Ербол Хамитов діттеген мақсатына жетпей қоймайтын табанды спортшы. Ол 19 жасында аяғынан айырылып қалса да, араға он жыл салып Олимп шыңын бағындырды. Әрі чемпиондық жолына да, өзіне де сенді. Осы орайда талантты пара спортшыдан жүріп өткен жолы туралы сұрадық.
– Ербол, Паралимпиада басталмай тұрып, Threads-та чемпион атанатыныңызды жаздыңыз. Жазып қана қоймай, екі бірдей медаль алдыңыз. Бұл сәйкестік пе, әлде?
– Иә, мен іштей Паралимпиада чемпионы болатыныма сендім. 2019 жылдан бері күнделік жазамын. Бапкерім Антон Жданович күнделік ұстап, бәрін жазыңдар дейтін. Миланға аттанардың алдында күнделігімді ақтарып, өткенге есеп бердім. Сонда 2024 жылы жазда «Паралимпиада чемпионы боламын» деп жазған екенмін. Соны әлеуметтік желіге қайталап жазып қойдым. Сәтін салып, абыройым асқақтады. Әрине, қобалжу болды. Бірақ сын сағатта өзіңді жігерлендіре білуің керек.
– Расымен, қалай қобалжуды басып, жүлдеге ілігуге жол салдыңыз?
– 7-8 наурызда менің оң жамбасыма келетін жарыс түрінен сынға түстім. Бірақ ойымдағыдай нәтиже болмады. Биатлонда нысананы дұрыстап көздей алмағаным психологиялық соққы болды. Негізі, 30 секундтың ішінде көздейтінмін. Тіпті, дайындықта 28-28,5 секундта атамын. Ойымдағыдай нәтиже болмаған соң, көңіл күйім түсті. Әуелде осы додадан төрт медаль еншілегім келген. Оның үстіне Паралимпиаданың чемпионы болсам деген тілек тағы бар. Сөйтіп, 9 наурыз демалыс болса да, жарыстан кейін телефонға да, басқасына да қарамай, кешкі 9-да ұйықтап қалдым. Паралимпиада қалашығында серуендеп жүріп, 2023 жылғы әлем чемпионатын еске түсіріп, «жеңілмейтін спортшы жоқ» деп өзіме жігер бергенім есіме түсті. Олар да өзім сияқты спортшы екенін, бұйырған кетпейтінін ойлап, шабыттандым. Сөйтіп, алдымен қола, артынан алтын медаль алдым.
– Психологиялық дайындыққа тоқталдыңыз. Осы орайда аяқтан айырылғаннан кейінгі спортқа қайта оралу туралы айтып беріңізші.
– Бала кезімде футболшы болуды, өсе келе UFC чемпионы болуды армандадым. Арманым бір күннің ішінде аяқасты болды. Ұзақ уақыт өзімнің мүгедек екенімді мойындамадым. Психологиялық тұрғыдан қабылдау қиын болды. Петропавлдағы спортшылар мені жақсы танитын. Бір жылдай балдақпен жүргенде адамдардың мүсіркей қарағанына іштей мүжілетінмін. Оның үстіне мүгедек екенімді мойындап, олармен бірге жаттығу жасағым келмеді. «Дені сау спортшылармен бірге өнер көрсетемін» деп айтып, тіпті солармен бірге жарыстарға қатыстым. Расын айту керек, бейімделу үшін бір жыл уақыт кетті. Сонда менің ішкі күйімді түсінген ММА федерациясының президенті Сергей Веселовқа алғыс айтамын. Мені өздерімен бірге шетелдегі жаттығу жиынынан қалдырмады. Бірде маған Веселов «бәрі қолымнан келетінін» айтып, арқамнан қағып, параспортқа жол көрсетті. Жаңа мүмкіндік ашылып, биік белестерді бағындыратыныма сендірді. Кейіннен параспортқа келіп, белгілі параспортшылар Александр Колядин мен Александр Герлицпен таныстым. Спорттың арқасында өзім қалағандай протезге де қол жетті. Тәлімгерлерімнің арқасында биатлон және шаңғы жарысымен айналыса бастадым. Отбасыма ары қарай тоқтамай, пара спортпен айналысатынымды айтқанда қатты қуанып, қолдады.
– Бірнеше спорт түрімен шұғылданғаныңызды білеміз. Неліктен биатлон мен шаңғы спортын таңдадыңыз?
– Аяғымнан айырылып қалған соң, өзіме қозғалыс керегін білдім. Жақсы протез болса, жүгіруді қаладым. Грэплингпен қатар алып жүруге ыңғайлы спорт түрін таңдағым келгені тағы бар. Одан бөлек, маған пауэрлифтинг пен ядро лақтыруды ұсынды. Жеңіл атлетикаға аңсарым ауғаны рас. Оның үстіне паралимпиада чемпионы Генрих Поповқа қарап қызығатынмын. Сөйтіп жүргенде алғаш рет шанаға отырдым. Бірден бала кезім еске түсті. Екі таяқтың көмегімен биіктен сырғанайтынбыз. Сондағы адреналин әлі есімде. Шанадан тік тұрып та, отырып та сырғанап көрдім. Осылайша, өзіме керек спорт түрін таптым.
– Қалай жаттықтыңыз? Қандай да бір қиындықтар болды ма?
– Бастапқыда құрал-жабдық турасында қиындық болған. Кейін мәселе шешілді. Жетістікке жету үшін өзімді көп нәрсемен шектедім. Жаттығулар жыл он екі ай бойы тоқтамайды. Жазда жаттығу аздап қиынға соғады. Арнайы дөңгелегі бар шаңғы тәріздес құрылғымен жаттығамыз. Жаттығып жүріп Паралимпиада, әлем чемпионы болуды армандадым. Тәжірибе жинау үшін жаттығудан бөлек, белгілі пара спортшылардан кеңес сұрадым. Ағылшын тілін жақсы білмесем де, аудармашымен болса да өзге елдің пара спортшыларымен байланысқа шығуға тырысамын. Әсіресе, Германиядағы пара спортшылармен сөйлесемін, кеңес аламын. Осы әдет маған ары қарай өсуге көмектесті.
– Иә, бірнеше жерде пара байдарка мен пара каноэде есуден жазғы Паралимпиада ойындарына жолдама алуды көздейтініңізді айттыңыз.
– Бұл ой маған осыдан екі жыл бұрын келген. Өйткені өзім айналысып жүрген қысқы пара спорт түрі пара байдарка мен пара каноэ спортына ұқсас. Сондықтан нәтиже шығара аламын деп ойлаймын. Бірнеше дүркін Паралимпиада чемпионы болғым келеді. Оның үстіне жазғы және қысқы пара спорт түрінен қатар бақ сынаған америкалық, британиялық спортшыларды танимын. Сондықтан өзімді сынап көргім келеді.
– Чемпионды елі барынша демеп, төбесіне көтеріп жатыр. Астанадан пәтер бергені тағы бар. Осы орайда елордаға түбегейлі көшу ойда бар ма?
– Қазір екі қаланың ортасында жүрмін. Солтүстік Қазақстан облысы маған барын берді. Спортшы ретінде болашағым барына сенді. Маған қыруар қаржы бөліп, стипендия төледі. Аяғыма озық үлгідегі протез алып берді. Егер чемпион болған соң, елордаға көшіп кетсем, азаматтығыма сын емес пе? Сондықтан әзірге ондай ойым жоқ. Осы тұста айтарым, пара спортқа бет бұрған соң, елордаға келіп, Паралимпиадалық орталықта дайындалдым. Сонда әпкемнің үйінде тұрамын. Ақшам жоқ, тіпті автобусқа төлейтін тиын таппай қаламын. Үйге азық-түлік әкеліп, пәтерақыны бөлісіп төлей де алмаймын. Әпкем ешқашан маған артық сөз айтқан емес, үнемі қолдады. Бүгін осы биікке жетсем, кешегі әпкемнің маған көрсеткен кеңпейілінің арқасы деп білемін.
– Жеке өміріңізді жариялай бермейсіз. Әлгі оқиғадан кейін көбі сізді тастап кеткен қызға өкпелі...
– Иә, бұрын болған оқиға көптің есінде қалыпты. Жүрген жерімде осы сұрақтың жауабын алғысы келеді. Ол қызбен қарым-қатынасымыз сонда-ақ үзілген. Араласпаймын. Әрі оның жеке өмірін талқылағым келмейді. Қазір өзімнің сүйген жарым бар, үйленгенмін. Қарапайым отбасынан шыққанмын. Мотиваторым – ата-анам, әжем, жарым. Солар үшін барынша жетістікке жеткім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!