Жаңалықтар

"Арманның екінші өмірі жалғасқанын қалаймыз". Арман Дүйсеновтің әйелі үндеу жасады

"Арманның екінші өмірі жалғасқанын қалаймыз". Арман Дүйсеновтің әйелі үндеу жасады
Фото: instagram.com/arman_duisenov_official 20.12.2023 11:00 1308

Танымал композитор Арман Дүйсеновтың дүниеден өткеніне бір жылға жуық уақыт өтті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі..

Марқұм композитордың әйелі қалың көпшілікке үндеу жасап, оның парақшасын жаңғыртуды жөн көргенін мәлімдеді.

Ардақты ағайын! Біздің әулетіміздің ғана емес, тұтас елдің сүйікті перзентіне айналған Арман Дүйсеновтей азаматтың дүниеден көшкеніне жылға толуға айналды. Осы бір жылдың біздің отбасымыз үшін қаншалықты мұңлы, қаншалықты ауыр болғанын айтып жеткізу қиын. Әкесін іздеген ұл-қызыңның жәудіреген жанарына шарасыз күйде қараудан ауыр не бар? Осы қайғыны жан-жүрегімен сезініп, біздің қайғымызды бөліскен қалың жұртқа Алла разы болсын! Мұндай сынақты енді ешкімнің басына бермесін, -  деп жазды ол.

Ендігі осы парақшада композитордың әндері, композициялық шығармалары жарияланбақ.

Арманның асыл бейнесі, аңқылдаған ақ жүрегі, әсем әндері талайдың жанын баурағаны сөзсіз, оны елдің іздейтіні де содан болса керек. Оның әлеуметтік желідегі парақшасын өшірмеуімізді, қайта оны тұрақты жүргізуімізді өтініп сұраушылардың да қарасы қалың. Арманның екінші өмірі жалғасқанын, оның елімен бірге жасағанын біз де қалаймыз. Сондықтан, Арманның әлеуметтік парақшасын қайта жаңғыртқанды жөн санадық. Мұнда Арманның әндері, композициялық шығармалары, жасаған бағдарламалары жарияланады. Бұл жұмыстарға сіздердің де көмектеріңіз тиеріне сенеміз. Осылайша Арманның асыл бейнесі бәрімізбен бірге жасайтын болады. Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, - деп жазды әйелі марқұмның Instagram парақшасында.

Айта кетейік, осы жылдың қаңтар айында Қазақстанға есімі белгілі Арман Дүйсенов мезгілсіз қайтыс болған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға