Жаңалықтар

Армандар ұмтылған кезде ғана орындалады

Армандар ұмтылған кезде ғана орындалады
25.07.2018 05:58 4435

Жастар саясаты тәуелсіз Қазақстан елінің басты басымдықтарының бірі. Бүгінде еліміз жастарға айрықша көңіл бөлудің нәтижесінде жоғары білім алып, еңбек ету баспалдағына даңғыл жол салып берді. Бұл да болса, мемлекеттің жас буынға деген қамқорлығы болса керек.   

Жастар қай салада да бағын сынап, өз ойын еркін және ашық білдіре алады. Сол арқылы саяси және экономикалық табысқа қол жеткізген жастардың қатары көп. Жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Сондықтан да, елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда.

Елбасы ұсынған маңызды саяси құжаттар болашаққа бағдаршам болды. Бұл — еліміздің саяси, экономикалық, мәдени, халықаралық деңгейін жоғарылатып, үлкен белестерді бағындырудың нақты қадамдары. «Қазақстан – 2030» стратегиясында жоспарланған 50 ел қатарына мемлекетіміз мерзімінен бұрын аяқ басып, өз алдына жаңа міндеттерді айқындады.

Елімізде әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақталғандығы айқын көрініс табуда. Жастар – келешегіміздің негізі ретінде өз білімімен, жасампаз еңбегімен және күш-жігерімен өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктерін меңгеру қажет. Ол ХХІ ғасырда Жаңа Қазақстанның — дамыған, бәсекеге қабілетті және әлемдегі сыйлы мемлекетті қалыптастыруды белсенді жалғастыруы тиіс. Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға арналған тұжырымдамасының миссиясы осында жатыр.

Тұжырымдама Қазақстанды дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясының, Қазақстан Республикасы дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарының, үдемелі индустриялық инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі ережелеріне жауап береді және Мемлекет басшысының Қазақстан халқы ассамблеясының ХІХ сессиясында, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында берген тапсырмаларға сәйкес әзірленді.

Жастарды жұмыспен қамту мәселесі мемлекеттің қазіргі жетістіктері Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан саясатының нәтижесі екені белгілі. Себебі, елімізде қазіргі таңда әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақталғаны белгілі. Мәселен, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан, мемлекет жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасаудың барлық шараларын қолдануда. Мысалы, студенттерге жол ақысының жеңілдігінің қолданылуы, еліміздегі жас азаматтар мен жас отбасыларды жеңілдікті ипотекалық несиелеу, жас мамандарды жұмыспен қамтудағы жеңілдіктер, ауыл жастарына берілетін көпсалалы квота, ауылға барған жастарға көтерме көмектер, жетім балаларға және мүгедек жандарға көсетілетін көмек түрлерін атап өтуге болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды. Президент жыл сайынғы жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша бірнеше іргелі тапсырмалар беріп жүргені белгілі. Жастар саясатын жүзеге асыру елді жаңашылдыққа, интеллектуалды бәсекелестікке жетелейді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Кез келген ел өз келешегін болашақ ұрпағымен байланыстырады» деген болатын. Сондықтан, жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі елімізде басты назардағы мәселе екені белгілі. Осы түйткілді жою үшін елімізде «Дипломмен – ауылға», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Жасыл ел» жобалары, т.б. бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр. 

Қазақстан Президенті жастар қазіргі уақытта ұсынылып отырған мүмкіндіктерді пайдалануы қажеттігін айтты. «Біз заманауи білім беру жүйесін, зияткерлік мектептер, Астанада халықаралық университет аштық. Жыл сайын мыңдаған студентті әлемнің үздік университеттеріне жібереміз. Өмірдегі ең басты нәрсе — білім, жоғары кәсібилік және өз Отаныңа адалдық, мен сіздерді осыны есте ұстауға шақырамын. Сіздерде зор күш-қуат пен шығармашылық әлеует бар. Осының бәрін өмірлеріңіздегі ең басты мақсатқа жетуге бағыттаңыздар», — деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев біздің ел жастардың әлеуетін дамытуға және жүзеге асыруға қажетті жағдайлар жасалып жатқанын тілге тиек етті. «Жасыл ел» арқылы жарты миллион қазақстандық жас жұмыспен қамтылған. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында жас отбасыларға 3,5 мыңнан астам пәтер берілді. Бұл жұмыс әлі жалғасады. 2017 жылдан бастап әрбір орта мектеп түлегі мемлекет есебінен алғашқы мамандығын меңгеріп шығатын болады. Жаһандық дағдарысқа қарамастан, біз барлық ресурсты еңбек адамын қолдауға бағыттаймыз. Бұл біздің экономикамыздың дамуы үшін мультипликативті әсерді қамтамасыз етеді, қазақстандықтар үшін қуатты «әлеуметтік саты» қалыптастырады және жастардың игілігін арттырады», — деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы бүгінде елімізде жолдар салынып, индустрия дамытылып, жаңа жұмыс орындары мен инновациялық кәсіпорындар ашылып жатқанына назар аударды. «Сіздердің тың идеяларыңыз бен жастық жігерлеріңізді қажет ететін жүздеген, мыңдаған жұмыстар бар. 200 мыңдық сарбазы бар «Жасыл ел» акциясы нағыз ерлік болды, олар 10 жылда 115 мың гектар аумақта 50 миллион ағаш отырғызды. Осы игі миссияны жалғастырып, Қазақстанды жасыл әрі болашақ ұрпақ үшін таза өлкеге айналдыру керек. Сіздер Универсиада мен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу ісіне белсене қатысатындарыңызға сенімдімін. Осының бәрі сіздер үшін, сіздердің болашақтарыңыз бен еліміздің болашағы үшін жасалуда. Жастарымыз мемлекет қамқорлығына үздік оқумен, спорттағы және шығармашылықтағы табыстарымен, Отанына қызмет етуімен жауап береді деп сенемін», — деді Елбасы.

Еліміздегі барша жастарға сөз арнаған Президент Н. Назарабаев: «Сіздер — елдің болашағысыздар. Сіздер мен біздің ұлы мақсатымыз бар. Армандар ұмтылған кезде ғана орындалады. Қазақстан ХХІ ғасырда қуатты әрі өздеріңмен бірге өркендейтін ел болуы үшін сіздердің күш-жігерлеріңіз, ынтымақтарыңыз, табандылықтарыңыз бен таланттарыңыз жеткілікті екеніне сенемін», — деді жастарға үміт артып. 

Қазақстан Президентi инновациялық әлеуетi дамыған қуатты елге айналдыруда жастардың ересен еңбек етуiнiң маңызы басым, олардың толысқан тәжiрибесi бар маман болуда арнайы кәсiби техникалық бiлiмдi игерудiң мәнiсi зор, себебi, келешек иесi жастар екенiн ерекше толғаныспен жеткiздi. Оны жүзеге асыру мақсатында мемлекет қолдан келер барлық мүмкiндiктi қарастырып жатқаны да рас. Яғни, биылдан бастап жастар тегiн кәсiби және техникалық бiлiм алуға мүмкіндік алды. Бұл — ел тарихында жастар үшiн жасалған үлкен мүмкiндiк. «Балам дейтiн ел болмаса, жұртым дейтiн бала қайдан болсын» деген. Елбасының қолдауымен жүзеге асатын бұл игi бастама қазақстандық жастарды келешекте игiлiктi тiрлiк тындыруға, талай тың дүниелердi ойлап табуға бастайтын даңғыл жол.

Әрине, бұл мәселеде әлемдік тәжірибе де ескерілгені белгілі.  Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатын жаңғырту барысында шетелде аса жетістікпен қолданылып жүрген тәсілдер мен амалдарды қолдану артықтық етпейді. Халықаралық тәжірибені талдау нәтижесі Еуропа, ТМД, Америка, Жапония, Қытай, Үндістан және Түркия елдерінде жастар саясатын іске асыру мен әзірлеудің әртүрлі тәсілдерінің бар екендігі туралы көрсетті. Барлық елдерде жастар саясатының басты мақсаты — жастардың қоғамда шиеленіссіз ықпалдасуы мен өзін-өзі дамытуын арттыруға ықпал ету.

АҚШ тәжірибесі жастардың шешім қабылдауға ықпал ету деңгейін арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында өзін өзі басқару органдарын дамыту көрсетілген. Сонымен қатар, олар қажетті әлеуметтік, мәдени, коммуникациялы, басқарушы дағдыларды алу мүмкіндігін де береді. АҚШ-та жастар саясатының бағдарламалары мен жобаларын іске асыруға мемлекеттік-жеке серіктестің үлгісінде жеке қайырымдылық ұйымдарын, коммерциялық секторларды тарту тетіктері белсенді енгізілген. Жастар саясатын іске асырудың жапондық тәсілдерінің негізі мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың бірлескен өзара тиімді іс-қимылы мен араларындағы жауапкершілікті нақты бөлу. Арнайы жастар орталықтарының, бюролары мен қызметтерінің жұмыс істеуін мемлекеттік тұрғыда қамтамасыз ету әдістері кең қолданысқа ие.

Ал, Түркияның ірі қалаларында да ақпараттық және мәдени жастар орталықтары, Германияда жастар ақпараттық консультативтік бюросы қызмет етеді. Португалия мен Испанияда жастарға әлеуметтік көмек көрсетудің қоғамдық-мемлекеттік қызметі енгізілген. Швецияда соңғы жылдары мемлекеттік органдардың қызметін тұжырымдау мен шешім қабылдау кезеңінде үйлестірумен айналысатын арнайы құрылым қалыптасқан. Сол сияқты Ресейде жастар саясатын іске асыру әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси бағыттар бойынша ірі жобалар жүйесі арқылы жүргізіледі. Соңғы жылдары федералдық және өңірлік деңгейде жастар саясаты басқармасы құрылымы нығайтылған.

Жaстарға білім беру саясаты бойынша еліміздегі жоғары оқу орындары қазіргі кезде аса жауапты кезеңді бастан өткізуде. Біздің елімізде білім беру жүйесін реформалау мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналды. Өйткені, білім беру саясатымыздың ұлттық басымдықтарының бірі болып есептеледі. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қазақ халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсаттарын негізге ала отырып, басты міндеттер жоспарланды. 1997 жылы ҚР-ның Президенті Н.Назарбаев ұсынған «Қазақстан – 2030» даму стратегиясында Елбасы 33 жылға бағытталған құжатта әлемдік тәжірибені ой елегінен өткізіп, Қазақстанның сан ғасырлық тарихы мен тағдырын ескере отырып, оның геосаяси, территориялық, демографиялық ерекшеліктерін назардан тыс қалдырмай, ұзақ мерзімді басымдылықтарды анықтады, таяу болашақта алатын межелерді белгіледі.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекетіміздің құқықтық іргетасын қалыптастыру, ішкі және сыртқы дербес саясатымызды белгілеу, халықаралық қоғамдастықтағы орнын айқындау, нарықтық экономикалық қатынастарды дамыту міндеттері алға қойылған болатын. Осындай ауқымды міндеттерді іске асыруда мамандар тапшылығы сезілгені шындық. Елімізге әр саланы терең білетін, осы заманғы біліммен қаруланған, көкейінде отаншылдық рухы маздаған, уақыт талабына сай білімді мамандар қажет болды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5-ші қарашада «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы жарлыққа қол қоюы осы талап үдесінен туындады. Бұл құжат дарынды, үздік оқитын жастарға шетелдердегі алдыңғы қатардағы жоғарғы оқу орындарында білім алуға мүмкіндік береді. Тәуелсіздік таңы жаңадан атып, экономикасының тамырына енді ғана қан жүгіре бастаған ел үшін, әсіресе, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында бұл батыл шешім болды. Жастарын шетелдерде оқыту туралы арнайы бағдарлама қабылданған қазақстандық тәжірибені кейіннен әлемдегі бірқатар елдер де пайдалана бастады. Жыл сайын осы бағдарлама бойынша 3000 студент шетелдерде білім алады. «Болашақ» стипендиаты тек бір өзі ғана жалғыз маман болып қалмай, алған білімінің елімізде қанат жаюына ат салысатын, білгенімен бөлісуге және үйретуге, әріптестеріне қол ұшын беруге асығатын азамат болғаны жөн. «Болашақ» бойынша білім алған әрбір жас ел сенімін ақтауға ұмтылғаны абзал. Қазіргі кезде «Болашақ» бағдарламасы әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға қызығушылық танытқан әлеуметтік жағынан әртүрлі отбасының балаларына жол ашып отыр. Сондай-ақ, жетім балалар да осы бағдарлама бойынша білім алуда. Қоғамның әрбір талантты азаматы үшін өзінің талабына сай білім алуға құқығы бар. Мемлекет басшысы 2008 жылы «Болашақ» бағдарламасымен оқыған жастардың форумында сөйлеген сөзінде «Интелектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобасы туралы идеяны ұсынып, жас ұрпақты бәсекелестікке бейім етіп тәрбиелеу, білім сапасын арттыру мәселесін көтерді. «Интелектуалды ұлт – 2020» жасампаз идеясы жас ұрпаққа Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына жеткізуде үлкен сенім артылатынын атап өтті. Қазақстан соңғы 15 жыл бойы ұдайы жоғары қарқынмен дамып келеді. Сол себепті болашақтағы басты міндет қол жеткен экономикалық даму жетісіктерін төмендетіп алмау болмақ.

Жастар саясаты — ел ертеңін айқындайтын басым бағыт. Жастар саясаты жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға негізделген. Мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаттарының бірі — еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына үлес қосуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тәрбиелеу. «Мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беруі тиіс. Ол жастар өмірдегі өзінің жеке табысын іздей отырып, жақындары, өз халқы және Отаны үшін жағдай туғызатын азаматтар болуы тиіс. Мен біздің жастарға сенемін», —деген Елбасы Н. Назарбаевтың сенім үдесінен шығатын жас толқын барда —  болашақ жарқын, келешек кемел.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясыпорталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға