүзу спортымен шұғылданған, карате және кикбоксинг секциясына барған. Жүзумен әлі күнге дейін кәсіби тұрғыда айналысады. Әскери ұшқыш үшін жүзу спорты жарақат алудан сақтануына мүмкіндік берсе, екінші жағынан шымыр болуға әрі төзімділікке үйрететін өте керек спорт. Ардана өзінің қарым-қабілетін сынап көру үшін болашақта халықаралық «Авиадартс» сайысына қатысқысы келеді. Әлемдік деңгейде өтетін ауқымды шарада қазақ елінің намысын қорғау – үлкен мәртебе екенін айтады кейіпкеріміз. Аталмыш байқауда әскери ұшқыштар орындайтын негізгі элементтердің бірі ол – жүзу спорты.  

Армиядағы айымдаp

(Сурет Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен алынды).

Қазақстанның Әскери-әуе күштері қатарында жүрген тұңғыш ұшқыш аруымыз осы уақытқа дейін 500 ұшу сағатын бағындырған.

– Бізге білім берген ұстаздар жақсы маман болу үшін жастың да, жыныстың да маңызы жоқ екенін айтатын. Ұшқыш атты кәсіпті таңдаған жандарға қойылатын талап бір. Қай жерде де мені бөле-жармай бірдей қарайды. Нұсқаушылар қолдау білдіріп, тәжірбиесімен бөліседі,- дейді ол. 

Армиядағы айымдаp(Сурет Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен алынды).     

Кез-келген авиация саласының маманы техникамен терең байланыс орнатады.

– Аспан әлемі бізді өзіне жіпсіз байлап тастайтын тұңғиық,- дейді кейіпкеріміз. – Әр сапар алдында ұшақпен сәлемдесіп, алдыма қойылған тапсырманы бірге орындауға ниеттенемін. Әуе кемелерінің түр-түрі болады, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, артықшылығы бар. Ол үшін бізде ұшақтың әр типін кезең-кезеңмен үйрететін арнайы бағдарлама бар.    

Қазір Ардана Ботай Су-30СМ жойғыш ұшағын тізгіндейді. Болашақта ол эскадрилья командирі болуды армандайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға