Жаңалықтар

Арманы асқақ теңізші

ҚР Әскери-теңіз күштері қатарындағы жалғыз әскери теңізші қыз кім?
21.07.2015 10:00 9535

Толқыны жан тербеген сұлу Каспий талайды өзіне тәнті етіп, ынтықтыра берері сөзсіз. Біз бүгін толқыны тентек Каспий теңізіне ғашық ару Жанар Ибраева туралы сөз қозғамақпыз. Әскери-теңізшілердің бел ортасында  ерлермен иық тірестіре жауапты міндет атқарып жүрген теңізші қыз – Жанардың армандары асқақ.  

Жанар – 29011 әскери бөлімінің Әртекті кемелер дивизионында қызмет ететін жалғыз қыз. Ол – Ақтөбе өңірінде дүниеге келген. Жоғарғы оқу орынын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған аруды «теңізші болсам» деген арман әскери салаға жетеледі. 2011 жылы Астана қаласындағы  ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшылығына қызметке орналасады.

Арманы асқақ теңізші

– Қолбасшылықта қызмет атқарып жүрген кезде жауынгерлік кезекшілікке түсеміз ғой,- деп бастады Жанар әңгімесін. – Кезекшілік барысында Ақтаудағы әскери бөліммен байланысқа шығып, кемелер туралы ақпарат аламыз. Міне, менің әскери-теңізші болсам деген түбегейлі мақсатым осы кезде пайда болды. 10 айдай қызмет еткеннен кейін, буырқанған теңіз толқындарын көзбен көріп, жүрекпен сезіну үшін Маңғыстау өңіріне қызмет бабымен ауысып келдім. Өмірімнің ең қызықты  сәттері осы кезден бастау алды десем болады. Себебі, мен келісімен 6 айға Орал қаласына іссапарға аттанып кеттім. Зауыттан шыққан жаңа кемені суға түсірдік. 6 ай бойы кемелердің характеристикасын жаттадық. Жаңа кемелердің іші жақсы жабдықталған, маған бірден ұнады. Менің алғашқы сапарым мен үшін сынақ болды. Бірден ортаға сіңісіп кету үшін барынша тырыстым.    

Арманы асқақ теңізші

Жанар – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің шекарасын күзететін «Орал» кемесінде байланысшы болып қызмет атқарады. Жанардың қарулас достары-әріптестері экипаж құрамындағы  30 әскери-теңізші «арпа ішіндегі бір бидай» болған нәзік жанды барынша құрмет тұтады. «Кілең ерлермен  қызметтес болу қиын емес пе?»,-деген сауалымызға Жанар: «Басында теңіз айдынына аттанар сәтте сәл қобалжығаным рас. Алайда уақыт өте келе үйреніп алдым. Ең бастысы мен өзімнің қызмет орынымда міндетімді жауапты атқарсам болды деген мақсат қойдым. Біздің ұжымның басты ұстанымы – ұйымшылдық, ауызбірлік. Біз бірлікті ту еткен ұжымбыз»,- дейді.  

Арманы асқақ теңізші 

– Жанар, әйел бақыты деген ұғымды қалай түсінесің?

– Әйел бақыты – отбасында деп ойлаймын. Өмірге бала әкелу, саналы ұрпақ тәрбиелеу тағысын тағы. Алайда, бүгін-ертең тұрмыс құрсам деген ойым жоқ. Ең әуелі мақсаттарымды бағындырып, арманыма қол жеткізгім келеді.

– Әскери-теңізші болуыңа ата-анаң қарсы болған жоқ па?

– Қарсы болды. Әлі күнге дейін қарсылық білдіреді. «Теңізге қалай барасың, ерлердің ісімен айналысу сен үшін қиын болады» деп құп көрмейтіндерін айтты. Күні бүгінге дейін теңізге аттанып барамыз десем,  мен теңіз айдынан қалаға оралғанша жанын шүберекке түйіп отырады. Мен үшін алаңдайды. Бірақ өзіме ұнағандықтан осы мамандықты жаныма серік еттім. Болашақта да қызметімді жалғастырсам, Әскери-теңіз күштерін көркейтуге үлесімді қоссам деп армандаймын.  

– Теңізшілер романтик болады деген пікірге келісесің бе?

– Мен романтик болған соң осы салаға бет бұрдым. Бала кезімнен ресейлік теңізшілер туралы кино картиналарды көп қарадым. Кино кейіпкерлерінің әскери формасына қатты қызығатынмын, «мен де сондай болсам деп армандайтын едім». Корабль, саяхат туралы кітаптар көп оқыдым. Мәселен  2009 жылы мамыр айында шыққан Борис Акуниннің  «Сокол и Ласточка» атты романын үлкен қызығушылықпен оқыдым. Бұрындары «Кемеде әйел адам болмауы керек, болса бақытсыздыққа душар боласың» деген ұғым болған екен. Осы бір жазылмаған «заң» аталмыш романда да айтылады. Кейіпкер Эпин-Летиция ер адамша киініп, теңізге шығады. Ол осылайша қазына іздеуге аттанып, соңында өз махаббатын кездестіріп, мұратына жетеді.

Арманы асқақ теңізші

Теңізшілер арасында дәстүрге сай қатарға қосылған теңізші айдынға шыққан соң  теңіз суын ішеді. Тұзы басым теңіздің кермек суын ішу тұрмақ, ауыз тиюдің өзі қиын болса да «тәртіпке» сай Жанар да ішіпті.

Жуықта Әскери-теңіз күштерінің әскерилері ашық теңізге шығып, «жеке кемемен теңіз ұрысын жүргізу» жаттығуының шеңберінде тактикалық сценарийге сәйкес кемеге шартты түрде әуеден және катерден шабуылға  тойтарыс берген еді. Мұндай оқу-жаттығулар Жанар үшін таңсық емес. Әскери ортадағы басты талап – жауынгерлік даярлық болғандықтан экипаж мүшелері қашан да сақадай сай.

Арманы асқақ теңізші

Биыл Қазақстанның әскери кемелері алғаш рет бүкіл Каспий теңізін аралап, мүмкіндіктерін көрсетті. Экипаж мүшелері көк айдында сегіз күн бойы түрлі оқу-жаттығу өткізген еді. Қуатты отандық кемелеріміз алғаш рет Каспий теңізін аралап, Иран, Түрікменстан елдерінің шекараларына барып қайтты. Жаттығу алаңдарында әрқайсысы 6 мың аттың күшіне тең келетін артиллериялық кемелерден оқ атылып, зымырандар ұшырылды. Сумен, отпен және лаңкестермен күрес түрлері көрсетілді. Осы экипаждың құрамында Жанар да кәсіби шеберлігін шыңдап қайтқан болатын. 

P.S.Әскери-теңіз күштері қатарында әскери қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектер көп. Алайда, Жанар - айлап, апталап теңізге ұзақ сапарға аттанатын жалғыз теңізші қыз. Жанардың қызметінің өзгеге ұқсамайтын ерекшелігі мен өзгешелігі де осы.    


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға